«Egemen Qazaqstan» газетінің №24 (30253) 4 ақпан 2022 жылғы санында көп сериялы «Шыңғыс хан» телефильмінде «өкіл әке» Меңліктің рөлін сомдаған талантты әртіс Дәлелхан Қадырұлымен жүргізілген сұхбат жарияланған болатын. Осы сұхбат барысында аталған телесериалда тағы бір басты рөл – Наяха ноянның образын жасаған дарынды актер Ержан Мақпышұлы бауырымыз туралы да сөз қозғаған едік. Енді міне Үрімжі қаласында тұрып жатқан Ержан бауырымызбен хабарласып, екеуара өрбіген әңгіме барысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Ереке, алдымен жеке өмір тарихыңызды қысқаша таныстырып өтсеңіз?
– Мен 1963 жылы Үрімжі қаласында дүниеге келіппін. Әкем – Мақпыш Болатбеков 40-жылдардың аяғында Үш аймақ төңкерісіне қатысқан, үкіметке еңбек сіңірген белгілі тұлға. Осы кісі ертеректе қызмет бабымен Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласына қоныс аударған екен. Мен осында орта мектепті бітірдім. Одан кейін тағдырдың жазуымен Бейжің қаласындағы Қытай мемлекеттік драма институтының актерлік бөлімін 1986 жылы тәмамдап, Шыңжан өлкелік опера театрында әртіс болдым. 1991 жылы білім жетілдіру мақсатымен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер институтында оқып, оның режиссерлік бөлімін ойдағыдай аяқтадым. Әйелім жоғары оқу орнында оқытушы. Екі балам бар.
– Өнер саласында жүргеніңізге ширек ғасырдан асып барады екен, алған атақ, сіңірген еңбек дегендей бірдемелер бар шығар?
– Бар, әрине. «Қытайдың екінші дәрежелі әртісі» деген атағым бар. Ол сіздердегі «Еңбек сіңірген әртіс» атағымен деңгейлес. Одан басқа Қытайдың киногерлер одағы, телеөнерпаздар одағы, драмашылар одағы дегендерге мүшемін. Бұл мүшелік – біз жақта әжептәуір беделге баланады.
– Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Сізді, көп сериялы «Шыңғыс хан» фильміне түсуге кім шақырды?
– Мені бұл фильмге түсуге Ішкі моңғолдың мемлекеттік киностудиясы ресми түрде өздері шақырды. Қытайда өте талантты Ваң Вын Жие дейтін атақты режиссер бар. Ол көп сериялы «Шыңғыс хан» фильміне бас режиссер болып бекіген екен. Осы адамның қалауы бойынша барып қалдық.
– Ол сізді бұрыннан білуші ме еді?
– «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей, ол кісі мені бұрыннан білетін. Оған дейін де біршама фильмде ойнап, әртіс ретінде ысылып қалған едім. Рөлдерге әртіс таңдауды үйлестіретін арнайы құрылған алқа мүшелері бар екен, солардың ұйғаруы бойынша әркімге рөл бөліп беретін тәртіп орнапты. Шынымды айтсам, бұл жерде тамыр-таныстық деген жүрмейді. Тек талантың болу керек.
– Наяха ноянның рөлін сіз өзіңіз таңдап алдыңыз ба, әлде режиссерлердің шешімі ме?
– Маған үш рөл ұсынды. Біріншісі – Темүжиннің үш рет серттескен досы, әрі өмірде бақталасы болған, орта ғасырда моңғол үстіртіндегі дарынды қолбасшылардың бірі – жажират Жамуқаның рөлі, екіншісі – аса дарынды қолбасшы жалайыр Мұқылайдың рөлі, үшіншісі осы Наяха сардардың рөлі болды.
– Неліктен Наяханы таңдадыңыз?
– Жоғарыдағыдай үш рөлге ұсыныс түскеннен кейін олардың тағдыр-талайын біліп, жете танысу үшін қаған тарихына қатысты жазылған шығармаларды тауып алып, күндіз-түні бас алмай оқыдым. Сол дәуірдегі көшпенділер өмірін, моңғолдардың салт-дәстүрін терең зерттеуге кірістім. Осыдан кейін түсінген дүниелерімді түйсігіме салып, бойымдағы әртістік өнеріме шақтап көрсем Наяханың рөлі оң жамбасыма келетін сияқты. Екіншіден, менің ат құлағында ойнайтын шеберлігім көп септігін тигізді.
– Сіз образын сомдаған Наяха ноян деген кім?
– «Моңғолдың құпия шежіресі» атты көне тарихнаманың 220-тармағында жазылған дерекке сүйенсек: моңғолдың боржығын руымен аталас тайшығұттардың рубасы Тарғытайға қарасты бұқараның ішінде Шіриет атты ақсақал болған. Осы қарияның жаугершілікке әбден төселген Алық және Наяха атты екі ұлы бар екен. Бір күндері Тарғытай бастаған тайшығұттар Темүжиннен жеңіліп тоз-тозы шығады.
Осы оқиғадан кейін бір топ жасағымен тау-таста бас сауғалап жүрген Тарғытай ғайыптан жаңылып Шіриет қария басқарған топтың қолына түсіп қалады. Шежіре деректе Тарғытай өте семіз адам делінеді. Оны ат көтере алмағандықтан қос күлік жеккен екі доңғалақты арбамен жүреді екен. Осылай қолға түскен Тарғытайды құтқарып алу үшін бір топ аламан жасақ Шіриеттің азғана адамдарына шабуыл жасайды. Шайқасуға адамы аз Шіриет қария белдігіне байлаған қысқа қанжарын суырып алып, қырылдап жатқан Тарғытайдың өңешіне тақап тұрып айғай салады: «Сендер шынымен шабуыл жасап, менің балаларымның бір тал шашына тиісер болсаңдар мына сардарларыңды қолма-қол бауыздаймын!» дейді. Оның сыртында: «Мына қызыл көз шалға жоламаңдар, мені өлтіреді, кетіңдер!» деп Тарғытай ойбайлайды.
Ақыры Тарғытайды қолға түсірген топ: «Бұл – Темүжиннің қас жауы, тірідей алып барып, соның қолына табыстайық!» деген шешімге келеді. Сол сәтте ат үстінде тұрған Наяха: «Бұл жаман да болса біздің ханымыз емес пе еді. Оны жауына ұстап беру адамгершілікке жатпайды. Ханға опасыздық жасау ата-баба салтында жоқ» деп босатып жібереді. Өздері күш қосып, қызмет қылу үшін Темүжинге қосылады. Бұл – 1190-шы ит жылы болған оқиға.
Арада 16 жыл өтіп, 1206 жылы Темүжин «Шыңғыс хан» атанып, ұлысты басқару құрылымын жасақтағаны туралы «Моңғолдың құпия шежіресінің» 202-тармағында нақты жазылған. Осында бектікке тағайындалған 95 адамның есімі аталады. Оның сыртында «алтын ұрықтан» тарайтын 88 адамды ерекше мәртебеге ие еткен. Ең соңында осылардың бәрін біріктіріп үш түменге бөлген. Олар: оң қанат түмен, сол қанат түмен, орта түмен деп аталған. Былайша айтқанда, бүкіл мемлекеттік құрылымды үш аймаққа бөліп үш адамға басқартқан. Осылай: оң қанат түменбасына Боршы ноян, сол қанат түменбасына жалайыр тайпасынан шыққан Қиынгуа ақсақалдың үлкен ұлы атақты Мұқылай тағайындалады. Келесі орта түменбасына біз сөз етіп отырған Шіриет шалдың баласы Наяха тағайындалады. Орта түменнің ерекшелігі – оның міндетіне Ұлы қаған ордасын қорғау ісі қоса жүктелген.
Осы тағайындау кезінде Шыңғыс хан: «Менің қас жауым, оңбаған Тарғытайға кеңшілік жасаған адам маған адал қызмет етпеуі мүмкін бе? Өз ханына адал болу адамгершіліктің шыңы. Наяха ноян – менің отымды көсеп, күлімді шығарды, көңілімнен шықты, орта түменді соған сеніп тапсырамын!» деп, айтқан жарлығы шежіренің 220-тармағында нақпа-нақ жазылған екен.
Одан кейін әйгілі тарихшы Рашид-ад диннің «Жами-ат тауарих» атты туындысының екінші кітабында: «Наяха ноян – барин тайпасының адамы. Моңғол ұлысында Мұқылайдан кейінгі екінші адам осы болатын» дейді.
Наяха ноян 120 жастан асып дүниеден өткен. Ұлы Моңғол ұлысының тарихында шешуші рөл атқарған – бес Ұлы құрылтайдың бәріне қатысқан дүниедегі жалғыз адам ретінде ерекше құрметтелген. Олар – алғаш 1206 жылы Шыңғыс хан таққа отырған бірінші құрылтай, одан кейінгісі 1211 жылы Алтын елін жаулап алу туралы мәселе қаралған екінші құрылтай, 1219 жылы Орта Азияны жаулап алу туралы мәселе қаралған үшінші құрылтай, 1227 жылы Шыңғыс хан өліп, орнына Өгедейді хан сайлаған төртінші құрылтай, ең соңында Өгедей өліп, орнына Мөңкені хан сайлаған бесінші ұлы құрылтай. Әрі Шыңғыс хан дүниеден өткенде қасында болған азғана адамдардың бірі ретінде аты аталады.
– Егер де сізге «Шыңғыс ханның рөлін ойна!» десе, қолыңыздан келер ме еді?
– Неге келмейді, қатырып тұрып ойнап берер едім ғой. Бірақ о баста «Шыңғыс ханның рөлінде ұлты моңғол адам ойнайды» деп келісіп қойған екен. Оның үстіне әріптесім Басын мырза бұған дейін ұлы қағанның рөлін бірнеше рет бейнелеп танылған әртіс еді. Оның тарихи зердесі мен білімі өте дамыған, алғырлығы ерекше жаратылған жан. Алғаш 80-жылдардың аяғында Ішкі моңғолдың киностудиясы екі сериялы «Шыңғыс хан» атты көркем фильмді жарыққа шығарған болатын. Осында ұлы қағанның рөлін осы Басын ойнаған. Одан кейін де бірнеше рет қысқа метражды фильмдерде, драмалық қойылымдарда Шыңғыс ханның рөлін сомдап, әбден толысып, пісіп-жетіліп тұрған дер шағы еді. Шыңғыс хан бабасын армансыз ойнап шықты.
– Ереке, фильмдегі сардарлар мен жауынгерлердің сауыт-сайман, киім-кешегін жасаған кімдер, топырлап жүрген атты әскердің барлығы кәсіби әртіс емес шығар?
– Фильмді түсірмей тұрып қатардағы шеріктен бастап, сардарларға дейін қандай киім киеді, қару-жарағы қандай болады, осының бәрі орта ғасырдағы көшпенді тайпалардың өмір-салтына сай ма? Осы мәселелер жөнінде үлкен алқа құрылып, әрбір заттың суретін салып, оны ресми түрде бекітіп отырды.
Жалпы осы фильмді түсіруге 60,5 миллион қытай юаны жұмсалған екен. Ал киім-кешек, қару-жарақты «Шы Чи» атты корпорация өз мойнына алды. Олар сол дәуірге сай 5000 киім тігіп, 3000 соғыс құралын жасап шығарды. Әрі мыңдаған мініс ат дайындап, 300 киіз үй әзірледі.
Шыңғыс ханның атты жасағының рөлін атқарған жергілікті жердің қарапайым тұрғындары. Соғыс көрінісіне де қатысқан солар. Фильм түсіру барысында туындаған қиындықтардың негізі осы адамдардың кәсіби шеберлігінің жоқтығынан болып жатты. Бұлардың қимылы мен режиссердің талабы үйлеспей, күнделікті кино түсіру нормасы орындалмай қалған кездер көп болды. Әсіресе, негізгі рөлдегі тұлғалармен бірлесіп қимылдау жөнінде көп сабақ үйретуге тура келді. Осы жұмыстар көмекші режиссер ретінде маған жүктелді.
– Сіз «көмекші режиссер» міндетін қоса атқардыңыз ба?
– Көмекші режиссер міндеті менен басқа да бірнеше адамға жүктелді. Менің міндетім – соғыс жағдайындағы қимыл-қозғалыстардың техникалық шеберлігін жетілдіру болды.
– «Соғыс жағдайы» демекші, фильм түсіру барысында төтенше қауіп-қатер ұшырасқан жоқ па?
– Фильм түсіру барысында кездесуі мүмкін оқыс оқиғалар ескеріліп, мемлекет тарапынан екі адамның өліміне квота белгіленіп, тіпті төленетін құнына дейін қаражат бөлініп қойылды. Бірақ Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ. Есесіне, күн сайын екі-үш адам әртүрлі жарақат алып отырды. Фильм аяқталғанға дейін 56 мәрте жедел жәрдемнің көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық. Шілденің ми қайнаған ыстығында 40 кило тартатын сауыт-сайманын көтеріп жүре алмай естен танып, құлап қалатын оқиғалар қалыпты көрініске айналды.
– Сізге көмекші режиссер ретінде басқа қандай жұмыстар жүктелді?
– Шыңжаң-ұйғыр автономиялы районынан көп әртісті іріктеп-сұрыптап, рөлдерге қабылдау маған жүктелді. Олардың ішінде ШҰАР-дың ұйғыр опера және балет театрының әртісі Мұхамед Шарип дейтін ағамыз найман Таян ханның рөлін ойнады. Тағы бір ұйғыр бауырымыз Нұрадил дейтін азамат Хорезм шахы Мұхамедтің рөлін ойдағыдай шығарды.
– Фильм қанша уақытта түсіріліп бітті?
– Фильм 1998 жылы шілде айында Ішкі моңғолдың Шиленхот аймағында басталып, 1999 жылдың тамыз айында түсіріліп бітті. Негізгі рөлдерде ойнаған қырыққа тарта әртіс пен екі жүзге жуық кино мамандары «қар жастанып, мұз төсеніп» жүріп еңбек етті. Түсіріліп біткеннен кейін 6 жылға жуық сүзгілеуден өтіп барып, 2005 жылы көрсетіле бастады.
– Не себептен соншама уақыт сүзгіленді?
– Біріншіден, орта ғасырда әлемде Шыңғыс хандай әйгілі адам болған жоқ. Сол себепті, сол дәуірдегі барлық деректерде оқиғалар хронологиясы тізбектеліп жазылған. Тек орта ғасырдағы моңғол тарихына қатысты «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», «Көк кітап», «Асыл шежіре», т.б дүниелер бар. Оның сыртында қытайдың көне архивтерінде қаншама дүниелер жатыр. Осының бәрін сәйкестендіру қажет болған шығар. Екіншіден, қалай десек те Шыңғыс әскері Қытай елін тырп еткізбей бағындырды. Сол тарихты қалай беру керек. Үшіншіден, фильмде аты аталып, түсі түстелетін ру-тайпалардың ұрпағы көзі тірі жүріп жатыр. Олар бүгінгі саяси өмір тұрғысынан қалай қарайды. Халықаралық дау-дамай туып кетпей ме? Одан кейін бүкіл әлем «жауыз» санап келген Шыңғыс хан аса ақылды, мейірімді, шапағаты мол, әділ адам екен. Осыны дәлелдей алатын тарихи құжат бар ма?
Міне, осыдан барып фильм алты жылдай жатып қалды. Небір дүние тарихын жетік білетін «қасқа бастардың» сүзгісінен өтті. Мұрағат материалдары мен оқиғалар сәйкестігі қаралды, сөйтіп барып жарыққа шықты.
– Алғаш эфирге шыққанда Қытай халқы қалай қабылдады?
– Тұңғыш рет 2005 жылы Қытай елінің орталық телеарнасынан ханзу тілінде көрсетілді. Халық өте сүйсініп қабылдады. Қытай – көп ұлтты мемлекет, әрі фильмде аты аталып, түсі түстелген тайпалардың үрім-бұтағы күні бүгін аман-есен өмір сүріп жатыр. Олардың тарихи зердесі тың, бүлінбеген, әрі түп шежіресін біледі. Әр халық осы фильмнен өзінің өткен тарихының сорабын аңғаратындай ортақ ізденіс пайда болды.
Екіншіден, көзі қарақты көрермен орта ғасырдағы көшпенділер Темүжиннің темір тәртібінің арқасында әлемді бағындырған ұлы рухына сүйсінді. Фильмде әр сәт сайын қайталанып, көзге ұрып тұратын орданы басқару ісіндегі дала демократиясы көрерменге қатты ұнады.
Іле-шала фильм қазақ, моңғол, корей, тибет, ұйғыр тілдеріне аударылды. Бір аптаның ішінде Тайвань, Гонконг, Сингапур телеарналары көшіріп көрсетті. Кешікпей ағылшын тіліне аударылып АҚШ-та көрсетілді. Осылай компакт дискілерге жазылып әлемге тарап кетті.
– Осы фильмге түскеннен кейін сізді қошеметтеушілер саны көбейген шығар?
– Шетелдік көрермендер Бейжіңдегі орталық мемлекеттік киностудияға рахмет айтып, менің атыма құттықтаулар көп жіберді. Оның бір данасын студиядағылар өзіме жолдап тұрды. Осы фильм менің шығармашылық жолымды ашты. Іле-шала 2000 жылы Корея мемлекетімен бірлесіп түсірген «Сайыскер» атты фильмде тайпа көсемінің рөлін сомдадым. Одан кейін 2001 жылы Голливудтың Коломбия студиясы түсірген «Ғаламның батыры» киносында тағы да тайпа көсемі болып ойнадым. 2002 жылы түсірілген 50 сериялы «Қожанасыр» телефильмінің атқарушы режиссері қызметін атқардым. Келесі 2003 жылы «Зуо Зуң Таң» атты 30 сериялы фильмде бас рөлді сомдадым. Осылай жыл сайын бос өткен күндерім болған жоқ. Соңғы рет Гонконг студиясы түсірген «Маска» фильмінде патшаның рөлін ойнадым.
– Осындай бір толысқан шағыңызда қазаққа қатысты жақсы бір туынды жасау жоспарыңызда жоқ па?
– Осы сіз айтып өткен дүние мені күндіз-түні мазалап жүр. «Қазақты танытатын бір туынды қалай жасаймын» деп, ойсоқты болып жүрген жайым бар. Көп жыл бұрын Бейжің қаласындағы ұлттар баспасынан жазушы марқұм Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» атты шығармасы қытай тілінде және төте жазу негізінде қазақ тілінде жарық көрді. Кітаптағы оқиғалар өте қызықты. Осыны кинодрама тіліне айналдырып, «Соғыстың соңғы жылдары» және «Бес қасқа беріш» атты екі фильм дайындап қойдым. Сценарийі де жазулы дайын тұр. Болашақта фильм түсірсем деген жоспарым бар.