Бұрын ауыл халқы мал терісін тиянақтап жинап, арнайы қабылдау орындарына тапсыратын. Одан түскен азды-көпті қаржыны шай-пұлына жарататын. Осы бір үрдіс жаңа ғасырдың алғашқы жылдарына дейін жалғасқаны белгілі. Одан кейін мал терісі кәдеге жараудан қалды да, ауыл-ауылдың іргесінде үйіліп жататын болды. Бәлкім, біздің елдегі тері өңдеу ісінің тұралау кезеңі де осы кезден басталған шығар. Ал қазір бұл саланың жағдайы тіпті нашар.
Өткен аптада тері өңдеу мәселесін Мәжілістің жалпы отырысында көтерген депутат Юрий Жулин саладағы біршама кемшілікті ашық айтты. Оның дерегіне сүйенсек, елімізде жыл сайын шикі терінің тек 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады. Осының бәрін кәдеге жаратқанда шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс тапқандай екен. Бірақ олай болмай тұр. Бұл аздай ауыл іргесінде тау-тау болып үйіліп жататын мал терісі елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды да ушықтыра түсуде.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл тұрғындары былғары шикізатынан айтарлықтай ақша табатын еді. Алайда 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары кәсіпорындарын қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салынды. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Бүгінде кәсіпорындардың жүктемесі қуаттылықтың үштен біріне де жетпейді. Олардың саны да азайды, – деді Юрий Жулин Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Үкіметтің экспортқа салынған тыйымы саланы терең нокаутқа жіберді. Мұны депутаттар да, кәсіпкерлер де мойындап отыр. Терінің көптігінен оның бағасы өзіндік құнның деңгейіне дейін төмендеп кетті. Өңірлердің көбінде тері жинау тоқтатылды. Себебі мұндай іспен айналысу тиімсіз.
– Сондықтан былғары өңдеу саласын қолдау керек. Бірақ мұны шаруалардың есебінен жүргізуге болмайды. Үкімет тері экспортына салынған тыйымды алып тастады. Алайда оның орнына экспорттық баж салығын енгізді. Сыртқа сатылатын терінің әр тоннасына 200 еуро төлеу керек. Фермерлер үшін бұл да шектеудің бір түрі емес пе?! – дейді Мәжіліс депутаты.
Тері өңдеу ісінің бағы неге жанбады десек, бұл сала екі мекемеге қарайды екен – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Мәселенің бір ұшы осында жатыр. Осы күнге дейін онымен нақты ешкім айналыспаған. Екі мекеме жұмысты бір-біріне сілтеп келеді. Салдарынан шикізат көлемі шамадан тыс өсіп кетті. Сөйте тұра кәсіпорындардың жүктемесі тым аз. Шетел нарықтары да игерілген жоқ.
– Мысалы, Қытай теріні АҚШ пен Аустралиядан импорттауда. Ал біздің шаруалар далаға лақтырып отыр. Осылайша, қосымша табыстан қағылуда. Сондықтан бұл мәселені реттеу керек. Бұл үшін тері өңдеу ісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне басы бүтін берілуі тиіс. Сондай-ақ ауылдықтарды тері жинауға ынталандыратын шаралар қабылдау керек және жер-жерде арнайы пункттер ашылуға тиіс. Бұған қоса өңделмеген теріге арналған экспорттық баж салығының күшін жойған дұрыс, – дейді Ю.Жулин.
Бұл мәселе мал шаруашылығымен айналысатын өңірлер үшін өте өзекті. Ақмолалық кәсіпкер Табылды Кезекбаев жылқының, ірі қара мен ұсақ малдың терісін қоқысқа лақтыруға мәжбүр екенін жеткізді.
– Бұрын тері тапсырып аз да болса қосымша табыс табатын едік. Қалаға барып-қайтқан жол-пұлымызды осылай ақтап алатынбыз. Бірақ былтырдан бері теріні өткізу машақатқа айналды. Қабылдау пункттері көбінесе жабық тұрады. Қабылдаған күннің өзінде килосына 40 теңгеден береді. Сонда шығатыны тиын-тебен ғана. Әрине, бұл ақшаға байып кетпейміз. Бірақ тері мен жүнді қабылдайтын орын болмағандықтан ауылдардың айналасындағы санитарлық жағдай нашарлай түсті. Қоқыс шығаратын орынға апарып төккенімізбен, жаз бойы жаман иіс мазаны алады. Көмген теріні аң-құс қопарып жер бетіне шығарып тастайды. Мұны реттемесе болмайды, – дейді Т.Кезекбаев.
Руслан Шодиев қой шаруашылығымен айналысады. Тиісінше, ай сайын ондаған бас малды сойып, етке тапсырады. Бірақ тері мен жүнді қоқыс жинайтын орынға апарып төккеннен басқа амалы жоқ.
– Тері мен жүнді кез келген жерге апарып тапсырар едім. Қабылдайтын орын жоқ. Бұл менің басымдағы мәселе ғана емес, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің бәріне ортақ. Жергілікті билік өкілдері мұндай мәселенің бар екенін жақсы біледі. Алайда әлі күнге нақты шешу жолдары ұсынылмаған. Өйткені Ақмола облысында тері мен жүнді қайта өңдейтін кәсіпорын жоқ. Бұл сала субсидияланбайды да. Нарықтың сұранысы тым төмен. Бағаның арзан болатыны да сондықтан. Жұмыс істеп тұрған тері зауыттары елдегі шикізаттың сапасы нашар деген уәж айтады. Сондықтан олар теріні сырттан импорттағанды құптайды. Бұл жергілікті өнімге деген сұранысты азайтып отыр, – дейді Р.Шодиев.
Сөйтсек, былғары, қой терісінің үлбірі, елтірі, тері-жүн шикізаты сібір жарасына қатысты зерттелуі керек екен. Бизнес субъектілері мұндай зерттеулерді Республикалық ветеринариялық зертхананың жергілікті жерлердегі филиалдарының базасында жүргізіп келген. Тек 2021 жылғы 25 мамырдан бастап бірқатар аймақтың облыстық және өңірлік зертханалары сібір жарасына қатысты зерттеулер жүргізуді тоқтатты. Осы бір жағдай бизнестің дамуына кері әсерін тигізген. Салдарынан отандық кәсіпорындардың жүктемесі азайып, республиканың экспорттық әлеуеті төмендеген.
Арқалық қаласында былтыр ашылған тері өңдеу зауытының директоры Ержан Салиховтың айтуынша, саланың дамуына коронавирус пандемиясы да кері әсерін тигізді.
– Біздің зауыт айына 48 мың шаршы метр тері өңдей алады. Коронадағдарысқа дейін өнімді Италия, Испания, Түркия секілді мемлекеттерге жеткізіп тұрдық. Пандемия салдарынан аталған нарықтардан айырылып қалдық. Қазір теріні Ресей, Украина және Өзбекстанға жібереміз. Ішкі нарықтың тұтыну көлемі аз, 13 пайыз ғана, – дейді Е.Салихов.
Экономист Жангелді Шымшықовтың пікіріне қарағанда, жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттен қолдау керек. Оның ішінде тері өңдеу ісіне қамқорлық қажет-ақ.
– Шыны керек, біз шикізатқа тәуелді мемлекетпіз. Бұл халықты өнеркәсіпке үйретпейді не табыс әкелмейді. Шикізат сатып байыған бірде бір ел жоқ. Бұл тері өндірісіне де қатысты. Мысалы, біз қойдың етін ғана пайдаға асырамыз. Ал оның терісі мен ішек-қарыны ит-құсқа жем болады. Осыдан-ақ ойлай беріңіз. Ата-бабамыз тері илеудің түрлі тәсілін меңгерген. Байпақ, мәсі, саптама етік тігу технологиясы қазақ топырағынан шыққан. Ал бүгінде осының бәрі аңызға айналды, – дейді Ж.Шымшықов.
QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, еліміздің 11 өңірінде былғары илеу және өңдеу кәсіпорындары бар. Оның көбі Шымкент қаласында шоғырланған – 7 кәсіпорын. Сондай-ақ Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да өндірушілер бар. Бүгінгі таңда Қазақстанда былғары илеумен бір орта кәсіпорын (Алматы былғары зауыты – Almaty Tannery ЖШС) және 27 шағын кәсіпорын («КазИталКожа», Semey Tannery, «КазахЛидерМех», «Петропавл былғары зауыты», «Тараз Былғары зауыты», Turan Skin, «Кәмшат-Әсел» ЖШС және басқалар) айналысады.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық иленген былғары мен ірі қара малдың терісінен жасалған былғары крастын сатудан түскен экспорттық түсім 2,4 млн долларды құраған. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 73,3 пайызға жоғары. Сондай-ақ ірі қара терісінен жасалған былғары өндірісінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 54 млн шаршы дециметрді құраған. Көрсеткіш – 2020 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға жоғары. Ішкі нарықта отандық былғарыны аз мөлшерде аяқкиім өнімдерін (негізінен әскери және арнайы аяқкиім үшін) және былғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өндірушілер сатып алады. Қалғаны экспортталады.
Түйіндей айтсақ, тері өңдеу ісіне тереңдеу керек. Бұл – мал ұстап отырған шаруалардың тілегі. Ал көптің тілегіне көңіл бөлінгені дұрыс.