• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Ақпан, 2022

Гузалия Гафурова неге мұңайды?

2450 рет
көрсетілді

Барлық спортшының арманы – Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында және құрлықтық додаларда топ жару екені түсінікті. Ондай табысқа, әрине, шүмектеп төккен тердің арқасында ғана қол жеткізуге болады.

Талай додада қарсы­лас­та­рынан айласын асырып, көк туды көкте желбіреткен спорт­шыларымыздың жеңісті һәм жемісті кәсіби мансабы тура­лы бәріміз жақсы білеміз. Алай­да олардың алғашқы жеңісі мен жеңілісі туралы сұрай бермейтініміз бар. Каратэ спортынан екі мәрте Азия ойындарында топ жарған Гузалия Гафурова көптеген жарыс­та жеңістің биік тұғырынан кө­рінгені мәлім. Алайда алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татқан кезде ол қатты мұңайған болатын...

«Алғашқы жеңісті ұмыту мүмкін бе екен? Ең алғашқы же­ңісіме Қаратау қаласында өткен жарыста қол жеткіздім. Ол кезде менің спортпен шұғылдана бастағаныма бір ай да толмаған болатын. Бұл – менің бірінші жарысым. Ең бірінші турнирімде бірінші орын алғаным естен кетпейді. Балалық көңілмен өте қатты қуандым, бақыттан басым айналғандай күй кеш­тім. Анашым да мәз болып, қуа­­нышымды бөлісті. Сол күні Жам­­был облысының Байзақ ауданы­на қарасты Қызыл жұлдыз ауылындағы барлық көршілерім жиналып, алғашқы жеңісімді жақсы көңіл күйде атап өттік. Ол күнді ешқашан жадымнан шығармаймын. Ал ең бірінші жеңілісім Петропавл қаласында өткен жарыста тіркелді. Ол күн мен үшін күрсініспен еске ала­­тын сәттердің бірі болып қала береді. Тұңғыш рет облыс аума­ғынан шығып, сыртта ұйым­дастырылған жарысқа аттандым. Мені сол жарысқа жіберу үшін анашым бізге тиесілі жердің бір бөлігін сатып жіберді. Сөйтіп мені жалғыз жібермей, қасыма әпкемді қосты. Батасын беріп, шығарып салды. Сол кезде жан дүнием астан-кестен болып кетті. Сенім үдесінен шыға ал­ма­ғаным үшін қатты өкіндім. Анашымның менің ешкімнен кем болмауым үшін жеріміздің жартысын сатып жібергенін ойлап тіпті күйзеліп кеттім. Ол кез есіме түссе, әлі де мұңаямын», дейді спортшы.

12 жасынан бастап каратэ спортын жанына серік еткен Гузалияның 2014 жылы Оң­түстік Кореяның Инчхон қа­ла­сында өткен Азия ойындарында топ жаруы заңдылық се­кілді көрінгенімен, 2018 жылы Индонезия астанасы Джакарта қаласында жалауы желбіреген Азия ойындарында одан көп адам алтын жүлде күтпеген болатын. Себебі де түсінікті ғой. Отбасын құрғаннан соң декреттік демалысқа кеткен еді. Алайда қызы алты айға тол­ғаннан кейін тыныш жатпай, жаттығуды бастап кетті. Иә, елордадан Таразға қайта келді. Жаттықты. Шүмектеп төккен тер­дің арқасында екінші мәрте Азия ойындарының чемпионы атанды. Жарысқа аттанар алдында «қола жүлде алсам да жетеді ғой» деген Гафурова осы­лайша Көк туымызды көкте желбі­рет­кен еді.

Дулатбек Құсбеков секілді білікті бапкерден тәлім алған Гузалия Гафурова бабында жүр­ген кезде каратэ спорты Олим­пия ойындарының бағдар­лама­сына енгенде қазақстандық спортшы төртжылдықтың басты додасынан да олжалы оралар ма еді, кім білсін?