• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Ақпан, 2022

Екі отандасымыз – жартылай финалда

246 рет
көрсетілді

Болгарияның бас шаһары – Софияда өтіп жатқан бокстан «Странджа кубогының» ірік­теу бәсекелері аяқталып, ширек финал жекпе-жектері басталды. Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша екі жерлесіміз халық­аралық турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Демек, әзірге Қазақстан құра­масының қоржынында кем дегенде екі қола медаль бар.

Жылдың алғашқы ірі турниріне қатысып жатқан жерлестеріміз Болгарияда жақсы нәтиже көрсетуде. Әзірге қазақстандық боксшылардан бірінші болып халықаралық турнирдің жартылай финалында былтырғы ел біріншілігінің күміс жүлдегері, әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Абзал Құттыбеков (92 кг) шықты. Ауыр салмақта өнер көрсететін отандасымыз ширек финалда қазақстандық бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс испаниялық Эммануэль Рейеспен жұдырықтасты.

Естеріңізде болса, ол былтырғы Токио Олимпиа­дасында Василий Левитті екінші раундта нокаутпен жеңген еді. Сербиядағы әлем біріншілігінде қола жүлде алған Рейестің шамасы бұл жолы Абзал Құттыбековке жетпеді. Отандасымыз бірінші раундта 5:0 есебімен айқын басымдық танытса, екінші раундта Эммануэль үстем болды – 3:2. Соңғы шешуші раундты Абзал өз пайдасына аяқтап (3:2), Левиттің есесін қайтарып қана қоймай, жарыстың жартылай финалына өтті.

Жерлесіміз финалға жолдама беретін бәсекеде Өзбекстан құрамасы сапында бақ сынайтын қандасымыз Мадияр Саидрахимовпен жұдырықтасатын болды. 2020 жылы Өзбекстан чемпионатында топ жарған Мадияр ширек финалда украиналық Роберт Мартоннан басым түсті. Айта кетейік, М.Саидрахимов Сербиядағы әлем чемпионатында қазақстандық Айбек Оралбайды жеңіп, жаһандық доданың қола жүлдегері атанған еді.

Мадиярдан бөлек, осы турнирде Ресейдің қыздар құрамасында да отандасымыз бақ сынауда. Ол – Ресейдің Омбы қаласының тумасы Салтанат Меденова. Салтанат Серікқызы – Ресей чемпионы және Әлем кубо­гының иегері. Сонымен қатар Салтанат жастар ара­сында Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.

Еншіміздегі екінші жартылай финалдың жолдамасы қыздар арасында ауыр салмақта сынға түсетін Ләззат Күнгейбаеваға (81 килодан жоғары) тиесілі. Бір қызығы, жерлесіміз жеребе нәтижесі бойынша бірде-бір жекпе-жек өткізбей, жартылай финалда өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ Қазақстан ерлер құрамасы сапынан Санжар Тәшкенбай, Даниял Сабит (48 кг), Дамир Әбдіқадыр, Тимур Қабдешов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Бейбарыс Жексен, Оразбек Асылқұлов (57 кг), Василий Самчук (60 кг), Абзал Серік (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг) және Нұрлан Сапарбай (92 килодан жоғары) жартылай финалға шығуға талпынып көреді.

Ал қыздар құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Балауса Мұздыман, Дина Жоламан (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (70 кг), Надежда Рябец (75 кг), Анастасия Баязитова (81 кг) және Валерия Аксенова (81 килодан жоғары) ширек финалда жұдырықтасады.