• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2014

Теңізде жүзудің де тәртібі бар

440 рет
көрсетілді

Телегей теңіздің кез келген жерін алып кемелермен тіліп, баратын жеріме аман-сау жетсем болды деген оймен ойқастай беруге болмайды. Бұл – теңіздің тыныштығы мен кемедегілердің қауіпсіздігі үшін қажетті жағдай. Ақтауда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері басшылығының ұйымдастыруымен өткен конференцияға осы мәселе өзек болды. «Каспий теңізінің қазақ­стандық аумағында теңізде жүзуді халықаралық ережелерге сай қамтамасыз ету» та­қы­­р­ы­б­ындағы ғылыми-теориялық кон­ферен­цияға жергілікті әкімдік өкіл­дері, мұнайлы өңірдегі ірі мұнай-газ компаниялары басшылары мен қызметкерлері, Ақтау гарнизоны әске­ри бөлімдерінің командирлері қатысты. ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас штабы басқармасының штур­мандық және гидрографи­калық қамтамасыз ету жөніндегі флагмандық маманы, 1 рангты капитан А.Лекеровтің құттық­тауымен ашылған конференцияда аталмыш қызмет басшысы, 2 рангты капитан К.Малов Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы навигациялық-гидрографикалық ахуалдан хабардар етті. Нарықтық эко­номикаға байланысты теңіз арқылы тасымалданатын өнім­дер санының артқанын айт­қан ол бұл жағдайдың теңіз қауіпсіздігіне жете мән бере түсуге жетелейтінін жеткізді. Су ай­ды­нында мүмкіндігінше мұ­найдың төгілуіне, кемелер апа­ты­на жол бермеу қажет дей келе, кеме шамшырақтарының ескір­гендігін, өткен ғасырдың 80-90-жылдары пайдалануға беріл­ген шамшырақ заманауи сапада жаң­ғыртуды қажет ететіндігін айтты. – Теңіз астында Кеңес Одағы кезінде теңіздегі әскери-жаттығу полигоны болған және әскери ату нысанасы ретінде қолданылған кеме қалдықтары сақталған аймақ бар дей келе, кеме капитандарынан, әсіресе, мұнай тасымалдайтын су көліктері басшылығынан осы аймақтардан аулағырақ жүруді сұрады. Өйткені, нысана-кемелердің арасында жүзіп өтуші көліктерге қауіп төндіретін немесе кедергі келтіретін ұзындығы бірнеше метрге созылатын алып кемелер бар екен. Теңізшілер мен теңізді пайдалану­шы компания өкілдері алдында те­ңізде кемелерге белгі беру үшін қол­д­анылатын заманауи спутниктік қалтқының жұмыстары таныстырылды. Бұл туралы «Каспий теңізінің қазақ­стандық секторында теңізде жүзу қауіп­­сіздігін қамтамасыз ету үшін мони­торингтің жер серігі жүйесін пайдалана отырып, навигациялық жаб­дықтарды дамыту» баяндамасында «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтының маманы А.Чернышев баяндады. Ал аға лейтенант Р.Қалабаев Қазақстан мүше болып табылатын «Халықаралық теңіз ұйы­мының» теңізде жүзу ере­желері мен талаптарын сақ­тай отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету төңірегінде баяндап, компаниялардың ұйым талаптарын орындауға міндетті екендіктерін ескертті. Каспийдегі тәртіп пен тазалық кеме үстіндегілер мен теңіз ішін­­­дегі әлем үшін ғана емес, жаға­лау­дағы елдер мен олардың азамат­тарының денсаулығы, қоршаған ортаның ырғақты дамуы үшін қажет. Конференцияда қауіпті қайтсек болдырмаймыз, қалай етсек апаттан аман боламыз деген бағыттағы сақтандыру, қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету бағы­тын­да­ғы әңгімелер мен ұсыныс-тілектер өрбіді. Кеме­лердің қауіпсіз жүзуін­де алатын метеорологиялық қыз­мет­тің орны, маяктар жұмы­сын­­­дағы өзекті мәселелер ортаға с­а­лын­ды, тиісті шешімдер қабыл­данды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары теңіздегі кемелер жүзуінің қауіпсіздігі баршаға ортақ мәселе екендігін, сол себепті жергілікті әкімдіктің оған мүмкіндігінше қолдау көрсететіндігін жеткізді. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.