BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев қазан айында 100 мың доллар немесе Нұр-Сұлтан қаласынан 3 бөлмелі пәтер ұсына отырып ауыл мектебінің директорлығына конкурс жариялаған болатын, деп жазады Egemen.kz.
Бүгін Айдын Рахымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында 480 үміткердің ішінен іріктелген педагогты таныстырды. Аталған қызметке Республикалық физика-математика мектебінде директордың орынбасары қызметі мен лайықты жалақы алып отырса да ауыл мектебінде білім сапасын көтеруге ынталы болған Аралбек Берікұлы лайық деп танылған.
«Аралбек Берікұлы мұндай қадамға уәде етілген сыйақы үшін емес, ауыл мектебіндегі білім сапасын жақсартуға шын пейілімен кіріскенін сұхбат-сынақ барысында аңғардым. Ол осы кезең барысында жалақысының қанша болатынын мүлдем сұрамады. Керісінше арманындағы мектепті салу жоспарын, онда жүргізілетін жаңа әдіс-тәсілдерді зор құлшыныспен жеткізді. Тіпті ресми бұйрықты күткен үш айдың ішінде ауыл мұғалімдері мен оқу үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты бастап кетті», деп жазды Айдын Рахымбаев.
Сондай-ақ, BI Group компаниясының басшысы таңдалған кандидатпен ауыл мектебін қайта салуды ғана емес, осындай мектептердегі білім сапасын ілгерілететін бірегей модульді сынап көруге келіскенін айтты.
Үздік педагог бас қаладан Айдын Рахымбаевтың ауылына отбасымен бірге, 5 баласымен көшкен.
Айдын Рахымбаев өз кезегінде Аралбек Берікұлының ауыл мектебін басқару бұйрығына оң шешім танытқан ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке алғыс айтты.
Айта кетейік, үздік педагог енді ШҚО, Көкпекті ауданы, Казнаковка ауылында (Құлынжан), Өскемен қаласынан 160 шақырым қашықтықта орналасқан білім ордасын басқарады.