Анадолы жерінде Түркия Журналистер қоғамы және Ескішаһар 2013 Түркі әлемі мәдениет астанасы агенттігінің ұйытқы болуымен тілшілердің форумы өтті. Журналистер форумына 31 елден 370 журналист қатысты. Форумның алғашқы күні ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған «2014 Түркі әлемі Мәдениет астанасы Қазан» көрмесі ашылды. Фотосурет көрмесінде Халықаралық түркі мәдениет ұйымының Қазан қаласының сұлулықтарын паш ететін туындылары орын алды.
Ескішаһардағы Анадолы университетінде түрік журналистерін марапаттау рәсімі өтті. Түркі әлемінің мәдени астанасы саналған Ескішаһар өз лауазымын Қазан қаласына табыстады. Салтанатты жабылу рәсімінде ТҮРКСОЙ ұйымы түркі мәдениеті мен рухани құндылықтарын насихаттаған баспасөз өкілдерін марапаттады.
Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов баспасөз жүлделерін тағайындауда түркі әлемінің ортақ мұрасы Оғыз қағаннан негіз алғанын, аталған сыйлықтың түркі әлеміне шын мәнісінде тер төгетін әріптестерге бұйыратынын айтты. Жиын барысында ТҮРКСОЙ бас хатшысы түркі әлемін таныстыруға атсалысқан баспасөз өкілдеріне өз алғысын білдірді. Биылғы жылдың үздіктері қатарында қазақстандық тәуелсіз журналист Наталья Задерецкая, Қазақстан Пен клубы төрағасы Бигелді Ғабдуллин мен халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Паттеев те бар.
«Бұл түбі бір түркінің бірлігін нығайтуға қосқан үлесіміз және ТҮРКСОЙ тарапынан ұсынылған бүгінгі сыйлық газетіміздің талай жылғы еңбегінің жемісі деп ойлаймын. КСРО құрамында болған орталықазиялық мемлекеттердің көпшілігі ақпаратты Ресейдегі бұқаралық ақпарат құралдарынан алады. Меніңше, түркі елдеріне ортақ ақпарат көздері болуы тиіс. Түркітілдес елдердің ішінде ең дамығаны Түркия болғандықтан, түркиялық БАҚ-ты барынша кең ауқымда пайдаланып, түркі мемлекеттерінің бір-біріне жақындасуына септігін тигізуге жұмылдыру қажет. Өкінішке қарай, ТҮРКСОЙ ұйымы тек мәдени мәселелермен ғана шектеледі. Ал түркіге ортақ ақпараттық кеңістікте маман даярлауды да қолға алу керек. Мемлекеттерінің бір-біріне жақындасуына журналистер қосатын үлес зор деп ойлаймын», – деді «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Паттеев.
Жиырма жылдық тарихы бар ТҮРКСОЙ түркі елдерінен келген жиырма журналисті мерейтой құрметіне орай марапаттады. Жиырма журналистің қатарына еніп отырған «Түркістан» газетінің де ақпарат кеңістігінде желкенін кергеніне биыл тура – 20 жыл.
Гүлзина БЕКТАС.