Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында Үкіметке утиль алымының мөлшерін қайта қарауды тапсырған еді. Содан бері азды-көпті бір айдан астам уақыт өтті. Арнайы жұмыс тобы құрылып, бірнеше отырыс өткізді. Жан-жақты талдау жасалды.
Осылайша, соңғы шешім ақпанның соңында айқындалатын болып, күні кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында утиль алымына қатысты қабылданған шешімдерді баяндады.
Сұхбат кезінде Р.Скляр осы утиль алымына қатысты айтылып жүрген сындар мен жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Әңгіме барысында бірінші вице-премьер кәдеге жарату алымы, оның не үшін енгізілгенін, қандай өнім түрлеріне қолданылатынын және жинақталған қаражат елдің қандай қажеттіліктеріне жұмсалатынын түсіндірді.
Сонымен қатар Р.Скляр еліміздің индустриялық саясатының басымдықтары, автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын отандық кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың себептері туралы баяндады.
«Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау қажет екенін нақты айтты. Халқымыздың әл-ауқатының артуы ұлттық экономиканың дамуына байланысты. Қоғамдық пікір қалыптастырып, кәдеге жарату алымын толығымен жоюды талап ететіндер шетелден техника импорттаушылардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл шын мәнінде олардың ел экономикасына қарсы екенін білдіреді», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Ол автокөлік техникасына қатысты утиль алымы 2016 жылы енгізілгенін, ал әлеуметтік желілерде оған қарсы насихаттау науқаны 5 жылдан кейін басталғанын айтты. Р.Склярдың сөзіне қарағанда, импорттаушыларды жақтаушылар автомобиль өндірісін ұйымдастыру жолдарын түсінбей, көпшілікті адастырады. Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті тікелей қолдау үшін енгізілмеген. Отандық өндірушілерге осы алым үшін алдында өздері төлеген қаражаты ғана қайтарылады. Бұл ДСҰ талаптарына сәйкес келеді. Ол бойынша өндірушілер импорттаушылар сияқты утиль алымын төлеуге міндетті. Бірақ елімізде өндірушілерге төленген қаражат қайта беріледі.
«Бұл елімізде өндірілген автокөлік бағасының өспеуі үшін жасалды. Осылайша, утиль алымы – ішкі нарықты қорғау шарасы, белгілі бір дәрежеде тарифтік тосқауыл амалы. Әлемде өз нарығын қорғаудың түрлі әдісі, импортқа толық тыйым салудан бастап шектеу шаралары, соның ішінде экологиялық шаралар қолданылады. ЕАЭО-да кәдеге жарату алымы таңдалды», деді ол.
Р.Скляр автоөнеркәсіп саласында кәсіпорындардың жабылуына, нарықтан, игерілген технологиялардан, жұмыс орындары мен халықаралық стандарттар бойынша оқытылған білікті мамандардан айырылуға әкеп соғатын қате шешімдердің салдары ауыр болатынын нақты түсіну керек екенін жеткізді. Сұхбат соңында ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сараптамалық талқылау қорытындысында қабылданған кәдеге жарату алымы мөлшерлемелерін қайта қарау жөніндегі ұсынымдар туралы хабарлады.
«Биылғы қаңтар айынан бастап Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен тауарлардың түрлі санаты бойынша кәдеге жарату төлемі мөлшерлемелерін қайта қарау бойынша жұмыс топтарының отырыстары өткізілді. Жұмысқа барлық мүдделі тарап, соның ішінде фермерлердің кейбір өкілдері қатысты. Барлығына өз ойларын айтуға мүмкіндік берілді», деді Р.Скляр.
Нәтижесінде, кабельді-өткізгіш өнімдерге, рекреациялық техникаға және елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын ершікті тартқыштарға қатысты мөлшерлемелерді нөлге жеткізу туралы шешім қабылданды. Оған қоса автокөлікке және ауыл шаруашылығы техникасына қатысты қазіргі мөлшерлемелерді 50%-ға дейін төмендету ұсынылды.
«Жасыл даму» АҚ есепшотындағы 200 млрд теңгеден астам бос қалдық халықтың игілігі үшін жұмсалуға тиіс. Біз мұны қалай жүзеге асырмақпыз? 100 млрд теңге отандық көліктерді сатып алу үшін жеңілдетілген автонесиеге беріледі. Шарты мынадай: жылдық мөлшерлемесі 4 пайыз және бастапқы жарна 0 пайыз. Бастапқы жарнасы 20 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен 7 жылға берілетін қазіргі қолданыстағы бағдарламадан айырмашылығы осында. Сегменті қымбат емес көліктер екені түсінікті. Осылайша, біздің 71 мың азаматымыз қолжетімді бағаға және қолжетімді кредиттік ресурстарға жаңа көлік сатып ала алады», деді Р.Скляр.
Үкіметтің бұл шешімін әркім әрқалай қабылдайтыны анық. Алайда осы салада еңбек етіп жүрген бірқатар сарапшы, мамандар бар. Олардың ой-пікірі, айтқан уәжі отандастарымыз үшін де маңызды болатыны анық.
«Утиль алымды 50 пайызға дейін төмендету өте орынды шешім дер едім. Алайда бұл шара отандық автокөлік бағасын реттеуге соншалықты әсер етпейді. Себебі Қазақстанда автокөлік сатуда отандық өндірушілер үлесі – 65 пайыз. Елімізде KIA, Chevrolet, Lada, Hyundai сынды жеңіл көліктер жасалады. Яғни жоғарыда аталған көліктерге утиль алымының айтарлықтай әсері жоқ. Елімізде автокөліктердің бағасы диллер және дистрибьюторларға байланысты. Әрине, бағаны мемлекет белгілемейді, мемлекет жағдай жасайды, мүмкіндік береді. Осы орайда қазір мемлекет отандық көлік өндірушілерге жағдай жасап отыр. Яғни ендігі уақытта отандық өндірушілер утильалымды көліктің бағасына қоспайды. Бүгін Үкіметте айтылған тағы бір маңызды шара – автокөлік алғысы келетіндер үшін бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген несие беруді жетілдіре түсу. Бағдарламаға сұраныс бар, сәтті іске асып келеді. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Қазір көлік алу кезегінде 15 мыңдай адам тұр. Меніңше, аталған шара халық пен қоғам үшін өте пайдалы», деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов.
Утиль алымының мұндай мөлшерде белгіленуін Қазақстан автобизнес қауымдастығының стратегиялық дамыту жөніндегі директоры Дархан Айдулов отандық өнеркәсіпті қорғаудың бір мүмкіндігі ретінде түсіндіреді.
«Елімізде осы мәселеге қатысты жыл басынан бері қызу талқылау жүрді. Әр тарап өзінің жекелеген мүддесін, көзқарасын білдірді. Соның қорытындысын халық естіді. Бүгінде Қазақстан жекелеген тәуелсіз, дербес ел болғанымен, Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіреді. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында ортақ кедендік шекара жоқ. Яғни Қазақстан болсын Ресей болсын, Беларусь болсын, өзінің жекелеген өнеркәсіптік саясатын жүргізіп отыр. Өнеркәсіпті қорғаудың барлық мүмкіндігі жасалып жатыр. Сондықтан утиль алымы елімізде Ресей және Беларусь деңгейінде болуы керек. Сондықтан біз утильалымды 20-25 пайыз ғана төмендетуді ұсынған едік. Алайда 50 пайыз да көңіл көншітеді», деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының стратегиялық дамыту жөніндегі директоры Дархан Айдулов.