• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Ақпан, 2022

Утиль алымы: Өндірушіні қолдай ма, тұтынушыны тонай ма?

1701 рет
көрсетілді

Автокөлік сән-салтанаттың, байлықтың не болмаса қандай да бір беделдің белгісі болудан әлдеқашан қалды. Бәлкім, автомобиль алғысы келген адамды жылдап кезекке тұрғызатын Кеңес өкіметі кезінде солай болса, болған да шығар.

Көрші елде тіркелген көлікті мініп жүр

Бірақ бүгінгі қоғамда темір тұлпар тек қозғалыс құралы ретінде ғана бағаланады. Соған қарамастан, көлікке жарымай, ертелі-кеш жұмыс пен балабақша арасында жаяу-жалпы шапқылап жүрген жандар бар. Сананы тұрмыс билеген заманда көлік құны да барған сайын аспандап барады.

Еліміздегі көлік қым­бат­шылығын отандастарымыз ең алдымен «ӨКМ операторы» ЖШС жетекшілік еткен кәдеге жа­рату алымының айтарлықтай жоғары болуымен байланыстырады. Неге?

Себебі шетелден кө­лік им­порттағысы келген тұлға 1 кө­лікке (қозғалтқышының кө­ле­міне қарай) 459 450 теңгеден бастап, 3 522 450 теңгеге дейін­гі аралықта кәдеге жарату алы­мының ақысын төлеуге тиіс. Бұған көлік құралын алғашқы тіркеу жарнасын қосыңыз. Яғни өндірілгеніне 2 жыл толмаған көліктер үшін – 765, 65 теңге, 2 жыл мен 3 жыл аралығындағы көліктер үшін – 153 150 теңге, ал 3 жылдан жоғары көлікке 1 531 500 теңге төлеуге тура келеді. Мұндай жарналарды естіген соң шетелден көлік импорттауға қай адамның құлқы болсын?

Алайда адамнан айла артылған ба? Бірер жыл бұрын амалын тапқандар Ар­мениядан көлік жеткізе бастап еді, іле-шала оның да жолы жабылды. Ендігі күні ебін тауып елімізде көрші Ресейде тіркелген көліктерді тақымдап жүргендер көп. Бірақ ел аумағында тіркеліп, Қазақстан азаматының атына рәсімделмеген көліктің әлі де болашағы бұлыңғыр. Себебі мұндай көлік иелері жол ережесін бұзуға, жол-көлік оқиғасы орнынан қашып құтылуға бейім келеді. Одан қалды, көрші елден келген көп көліктің криминалдық тарихы бары да анықталып жатыр. Былтыр қарашада «даудың басы осы Дайрабайдың көк сиы­­рынан басталып», бірқатар азамат «тұл­парын» полиция тұрағына қаң­та­ру­ға мәжбүр болды.

Оның да өзіндік себебі бар. «Өзге елден көлік сатып алған қазақстандық азамат оны 10 тәулік ішінде өз атына тіркеуге қоюға міндетті. Алайда көбі бұл талапты елемейді. Ресейлік тіркеудегі 210 мыңға жуық көлік Қазақстан территориясында жүр. 150 мыңы – заңды негізде, тиісті сенімхаты бар. 600 көлік – Ресей ІІМ криминалды полициясы жіберген тізім бойынша ұрланған кө­ліктер қатарында. 200 көліктің қайда еке­нін анықтадық. Сонымен қатар 80 мыңға жуығы не Ресейде, не бізде тір­кел­­меген. Ол көліктер Қазақстанда тех­байқаудан өтпеген. Техникалық жағ­дайының қандай күйде екенін де ешкім біл­мейді», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Тапқан-таянғанына көлік сатып алып, кейін оны тәртіп сақшыларына тап­сыра салуды кім қаласын? Ашуға булыққан көлік иелері еліміздің түкпір-түкпірінде ереуілге шықты. Әрине, отандастарымызға көрші елден көлікті сатып алғанын растайтын құжатпен ХҚО-ға барып, өз атына рәсімдеуіне де бо­лар еді. Бірақ кәдеге жарату алымы мен көлік құралын алғашқы тіркеу жарнасы аспандап тұрған соң, көбінде ондай қаражат қайдан болсын?

«Шаңырағымда төрт балам бар. Әйелім жұмыссыз. Бала бағып отыр. Нәпақамды таксилеп тауып жүрмін. Мой­нымда ипотека мен өзге де несие­ле­рім бар. Алайда тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Бір жыл бұрын тиыннан теңге құрап Ресейде тіркелген бір көлікті сатып алдым. Сонымен адам тасып, жан бағып отырмыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрген сайын шүйлігіп, құжатымды тексереді. Неге тіркемейсіз деген сөзді де жиі естимін. Бұл көлік – 2014 жылғы. Яғни осыдан 8 жыл бұрын шығарылған. Оны атыма ауыстыру үшін 1,5 млн теңгеге жуық алғашқы тіркеу жарнасын төлеуім керек. Бұған қоса кәдеге жарату алымы тағы бар. Әрине, алғашқы жарнасын құ­йып жаңа көлік алуға да болар еді. Бірақ 5 млн теңгеден төмен көлік бар ма қазір?», деді Азамат есімді көлік жүргізуші.

Қарапайым халықты дәл осындай дең­гейге жеткізген «ӨКМ операторынан» өзге айыптыны айта алмаймыз. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады», демекші «Қасіретті қаңтар» да осындай әділетсіздіктің, ернеуінен асып толған әлеуметтік мәселелердің ушығуынан орын алғаны белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда Пар­ла­мент Мәжілісінің отырысында «Кə­сіп­керлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-нің утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдердегідей мем­лекеттік ұйым айналысуы керек. Алым­дардың өзіне келсек, олардың став­касы қайта қаралғаны жөн», деген бо­латын.

Президенттің тапсырмасы ескерусіз қалған жоқ. Үкіметтің биылғы 19 қаңтар­да­ғы қаулысына сәйкес «өндіру­ші­­лердің (им­порттаушылардың) кеңей­тіл­ген мін­дет­­темелерінің» жаңа операторы бо­лып «Жасыл даму» АҚ айқындалды. Эко­л­огия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі еншісіне өткен кә­сіпорын, бұдан былай өндірушілер мен им­порт­таушылардың кеңейтілген мін­дет­темелері қағидатын іске асырады. Бүгінде «Жасыл даму» АҚ көлік құ­рал­да­ры мен ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу бойынша операцияларды жүр­гізу үшін штаттық режімде кәдеге жа­рату төлемдерін қабылдап, артынша төлем сертификатын беруде.

 

Қарапайым халықты қашанғы қанайды?

Белгілі болғандай, 2015 жылдан бас­тап іске қосылған «ӨКМ операторы» ЖШС осы жылдар аралығында азды-көпті 691,9 млрд теңге табыс тауыпты. Бұл туралы биыл 12 қаңтарда Үкімет отырысында Экология, геология­­ және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мә­лімдеді.­ «2016 жылдан 2022 жыл­ғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақша қаражатының көлемі 691,9 млрд тең­гені құрады. Алынған қаражат Қа­зақ­стан Республикасының қол­да­ныс­та­ғы заңнамасына сәйкес жұм­салуда. Атап айтқанда, отандық автокө­лік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлше­рінде кәдеге жарату түрінде бұрын тө­леген қаражаттары қайтарылды. Эко­ло­гиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49, 1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда қаражат қал­дығы екінші деңгейдегі банктерде сақ­та­лып, 220,6 млрд теңгені құрайды», деді ведомство басшысы.

Алайда Президенттің кәдеге жарату алымының мөлшерін қайта қарау туралы тапсырмасы әлі талқыланып жа­тыр. Биыл 8 ақпанда Үкіметтің ке­ңей­­­тілген отырысында Премьер-Ми­нис­тр Əлихан Смайылов автокөлік пен ауылшаруашылық техникаларына салы­натын утиль алымы айтарлықтай төмендейтінін жеткізді. Сонымен қатар Премьер-Министр жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы үшін 100 млрд теңге бөлінетінін де жариялады.

«Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламаларының 2 нұсқасын қа­растырып жатқанын айтқым келеді. Бірінші нұсқада жеңілдікті несиелеуге 4 жылға (бірінші жылға – 30 млрд) 150 млрд теңге бағыттау қарастырылуда. Несие беру шарттарын 2015 жылдан іске қосылған ескі бағдарламалармен бір­­дей етіп қалдыру ұсынылады», деді Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.

Екінші ұсынылып отырған нұсқа халық­тың әлеуметтік осал топтарына бастапқы жарнасыз несие беруді қа­рас­ты­рады. Оған «ӨКМ опера­то­ры» компаниясында жиналған қаражат­тан шамамен 100 млрд теңге бөлу ұсы­нылады. Сондай-ақ бір адамға берілетін несие шегін 7 млн теңге ету бастамасы талқыланып жатыр. Бұл ұсыныс қабылдана ма, жоқ па, ол жағы экономикалық тиім­ді­лігі мен мақсатына байланысты ай­қын­да­ла­ды. «Қалай болғанда да, екі нұсқа да қазіргі уақытта межесіне жет­кен жоқ. Олар Индустрия және инфра­құ­ры­лым­дық даму министрлігі ұсын­ған түрде қабылданбауы да мүмкін. Сон­дықтан нақты шешімдер туралы ай­туға әлі ерте. Жалпы алғанда, 2022 жылы барлық құжаттық және заңдық про­цестері аяқталғанда жеңілдікпен авто­не­сиелеудің жаңа бағдарламасы іске қо­сылады», деді Ж.Омархан.

Осылайша, алдағы уақытта Прези­дент­тің тапсырмасы бойынша халыққа жеңілдікпен автонесие берудің жаңа бағдарламасы әзірленеді. Бүгінде бағ­дарламаны қайта іске қосудың бір­не­ше нұсқасы қарастырылып жатыр. Соның бірінде көпбалалы отбасылар­ды, күш құрылымдары қызмет­кер­лерін, дә­рігерлер мен мұғалім­дер­ді қолдау жө­нінде кіші бағдар­ла­ма қо­су ұсы­ны­ла­ды. Сондай-ақ «Бірін­ші от­ба­сы­лық автомобиль» кіші бағ­дар­ла­ма­сын қосу мүмкіндігі қарас­ты­рыл­ған.

Айта кетейік, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы елімізде 2015 жылы іске қосылған болатын. Бұл несие 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 млрд теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револь­вер­лік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30 525 қа­рыз берілді. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөлікті сатып алған. Жеңілдікпен автонесие беру бағ­дар­ламасының бірқатар шарттары бар. Мәселен, 1 жеңіл автокөлік құны 15 млн теңгеден, несие мерзімі 7 жылдан, несие алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауы тиіс. Бүгінде аталған бағдарламамен елімізде құрастырылған Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдерді сатып алуға болады.

 

Автонарықта әділ бәсеке жоқ

Былтыр елімізде 92 800 көлік өнді­ріліп­ті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 75 мың шамасында болған еді. Яғни 1 жылда отандық автоөндіріс саласының қарқыны 24%-ға артқаны байқалады. Мәселен, былтыр 9 айда «СарыарқаАвтоПром» 38 мыңнан аса автомобиль шығарып, бұл көрсеткіш 2020 жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 147%-ға артты. Пан­демияға қарамастан, автозауыт жы­лы­на 60 мың автокөлік шығарып келеді. Қостанайдағы зауыт бүгінде JAC, Chevrolet, Kia, Renault, Lada, SAZ брендтердің өнімдерін шығарады. Елдің ішкі нарығын қамтумен қатар, сол 9 айда зауыт 5 мыңнан аса көлігін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттеріне экспорттады. Отандық автоөндірушілер кедендік баж салығынан, тауарға қо­сыл­ған құн салығынан, табыс салы­ғынан босатылған. Бұған қоса 2015-2020 жылдар аралығында жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына 82 млрд теңге қарастырылды. Соған қарамастан көлік бағасы «жарықтың жылдам­ды­ғы­мен» жоғарылап барады. Мәселен, Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының дерегіне сүйенсек, 2015 жылдан бері елімізде жа­ңа көліктердің орташа бағасы 2 есе қым­бат­тапты.

Бүгінде ел аумағында шамамен 4,5 млн-ға жуық автокөлік бар. Соның тең жартысы осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын өндіріліпті. Мәселен, колеса.кз сайтында 1992 жылы (осыдан 30 жыл бұрын) шығарылған Audi 80 көлігінің орташа құны елімізде 1 398 849 теңгені құрап отыр. Ал дәл осы жылғы Toyota Camry көлігінің орташа бағасы 1 960 887 теңгеге теңеседі. Темір тозбай тұрмайды. Соған қарамастан үш онжылдықты еңсерген көліктің өзін көп адам қолма-қол ақшаға ала алмайды. Әсілінде, әлемнің өзге елдерінде 30 жыл ой мен қырды шарлаған көліктердің құны ары кетсе 300-400 мың теңгеден аспайды. Тіпті одан да арзан болуы мүмкін. Алайда жалпақ жұрттың жанына бататын жалғыз ол ғана емес. Айталық, 2015 жылы небәрі 3,5 млн теңге тұрған Toyota Corolla көлігі жеті жыл жүрілген соң орташа бағасы 8 480 000 теңге деп көрсетілуінде. О заман да бұл заман, мінілген көлік бастапқы құнынан 3 есеге жуық қымбаттаушы ма еді? Бұдан соң еліміздегі автокөлік нарығы әділетті деп айтуға ауыз бармайды.

Соның барлығына жалғыз-ақ кәдеге жарату алымы мен алғашқы тіркеу жар­насының жаға ұстатарлық қым­бат­шылығы кінәлі. Осыны мойындайтын һәм тиісті шара қабылдайтын кез келді. Әрине, кәдеге жарату алымы Қазақстанға ғана тән алым түрі емес. Дамыған елдерде мұндай алым 100 мың теңгеден аспайды. Ал біздің мемлекетте бірнеше млн теңгені құрайды. «Әкесін сабағанды көрдім. Бірақ әкесін арбаның доңғалағына байлап қойып сабағанды көрмедім» демекші, бүкіл әлемде кәдеге жарату алымы бар. Тек Қазақстанда ғана оны адамның қолы жетпестей етіп аспандатып қойған.