Италияның «Ювентус» футбол клубы команданың аргентиналық шабуылшысы Пауло Дибаланың туриндік ұжым сапында қалғанын қалайды, деп хабарлайды Egemen.kz championat.com-ға сілтеме жасап.
Әуелде аргентиналық футболшыға жылына 8 миллион еуро және түрлі бонустар ұсынбақ болған туриндік команда кейін басқа шешім қабылдамақ болды. Соның салдарынан келіссөздер тоқтап қалды. Ойлана келе италиялық команданың басшылары бастапқы ұсынысты қайта ұсынғанды жөн санаған. Әйткенмен «Ювентус» басшылары футболшының агенті Хорхе Антунның комиссиялық алымның басым бөлігінен бас тартқанын мақұл көреді.
Осы маусым барысында футболшы «Ювентус» сапында 27 мәрте жасыл алаңға шығып, 12 рет мергендігімен көзге түскен. Сондай-ақ 6 нәтижелі пастың авторы атанған. Футболшы мен команданың арасындағы келісімшарт маусым соңында аяқталады. Ал «Ювентус» футбол клубының басшылары аргентиналық шабуылшыны командадан жібергісі жоқ.