• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 18 Ақпан, 2022

Президент қаңтар оқиғасының қорытындысын наурыздағы Жолдауында айтады

646 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы наурыз айында жоспарланған Жолдауында қаңтар оқиғасы бойынша алдын-ала тергеу жұмыстарының қорытындыларын жариялайтын болады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады, деп жазады Egemen.kz. 

«Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген кешегі сұхбатында айтқандай, халыққа барлық ақпарат жария етіледі. Қазір тиісті органдар ауқымды тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұған біраз уақыт керек. Президент сұхбат барысында атап өткендей, қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігі. Дәл осы құқықтық принцип негізінде қаңтар оқиғасы барысында ұсталған азаматтардың жауапкершілік мәселесі шешіледі. Олардың басым көпшілігінің жазасы жеңілдетілгені мәлім. Жүздеген адам тергеу изоляторынан босатылды. Қамаудағы азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты да тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар ауыр қылмыс жасағандар заңға сәйкес жазаға тартылады», деп жазды Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында.    Ол, сондай-ақ, Президент наурыз айының ортасында жасайтын Жолдауында саяси реформалар бойынша өз бағдарламасын ұсынатынын еске салды.   «Мемлекет басшысының кешегі сұхбаты көрермен қауымның зор қызығушылығын туғызғанын атап өткім келеді. Бұл еліміздің ақпарат кеңістігіндегі маңызды тақырыпқа айналып үлгерді деп айтуға болады. Оған әлемнің жетекші агенттіктері белсенді түрде сілтеме жасауда. Қасым-Жомарт Кемелұлы қатты суық тигізіп алғанына қарамастан, берген уәдесінде тұрды. Президент отандастарымыздың аталған мәселеге ерекше алаңдап отырғанын ескеріп, ұлттық телеарнаның тілшісіне беретін сұхбатын кейінге шегермеді», деп қосты Президенттің баспасөз хатшысы.