ПАРИЖ. Франциядағы президенттік сайлауға екі ай қалғанымен, саяси науқан әлі басталмаған секілді. Оңшылдар да, солшылдар да өз үміткерлерінің ұтып шығатын аймақтарын белгілеп, сонымен айналысып жатыр. Олардың әрқайсысы қазіргі президент Эммануэль Макронға қарсы тұрғаннан гөрі ішкі мәселелерін шешуге көбірек көңіл бөлетіндей.
Солшылдар тарапынан додаға түсетін жеті кандидат сайлаушылардың 25 пайызының қолдауына таласады. Оңшылдар тарапынан да дәл осындай бәсеке бар. Осылайша, үш үміткер центристермен бірлесіп электораттың 45 пайызын бәске салады. Әлеуметтік сауалдамалар қазіргі таңда Макрон бірінші турда 25 пайыз дауыспен жеңіске жететінін көрсетіп отыр. Содан кейін екінші турда президенттікке қайта сайланбақ. Сондай-ақ екінші турға «Ұлттық алаң» партиясының басшысы Марин Ле Пен немесе дәстүрлі оңшыл орталық Les Républicains партиясының өкілі Валери Пекрес екеуінің біреуі өтеді.
Макрон басты қарсыластарының өзара саяси тартысына қанағаттанатын сияқты. Ол өзінің кандидатурасы туралы ресми мәлімдемені ақырғы сәтке дейін қалдырып, бірінші раундтағы пікірсайыстарға қатыспайтынын ашық айтты.
Макронның Франциядағы саяси өмірді керемет ұстануы таңғаларлық. Көптеген демократиялық елде саясат барған сайын полярлана түскен. Солшылдар мен оңшылдар бір-бірін жақтырмайды. Осындайда Макрон қалай қалыпты центристік ұстанымды сақтап қала алды? Мұның себептерінің бір бөлігі 2017 жылғы сайлаудағы ерекше жағдайға байланысты.
Сол кездегі саяси бәсекеде солшылдардың негізгі кандидаты, президент Франсуа Олланд беделінен айырылғаны соншалық, оның рейтингі мерзімі аяқталуға бір жыл қалғанда 4 пайызға дейін түсіп кетті. Соған байланысты ол сайлауға түсуден бас тартты. Дәл осы кезеңде де оңшылдардың негізгі кандидаты Франсуа Фийон қаржылық жанжалға ұрынып, ақша жымқырды деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Осындай ерекше оқиғалардан бөлек, солшылдар мен оңшылдардың радикалдануының күшеюі де Макронның оң жамбасына келді. Осылайша, ол екі тараптың да экстремистік көзқарас ұстанып кетуіне алаңдаған центристік ұстанымдағы халықтың қызу қолдауына ие болды. Сөйтіп электораттың үлкен блогын біріктіруге мүмкіндік алды. Макронның командасы сайлау науқаны кезінде «медиан-сайлаушы» стратегиясына сүйене отырып, орташа солшыл сайлаушылардың (олардың көпшілігі оған адал болып қала бермек), сондай-ақ орташа оңшылдардың даусын жеңіп алды.
Ipsos компаниясы таяуда 10 мыңға жуық электоратқа сауалдама жүргізіп, Франциядағы сайлау үдерісіне жаңаша талдау жасаған-ды. Соған сүйенсек, бұрын Олландты қолдаған солшыл сайлаушылардың пікірі өзгергенін көрсетеді. 2012 жылы бұл топ сайлаушылардың 28,5 пайызын құрады. 2017 жылы бұрын Олландты қолдаған сайлаушылардың 46 пайызы Макронға дауыс берген. Енді осы электораттар сегменті үш бөлікке бөлінген. 36 пайызы Макронды қолдайды. 34 пайызы солшыл кандидатқа қайтадан дауыс беруге дайын. Ал 29 пайызы дауыс беруге қатыспауға шешім қабылдаған.
Солшыл сайлаушылардың үлесі осылайша шамамен 18 пайызға дейін төмендеді. Нәтижесінде, центристік көзқарасқа жақын солшылдар ғана емес, жұмысшы сайлаушылардың басым бөлігі тым оңшылдарды қолдауды немесе қалыс қалуды дұрыс көрген. Солшылдар өз идеологиясын қайта жандандыруды қажет етеді. Сондықтан алдағы сайлаудағы кандидаттар негізінен Макрон саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі жағдайға дайындалуы тиіс.
Бірақ Макрон оңшылдарға да айтарлықтай әсер етті. Жоғарыда аталған сауалдамаға сүйенсек, Пекресті қолдайтындар саны 2017 жылы осы уақытта Фийонды қолдағандарға қарағанда төмен. Ендеше, оңшыл сайлаушылардың пікірі өзгеріп, басқа үміткерді таңдауды дұрыс көрген.
Фийон сайлаушыларының шамамен 29 пайызы Макронға дауыс беруге дайындалып жатыр. Ал 16 пайызы Ле Пеннің әсіре оңшыл жаңа қарсыласы Эрик Земмурды қолдайды. Осылайша, Пекресті таңдайтындар саны Фийон сайлаушыларының тек 48 пайызын ғана құрайды. Пекрестің көздегені центристік оңшылдардың да, әсіре оңшылдардың да қолдауын иелену. Бірақ Пекрес кейінгі кездері әсіре оңшыл ойшыл Рено Камю негізін қалаған нәсілшілдік «үлкен алмастыру» теориясына ерекше екпін береді. Сондықтан оның тек әсіре оңшылдардың қолдауына ие болатыны анық. Солшылдар сияқты, дәстүрлі оңшылдар да экстремистік көзқарастағы пікірлестерімен күресуге мәжбүр.
Солшылдар үшін де, оңшылдар үшін де басты түйткіл – алдағы сайлау электораттардың идеологиялық тазалық сынағы емес, ең алдымен күнделікті мәселе толғандыратын уақытта өтуі. Ipsos сауалдамасының нәтижесіне сүйенсек, сайлаушыларды негізінен сатып алу қабілетінің төмендеуі (44 пайыз) және коронавирус пандемиясы (35 пайыз) алаңдатады.
Негізінен вакциналау мен жанар-жағармай бағасына қатысты бұл мәселелер идеологиялық беделге ықпал етпейді. Оңшылдар Макронды фискалдық проблигация үшін айыптай алмайды. Өйткені халық мемлекеттің тапшылық және қарызға тап болғанда қаржылық қолдау көрсеткенін қалайды. Бірақ солшылдар да таразы басын өздеріне аударуы қиын. Франция тұрғындары энергетика бағасының өсуіне қарсы қатты наразылық білдіреді. Сондықтан қазба отындарға салынатын салық мөлшерін ұлғайтуды қиындатады (тіпті тұтынудың жаңа моделін нығайтуға көмектесетін шаралар болса да).
Шарль де Голль мен Валери Жискар д'Эстэн екеуі де өз дәуірінде куә болғандай, француз саясаты ешқашан ұзақ уақыт бойы тынышталып қалмайды. Көпшіліктің пікірінше, 1965 жылы де Голль өзінің қайта сайланатынына сенімді болды. Дегенмен осындай артықшылыққа қарамастан, Франсуа Миттеранмен бірге екінші турда бәсекеге түсті. Кейінгісін коммунистік партия мен солшылдар қолдаған еді. Сол секілді оңшыл орталық президент Жискар д'Эстэн 1981 жылы қайта сайлауда жеңіске жететініне сенімді еді. Бірақ екінші жаһандық мұнай дағдарысы әсерінен ол Миттеранға есе жіберді.
Биылғы науқан да бізді таңғалдыруы мүмкін. Өйткені басты кейіпкер әлі саяси сахнаға шыға қойған жоқ.
Дэниел КОЭН,
Париж экономика мектебінің директорлар кеңесінің президенті, The Inglorious Years: The Collapse of the Industrial Order and the Rise of Digital Society (Принстон университетінің баспасы, 2021) кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org