• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Ақпан, 2022

Сүйінбай ақынның суреті

990 рет
көрсетілді

Үлкен жазушы Мұхтар Әуезов «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп баға берген Сүйінбай Аронұлының бейнесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары төл валютамыз «үш теңге» арқылы көпшілікке таныс болды. Ақынның бұл фотосы өзі дүниеден өткен соң жетпіс жылдан кейін салынса, оны бейнелеген адам қазақ сурет өнерінің майталманы Әбілхан Қастеев екен.

Атақты суретші Әбілхан аға өзінің естеліктерінде: «Бұған дейін Амангелді батырдың пор­третін салу барысында өмірден түйгенім – дүниеден өтіп кеткен тарихи тұлғаларды дәл бейнелеу­ге, оның шынайы бітімін жасап шығаруға болатынын түсіндім. Осы үрдісті әрі қарай дамыта түсу үшін тағы бірнеше тарихи тұлғаларды тірілтсем деген талпыныс пайда болды. Сондағы таңдап алғаным – Сүйінбай ақын болды», дейді.

Ол кезде ақынның өмірден өткеніне көп жыл болғаны былай тұрсын, ол кісіні көзі көрген адамдардың өзі жоқтың қасы еді. Ойлаған ісін тиянақтау үшін Әбілхан аға 1971 жылдың көктемі қылтиып, көбік қардың бауырын тесіп қызғалдақ бүр жарған, тау бөктеріндегі алма ағаштарының сағағы жіпсіген, тамырына жылы рай жүгірген шуақты күндердің бірінде Сүйінбай ақынның ауылына қарай аттың басын бұрады.

Қолындағы бір жапырақ қатты қағазға жазылған: «Сүйін­бай ақын 1822 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауда­нының жері Майтөбе жайлауында туған» дегеннен басқа іліп алар дерек жоқ. Жолай бұл кісі атақты ақын Жамбыл Жабаевтың пір тұтқан ұстазы екенін біледі. Жәкең жарықтық: «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөй­ле­мен сиынбай», деген ғой. Шәкірті Жамбыл жойқын ақын болғанына қарағанда Сүйінбай тегін адам емес...

Осылай ойсоқты болып жоқ іздеген Әбілхан Қастеев Мичу­рин ауылында тұратын 88 жас­тағы қария Мырзабай Сатаевтың үйіне келеді. Дәл осы жерде Әбекеңді тәңір жарылқайды. Мыр­­­забай ақсақал Сүйінбай ақын­ды көзімен көрген адам екен. Қа­рия: «Сүйінбай кеудесіне түс­кен салалы ақ сақалды, қыран қабақ, қыр мұрынды, адамға тіке қа­ра­­ғанда жанары өткір, ақ түскен қасы қа­лың, кең маңдайлы, бойы сұңғақ еді» деп суреттеп береді («Лениншіл жас» газеті, 1972 жыл, мақала авторы – С.Дәуітұлы). Осы сөз суретшінің жүрегіне жатталып қалады да, дереу шеберханасына келіп, өзі естіген жоғарыдағы сөз-сурет бойынша арынды ақынның штрих бейнесін таңбалауға отырады. Ғажап, қолына қарын­даш ұстап ақ қағазға ақынның сұлбасын түсіре бастаса болды, тұла бойы қалтырап дірілдейді. Тіпті дегбірі кетіп, көңіл түк­пірінде бір үрей пайда болады («Әбілхан аға», Алматы, 2004 жыл, 88-бет).

Бұндай – әрбір шығарма­шылық адамының өмірінде сирек болса да кездесетін құбылыс, яғни үлкен істің алдындағы кезекті толқу немесе суретшінің ішкі дүниесіндегі дайындық пен қағаз бетіндегі бейне сәйкес келмей содан пайда болатын дағдарыс шығар.

Сөйтіп, Ә.Қастеев суретті салмай тұрып алдымен Сүйінбай ақынның шығармасымен толық танысып шығуды жөн санайды. Әлбетте, Сүйінбай қатардағы қалың ақынның бірі емес екен. Жырларында ерлік рух ұрандап тұр. Бұл рух қалайда ақынның портретінен көрінуі керек. Сүйекең:

«Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым», – депті. Онымен қоймай қырғыз ақыны Қатағанмен айтысқанда:

«Алмас құрыш қылышпын,

Алтыннан соққан сабымды,

Наркескенге жолықтың,

Шашармын судай қаныңды...»

дейді. Сұмдық емес пе?! Енді осыдан кейін Сүйінбай бейнесін рух құшағына бөлеу керек. Одан ақынның, соның ішінде дала даналығы сіңген қазақ ақынының бейнесін ұрпақ көретін болсын. Мақсат осы.

* * *

Ақынның суретін салып жүрген тұста Әбілхан аға Жам­был ауданында Сүйінбайдың Ма­лыбай деген баласынан туған Үкіжан атты немере қызы бар дегенді естиді. Үкіжан апа сол кездің өзінде 87 жасқа аяқ бас­қан «төрінен көрі жуық» жан екен. Суретшінің жұмысына риза­шылық білдіріп, атасы туралы білгенін айтып береді:

– Атамыз өте балажан адам еді. Ұзын ақ сақалы болды. Біз алдына отырып алып сақалын тарап ойнайтынбыз. Аяғына оратылған ақ шапанын желбегей жамылып, ақ сақалы желбіреп келе жататын. Кейде өзімен-өзі болып Қоңыртөбенің басында домбыра шертіп отыратын. Бірде маған: «Қарағым, Үкіжан, сұйық затта қалып жоқ. Мысалы, қымызды тостағанға құйсаң дөңгелеп шыға келеді, төрт бұрыш ағаш аяққа құйсаң, төрт бұрыш бола салады. Лай­ым, осындай өзінің бет-бейнесі жоқ сұйық болғаннан сақ болғай­сың!» деген еді дейді.

Үкіжан ападан «Атаңыз Сүйін­­байға кімнің бет әлпеті дөп келеді?» деп сұрағанда: «Мы­надан аумайды» деп, өзінің баласы Тоғызбайды көрсетіпті. Содан Әбекең Тоғызбайдан тартып көптеген адамның суретін салып шығады. Амангелді ба­тыр­­дың портретін салған тәжі­­рибесіне сүйеніп жеке адам­­дар­дың бет мүшелерінен деталь­дар құрастырады, әртүрлі жүз­деген этюд жинайды. Ақыры бір жылдың ішінде Сүйінбай Аронұлының суретін салып шығады. Соңғы нүктесі қойылып, бояуы кеппеген портретті көрген ақынның қызы Үкіжан Сы­патаева: «Сүйінбайдың кес­кін-келбетіне дәл келеді. Мен осы бейнені Сүйінбай деп танимын», деп жылап жіберіпті.

* * *

Ақын салған суретті бейнелеп айтсақ: сүттей ақ сақал­ды, екі иығына екі кісі мінгендей еңселі. Қабағы биік, ой тұнған қоңыр көзді. Маңдайы жазық, жүзінде даналық тұнған, қыр мұрынды. Желбегей жамылған ақ шапанының алды ашық, келбетінен қылаудай пенделік ізі байқалмайды, тек дала ақын­дарына тән асқақ рухтың табы есіп тұр. Күллі тіршілік атаулыға бүгежектемей тура қарайтын сияқты. Өмірде болып жатқан зорлық-зомбылық, дүниеауи талас-тартыс еліктірмейтін жаны таза асқақ ақынның образын аңғарасыз.

Одан кейін Әбекең суретті алып, Сүйінбай ақынды көзі көрген жоғарыдағы Мырзабай ақсақалға келеді. Суретті көрген Мырзакең ұз-а-қ қарап тұрып-тұрып: «Армысың, Сүйекем!» деп тізерлеп отыра кетіп сәлем беріпті. «Менің бала кезімде Сүйекеңді әкем жарықтық қонақ етіп еді, енді мен қонақ етейін!» деп көрші-қолаң, ақсақал-көкса­қалдарды шақырып той жасапты. Қонақ шақыруға аттанған бозбалаларға «Сүйінбай ақын келді!» деп айтыңдар деп тапсырыпты. Міне, Сүйінбай ақын бейнесі осылай дүниеге келген.

Бұл бейнені қалай салға­ны жайында Әбілхан Қастеев 1972 жылдың 23 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Сүйінбайдың суреті» атты мақаласында: «Ала­­таудай ақиық ақынның су­рет бейнесін жасап шығуға жыл­­дан астам уақыт жұмсап, ең әуелі, ақынның өмірі мен шы­­ғармашылығына қатысты дерек­тердің бәрімен түгелдей дерлік таныстым. Сөйтіп, бұдан жетпіс жыл бұрын өмір сүрген атақты адамның қас-қабағы, маңдайы, көзі, мұрын бітісі, ерін, жақ, иек, тағы басқа анатомиялық кес­кіндері қандай еді деген сұ­рақ­тарға жеке-жеке анкеталық анық­­тамалар жинадым. Соның нәтижесінде ақының портреттік бейнесі өмірге келді», депті.