Утильалымды 50 пайызға дейін төмендету өте орынды шешім дер едім. Бірақ алым мөлшері көлік бағасына уақытша әсер етеді. Біз – импортқа тәуелді елміз.
Көлік индустриясы да импортқа тәуелді. Мысалы, Hyundai Accent 2011 жылы 15 мың доллар еді, қазір де осы бағада. Бірақ үш жыл бұрынғы теңге бағамы мен қазіргі бағаны салыстыруға болмайды. Бірақ импортқа, импорт долларға тәуелді болған соң амал жоқ. Заман көші алға жылжыған сайын технология да жаңарып жатыр. Көліктің технологиялық жағынан жарақтандырылуы бірінші кезекте бағасына әсер етеді.
Соңғы үш жылда логистика 3,5 мың доллардан 11,7 мың долларға дейін қымбаттады. Жаңа тасымалдаушылармен келісімшартқа жақында ғана қол қойдық. Содан кейін тасымалдау бағыты да өзгерді. Бұрын Қытай арқылы тасымалдасақ, қазір Қиыр Шығыс арқылы алып келуге мәжбүрміз. Қытай арқылы 30 күнде жетсе, жаңа бағытқа 45-60 күнді жоғалтамыз. Баға ең алдымен локализацияға, нарықтағы сұранысқа тәуелді. Айналымға шыққан көліктердің саны көбейген сайын оның өзіндік құны арзандайды. Бізде бұл мүмкін емес.
Ресейде 1 мың адамның 300-інде көлік бар. Ал Қазақстанда 1 мыңға шаққанда 200 адам көлік тізгіндеген. Соның 7-8 пайызы ғана көлікті салоннан сатып алады. Қалғандары сырттан келетін ескі көліктерді алғанды тәуір көреді. Демек қазақстандықтардың көлікке деген қажеттілігін ескі-құсқы болса да импорт қанағаттандырып отыр. Ал импорт көлік неге арзан деген мәселеге келсек, оған да жауап дайын. Елімізде 3,5 млн-нан астам жеңіл автокөліктің 12 пайызы ғана жеті жыл бұрын зауыттан шыққан. Қалғаны ескі. 20-30 жылдан асып кеткен көліктер бізде жетіп-артылады. Ал дамыған елдерде автокөліктердің ескісін өткізеді, жояды. Көзін тапқандары – дамушы елдерге асырып жібереді.
Біздегі жағдайды олармен салыстыруға тіптен келмейді. Қысқасы, Қазақстан ескі көліктердің мұражайына айналды. Көлікті 100 пайыз өзімізде құрастырсақ, баға арзандап кетеді деу қисынсыз. Бәрі локализацияға байланысты.
Дегенмен көлік бағасын арзандататын мүмкіндіктердің бәрін қарастырып жатырмыз. Біз бірінші кезеңде дәнекерлеу, сырлау, екінші кезеңде тағы бір үлгіні меңгеруді жоспарлап отырмыз. Осы жобаны жүзеге асыру үшін Hyundai Motor компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр.
Қазақстанда да, Ресейде де көлік бағасы доллар бағамына тәуелді. Қазір ел ішінде делдал компаниялар туралы әңгіме көп. Ортадағы делдалдар баға факторына әсер ете ме деген мәселе бізге де жұмбақ. Бірақ заңмен шектемеген соң олардың жұмысын тоқтату мүмкін емес. Мысалы, үйді сатқан кезде оны бір жылдың ішінде келесі адамға сатпау туралы шарт бар. Ал автокөліктерге қатысты ондай шарт жоқ. Сол себепті зауытқа келіп, көлік алып, оған 10 пайыздық үстеме баға қосып сатып жүргендер жайлы жиі естиміз. Заңда қаралмаған соң олардың жұмысын шектеу мүмкін емес. Біз делдал компаниялармен жұмыс істеуге мүдделі емес екенімізді тағы да айтқым келеді. Қазір Қазақстанның кез келген адамына салонға келіп, автокөлікті өз бағасына алуына мүмкіндік бар.
Бекнұр НЕСІПБАЕВ,
«Астана Моторс» бас директоры