• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 17 Ақпан, 2022

Шәкірт шырағы

680 рет
көрсетілді

«Ұстаз деген шәкіртінің шырағын жаға білуі керек. Мен Сұлтанның шы­ра­ғын жаға алмадым». Бұл – өзіміз жақ­­сы білетін «Менің атым Қожа» фильміндегі Рахманов ағайдың бала кезі­міз­ден құлағымызға сіңісті болып кет­кен сөзі. Дәл осылай өзін жазғыратын Рахманов ағай біздің санамызда шәкірт ал­дындағы жауапкершілігін терең сезі­нетін нағыз ұстаздың бейнесінде сақ­та­лып қалған. Оқушы күнімізде мейір-шапағатын төгіп, сабағын ынты-шынтысымен, ерекше ықыласымен беретін мұғалімімізді Рахманов ағайға ұқсатып жақсы көретінбіз. Қазір осындай ұстаздар бар ма екен?

Расында, қанша буынға ес болған, қанша ұрпақ көріп өскен осынау классикалық кинодағы ұстаз образын шынайы өмірден іздейтін едік. Біз оқыған ауылдағы мектепте қиялымызға қанат бітіріп, арманымызды шығарма етіп жаздырған бас­тауыш сыныптағы ұстаздың, сондай-ақ ежелгі дәуір тарихын ертегідей елітіп тү­сіндіретін тарихшы ағай мен жер ша­рының небір кереметіне қызықтырып географиядан сабақ бер­ген ағайдың бойынан Рахманов ағайға тән қасиет­ті байқаушы едік. Ауылдағы құрдастарым, бізден бұрын-кейін оқыған замандастарым әлі күнге дейін осындай ұстаздардың алдын көріп, білім алу несібемізге бұйырғанына ризашылық білдіріп, айтып жүреміз. Ойлап қарасақ, бізге әр сабақтан өз пәнін жетік білетін, оқушының жүрегіне жол таба білетін білімді де білікті мұғалімдер сабақ берген екен. Ал бүгінгі таңда бұл ұстаздарымыздың орнын кейінгі тол­қын мұғалімдер басқан. Бірақ ол аяулы ұстаздарымыздың орнын басты деп аузымызды толтырып айта да алмаймыз. Өйткені қазір мектепте кезінде өзі­мізбен қатар оқыған және қатырып оқы­маған қатарластарымыз сабақ беріп жүр. Өкінішке қарай, бұл – бүгінгі таңда жалпылама сипат алып кеткен, көп ауылға тән жағдай.

Жалпы, жүрген жерімізде, әлеуметтік желілерде қазіргі мұғалімдердің біліміне, сауатына қатысты сынды жиі естіп-біліп жүрміз. Пандемия кезінде мектептер онлайн білім беруге көшкенде біраз ата-ана мұғалімдердің уатсаптағы жазуынан-ақ сауатының нашар екенін байқап, шошынып қалған жағдайлар да болды. Бұл ретте сауатсыз жазатын мұғалімнің балаға қан­дай білім беретіні көпшілікті әжептәуір алаңдатқаны рас. Кейінгі жылдары қоғамда мұғалім мәртебесінің төмендеп кеткені, мардымсыз еңбекақы осы мамандықты таңдайтындардың қатарын азайтып жіберген еді. Соның салдарынан мектептерде мұғалім жетіспей, бұл педагогтердің сапасына да әсер етті. Әсіресе мұғалім тапшылығы қат­ты сезілетін ауыл-аймақтарда білім сапасы айтарлықтай түсіп кетті. Ал ауылдағы кейбір мұғалімдердің деңгейі көбіне-көп талапқа сай келе бермейді. Дипломын сатып алған, оқыған мамандығына сәйкес ке­ле бермейтін пәннен сабақ беріп жүрген мұға­лімдердің барын және аз емес екенін естіп қаламыз.

Ендігі уақытта аса маңызды білім бе­ру саласына қатысты бұл мәселе жіті на­зар­ға алынып, қажетті іс-шаралар қол­ға алын­бақ. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мә­жі­лісінің отырысында сөйлеген сөзінде ауыл-аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту жөнінде тапсырма берді. «Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру – сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі». Сондықтан мен мұға­лім­дер тапшылығы бар өңірлерге үздік педа­гогтерді тартудың арнайы қолдау па­кетт­ері бар арнайы бағдарламасын əзірлеуді тапсырамын», деді Президент.

Бүгінгі таңда елімізде 366 666 мұғалім бар болса, оның жартысынан көбі, дәлірек айтқанда, 209 391-і ауылдық мектептерде жұмыс істейді екен. Сондықтан білім сапасын көтеру мәселесінде ауылдағы мектептердің деңгейіне ерекше назар ауда­ру­ды қажет етеді. Бұл үшін Президент айт­қандай, ауылдарға үздік мұғалімдерді тартудың маңызы зор. Сөз басында атап өткен «Менің атым Қожа» фильмінде Қожаның «Шіркін-ай, барлық адам баласы Рахманов ағайдай болса, өмір тіпті тамаша болар еді» деп дәптеріне арманын жазатын тұсы бар. Осы арман әлі де өзекті.