Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес құрылған Байланыс және ақпарат агенттігіне бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрлігінен ақпарат, мұрағат ісі және құжаттама саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілгені белгілі. Кеше сала басшысы Асқар Жұмағалиев Агенттікке қарасты мекемелер жұмысымен жақынырақ танысуды қазақ баспасөзінің қарашаңырағынан – жарық көргеніне биыл 95 жыл толатын «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясынан бастады.
– Президент «Отанымыздың бас газеті» деп бағалаған «Егемен Қазақстанның» біздің баршамыз үшін, жалпы халқымыз үшін орны бөлек. Газеттің 90 жылдық торқалы тойына Елбасымыздың өзі келіп қатысқаны, өзінің тікелей қамқорлығымен тұрғызылған осы тамаша ғимаратты ашып бергені көп жайды аңғартады, – деді Агенттік төрағасы кездесудің басында.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов сала басшысына ұжымның тыныс-тіршілігі, газеттің қазіргі деңгей-дәрежесі, алдағы міндеттер, шешуін күткен мәселелер туралы баяндап берді. «Қазір қай салаға да қойылар басты талап – бәсекеге қабілеттілік. Ақпарат саласындағы бәсекеге қабілеттілік – ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің маңызды шарттарының бірі. Газет елдің бәсекеге қабілеттілігі әрбір адамның мына дүбірлі дүниедегі бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, өз мақалалары арқылы оқырманды жаңа мыңжылдықтың, жаңа ғасырдың тың талаптарына сай болатындай етіп ширатуды мақсат тұтады. «Егемен Қазақстанның» өзінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту бағытында мынандай мәселелерге басымдық беріледі: басылым мазмұнын (контент) жақсарту, икемділік, жеделдік, ұтқырлық, ақпараттық өнімнің даралығы, сапасы, өндіру мен тарату жеделдігі, тақырыптық қамту ауқымдылығы, кәсіби мамандану, газетті осы заманғы тәсілдермен (интернет-қолдау) сүйемелдеу, экономикалық табыстылық, тиімді менеджмент», деді бас басылым басшысы. Кездесуде газет жұмысын бүгінгі күн талабына сай ширату, соның ішінде интернеттік нұсқаны жетілдіре түсу мәселелері сын тұрғысынан сөз етілді.
Пікір алысуды қорытындылай келіп Асқар Жұмағалиев: «Ұжымның басшысының сөзінде де, сөйлеушілердің сөздерінде де табыстарды санамалап айту болған жоқ. Жалпы, жағдайдан ақпарат беріліп, алда тұрған міндеттер әңгімеленді. Бұл жақсы. Мұның өзі «Егемен Қазақстанның» ұжымы алға қойылған міндеттердің жауаптылығын толық түсінетінін, сергек сезінетінін білдіреді. Мен газет басшысының басылым тұжырымдамасы жөніндегі ойларымен келісемін. «Егемен Қазақстан» ең алдымен әлеуметтік оптимизм газеті болуы керек. Оның бетіндегі материалдар халықтың Мемлекет басшысының саясатын жан-жүрегімен сезінуіне, түсінуіне, қолдауына көмектесуге тиіс. Газет мақалалары, сұхбаттары, репортаждары біздің еліміздегі жасампаздық жұмысты көрсете отырып, адамдардың ертеңгі күнге сенімін нығайтуға тиіс. «Егемен Қазақстанның» материалдары ел халқының бірлігіне ықпал етуге, қоғамдық тұрақтылықты орнықтыра түсуге тиіс. Бұл тұрғыдан газеттің бағыты айқын» дей келіп, газет сайтына қатысты сын пікірлерін де ортаға салды. «Газет сайтын жақсарту үшін сіздерде барлық мүмкіндіктер бар. Редакцияның әрбір журналисі газетке де, сайтқа да қатар жұмыс істеуге тиіс. Ең маңыздысы – контент. Біз «Егемен Қазақстанның» жаңа жағдайдағы жұмысын газеттің таралымымен ғана емес, сайттың танымалдылығымен де өлшейтін боламыз. Мұны айқын ұғыныңыздар. Көп дүниеге жаңаша қарауға, тың тұрғыдан жұмыс істеуге тура келеді. Заман өзгеріп кетті. Біздің жұмыс тәсілдеріміз де өзгеруі керек. Мемлекеттік БАҚ-тардың үні интернет кеңістігінде қазіргіден қаттырақ шығуға тиіс. Бірте-бірте қағаз түріндегі газеттердің ықпалы азая беретіндігі, интернет-ресурстардың рөлі арта түсетіндігі анық. Бұл үдеріс бүкіл әлемде жүріп жатыр. Ол Қазақстанда да басталды. Кейбір газеттердің жабылғанын, сайтқа айналдырылғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Редакцияның әрбір қызметкерінің интернет-журналистика тәсілдерін меңгеруі міндетті. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде газеттерге қойылып отырған жаңаша талаптарға сай жұмыс істеу керек. Бүгінгі әңгіме «Егемен Қазақстанның» ұжымында осындай ұмтылыс бар екенін көрсетеді», деді Асқар Қуанышұлы кездесуді қорыта келіп.
Агенттік төрағасы акционерлік қоғам ғимаратын аралап көріп, газет шығару процесімен танысты, редакция ұжымына бірлесе атқаратын ортақ істе табыс тіледі.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».