• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Қаржы бақылау қырлары

416 рет
көрсетілді

Үдемелі индустриялық-ин­но­ва­циялық дамудың сапалы жаңа деңгейіне көшуі көптеген бағдар­ламалық құжаттардың қабыл­дануын көздейді. Белгіленген мақсат­тарға қол жеткізу үшін шетелдік инвестициялар тартылып, жоғары технологиялар қолданылып, ауқымды бюджет қаражаты салынады. Алайда, олардың табысы тек нақты айқындалған стратегиямен ғана емес, бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылаудың сапасымен де анықталады. Бұл функция­ны мемлекеттік қаржылық бақылау органдары атқарады. Мемлекеттік қаржылық бақылау – жай ғана бюджет процесін қадағалау тетігі емес, мемлекеттің бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігіне қаржылық бағалау жүргізуге бағытталып, экономиканың жай-күйін мониторингілеу. Есеп комитеті Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне тіке­лей бағынатын және есеп бере­тін, республикалық бюджеттің атқа­рылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссиялары жүзеге асырады. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының сапалы жұмысы, олардың өзара тиімді іс-қимылы еліміздің тұрақты әлеуметтік-эконо­микалық дамуына ықпал ететін, мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды тетігі болып табылады. Есеп комитетіне заң жүзінде тексеру комиссияларының қызметін әдіснама, кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру бөлігінде үйлестіру функциясы бекітілген. Бүгінгі таңда Есеп комитеті атал­ған бағытта ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте Есеп комитеті заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізе отырып, Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына жауап беретін, жергілікті деңгейдегі сыртқы мемлекеттік қар­жы­лық бақылаудың тәуелсіз органы ретінде тексеру комиссияларын институционалдық бекітудің қажеттігі жөнінде бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Мемлекет бас­­шысы 2011 жылғы 2 мамырда Жарлыққа қол қою арқылы осы мәсе­леде бізге қолдау білдірді. Атал­ған Жарлықта мемлекеттік орган болып табылатын тексеру комиссияларын құру көзделген. Тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттердің атқарылуын бақы­лайтын, сыртқы мемлекеттік қар­жылық бақылаудың тәуелсіз орган­дары ретінде 2011 жылдан бас­тап жұмыс жасай бастады (бұған дейін олар мәслихаттар аппаратының құрамына кірген болатын). Аталған өзгерістер өңірлерге берілетін трансферттер мен субвенциялар ұлғайып жатқан кезде жергілікті жерлерде сыртқы бақылау органдарының мәртебесін нақты күшейтіп, рөлін арттырудың объективті қажеттігінен туын­дады. Бұл ретте жергілікті бюджет­тің көптеген мемлекеттік бағдар­ламаларды іске асыру көзі болып табылатыны, оның қаражаты нақты секторды дамытуға, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнесті қолдауға, басқа да міндеттерді шешуге жұмсалып жатқаны да ескерілді. Тексеру комиссиялары қызметінің толыққанды жұмыс істеуі үшін Есеп комитеті және Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі  Бюджет кодексіне, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы заңға тексеру комиссияларының өкілеттіктерін бекітетін тиісті өзгерістер енгізді. Есеп комитеті тексеру комиссия­лары туралы үлгі (өз құжаттарын әзірлеу үшін ұсыным ретінде) ере­желерді, жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы бақылауды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсы­ным­дарды бекіту бөлігінде сыртқы бақылауды жүргізудің бірыңғай әдіснамасын қалыптастыру, сондай-ақ, тексеру комиссиялары кадрларының біліктілігін арттыруға ықпал ету бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізді. Әзірленген тиісті әдістемелік құралдар облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссияларына жұмыста қолдану үшін жіберілді. Есеп комитеті жіберген құжаттар­дың үлгі жобалары негізінде тек­серу комиссиялары өз ережелерін, регламенттерін, аппарат құрылымын бекітті. Сондай-ақ, жоспардың, бағдарламаның, жұмыс жоспарының, тапсырманың, қорытындының, қаулының, ұсынымның нысандары мен құрылымы, бақылау актісі бланкісінің, бақылау актісі және бақылау өлшемі (тексеріп қарау) актісі құрылымының, анықталған бұзушылықтар тізілімінің нысандары мен сипаттамасы бекітілді. Сонымен қатар, аумақтарға шыға отырып, тексеру комиссияларына әдіснамалық көмек көрсету практикасы қолданылуда. Есеп комитеті жергілікті бақылау органдарының қызметкерлерін оқыту­ға практикалық көмек көрсету, олардың жоғары кәсіби деңгейіне қолдау көрсету сияқты маңызды бағытқа ерекше көңіл бөледі. Оқу қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталықтың базасында жүргізіледі, ол жерде оқу жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Семинарларды өткізуге қаржылық бақылау саласының тәжірибелі мамандары ғана емес, сонымен бірге, шетелдік лекторлар – әлемнің алдың­ғы қатарлы жоғары қаржы бақылау органдарының өкілдері тартылуда. Сондай-ақ, оқу қашықтықтан білім беру технологиясын қолдану арқылы (өндірістен қол үзбей) жүзеге асырылып отыр. Мәселен, 2013 жылы 24 біліктілікті арттыру семинары өткізіліп, оған мемлекеттік қаржылық бақылау саласының 553 қызметкері, соның ішінде тексеру комиссиясының 416 қызметкері қатысты. Ағымдағы жылға жалпы саны 650 тыңдаушы қамтылатын, соның ішінде, халықаралық бухгалтерлік есеп пен аудит стандарттары саласында әлемдік деңгейдегі екі шетелдік сарапшыны шақыра отырып, 22 семинар өткізу жоспарлануда. Есеп комитеті және тексе­ру комиссиялары арасындағы сын­дар­лы өзара іс-қимыл жолына маңызды қадам – Сыртқы мем­­ле­кеттік қаржылық бақылау орган­да­рының үйлестіру кеңесін құру болды. Аталған консультативтік-кеңесші орган қызметінің мақсаты сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, жұмысты ұйымдастырудың бірыңғай қағидаттары мен әдіснамасын жасау болып табылады. Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы 2011 жылғы қыркүйекте Астана қаласында тексеру комиссия­лары төрағаларының қатысуымен өтті. Қазір мемлекеттік қаржылық бақылаудың ең өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланатын осындай отырыстар жылына кемінде екі рет өткізіледі. Осылайша, тексеру комиссиялары жүргізетін пәрменді және нәтижелі бақылау үшін барлық жағдай жасалған деп нық сеніммен айтуға болады. Тексеру комиссиялары сыртқы қаржылық бақылаудың толыққанды органы ретінде қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасауда. Жергілікті жерлерде қаржылық бақылаудың пәрменді органдарының құрылуының арқасында жүргізіліп жатқан бірлескен бақылау қызметі кең ауқымды бақылауға, бюджет процесін бақылау іс-шараларын барынша толыққанды қамтуға және даму үстіндегі салалардың осал тұстарын анықтауға ықпал етеді. Мәселен, мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қолданатын бақылаудың тиімді нысандарының бірі қосарлас бақылау болып табылады. Қосарлас бақылауды мемлекеттік қаржылық бақылау органдары кейіннен олардың нәтижелерімен алмаса отырып, келісілген мәселелер мен жүргізу мерзімдері бойынша өз бетімен жүзеге асырады. Мысалы, 2013 жылы Есеп комитеті және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тексеру комиссияларымен қосарлас тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге даму үшін аса зор мәні бар Үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының, Жұмыспен қамту - 2020 бағдарламасының іске асырылу барысына бағалау жүргізді. Өкінішке орай, жүргізілген бақылау іс-шарасының қорытындысы бойынша оның орындалуына тиісті мониторингтің жүргізілмегені және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың болмағаны, жергілікті атқарушы органдардың жекелеген көрсеткіштер мен нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені, сондай-ақ, нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімде көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалмағаны анықталды. Сөйтіп, бағдарламаның іске асырылу тиімділігінің деңгейі төмендеген. Есеп комитетінің жүргізген ба­қы­лауының қорытындысы бойынша берген ұсынымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, Үкімет 2013 жылғы маусымда «Жұмыспен қамту-2020 жол картасының» жаңа құжатын бекітті. Онда бұған дейін қолданыста болған «Жол кар­тасы» және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары біріктіріліп, экономиканың өсуін және халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша дағдарысқа қарсы ден қою шаралары көзделген. Сыртқы қаржылық бақылау органдары жүзеге асырып отырған маңызды мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылу тиімділігін бағалау, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері болып табылатын мемлекеттік орган­дар­дың қызметін бақылау жалпы­мем­лекеттік міндеттерді шешу тұрғы­сы­нан алғанда, ел басшылығына және жұртшылыққа бюджет қара­жа­тын алушылардың жасаған жұмыс­тарының түпкілікті нәтижелері туралы толық және объективті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, нәти­желердің көрсеткіштері арқылы мемлекет қажет емес шығындарды қысқарту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ресурстарды анағұрлым қажетті және нақты қайтарымы болатын салаға бағыттау мүмкіндігіне ие болады. Өкінішке орай, Есеп комитеті жыл сайын қаржылық бұзушылықтар санының ұлғайғанын атап өтеді. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы елеулі кемшіліктер мен заңнамадағы олқылықтарға байланысты болып отыр. Аталған мәселелер Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттерді орындауда да өзектілігін сақтауда. Қазіргі уақытта болашаққа нық сенім­­мен қарап, еліміздің 2050 жыл­ға дейінгі Даму стратегиясын табыс­ты іске асырудамыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев белгілеген бағыттар Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің артқанын растап отыр. Бұл ретте, мемлекеттік қаржылық бақылаудың түрлері мен бағыттарын қайта құрылымдау, іске асырудың институционалдық ерекшеліктері, дамудың қазіргі кезеңінде бақылау­дың заманауи нысандарын енгізу бөлігінде мемлекеттік қаржылық бақылау әлеуетін жандандыру басым міндеттердің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы әлемдегі ең озық тәжірибенің негізінде мемле­кеттік аудиттің кешенді жүйесін құрудың қажеттігін атап өткен болатын. Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінен мемлекеттік аудитке көшу сыртқы қаржылық бақылау органдарына өз қызметін озық халықаралық стандарттарға сәйкес анағұрлым тиімді және сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әрине, тексеру комиссияларына қолдау көрсету әрдайым біздің назарымызда болады. Есеп комитеті жергілікті жерлердегі бақылау органдарына ақпараттық, анықтамалық және әдістемелік көмек көрсетуді, олардың қызметін жетілдіруге және оның тиімділігіне ықпал етуді одан әрі жалғастыра береді. Ерлан ТҰРЛЫБЕКОВ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау есеп  комитетінің мүшесі.