• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Үмітті көктем, тиянақты әзірлік

250 рет
көрсетілді

Шаруа адамы қашанда ауа райының қас-қабағын қарайлай жүретіні белгілі. Әсіресе, диқан қауымы. Соңғы жылдары қуаңшылықтың құрығынан шыға алмай жүрген ақтөбелік егіншілер биылғы көктемнен үлкен үміт күтіп отыр. Оның да реті бар, былтыр күз жауын-шашынды болды, қыста қар мол түсті. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, өткен жылдың қазан айы мен үстіміздегі жылдың наурыз айы аралығында облыс бойынша орташа 151,2 мм. ылғал түскен. Бұл 2012 жылғы деңгейден 60 пайызға жоғары. Ылғалдың молдығы жері құнарлылау Мәртөк, Әйтеке би, Хромтау аудандарында байқалады. Мұның өзі диқан қауымының бойында мол астыққа деген сенім ұялатады. Үстіміздегі жылы ақтөбелік егіншілер 667,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын сепкелі отыр. Оның 505,5 мың гектары дәнді дақылдар, ал, 107,5 мың гектары мал азықтық дақылдар. Сондай-ақ, 45 мың гектарға майлы дақылдар, 5,3 мың гектарға картоп және 3,9 гектарға бақша дақылдарын өсіру көзделуде. Жалпы, соңғы жылдары егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру нәтижесінде мал азықтық дақыл алқаптарын кеңейуге бағыт ұсталуда. 2011 жылы бидай алқабы жалпы егіс көлемінде 71 пайызды құраса, өткен жылы 58 пайыз болды. Ал мал азықтық дақылдар алқабы осы кезеңде тиісінше 75,5 мың гектарға орналастырылса, биыл 176,6 мың гектар болғалы отыр. Өткен жылы үстіміздегі жылдың егісіне 262 мың гектар жер дайындалды, оның 151,1 мың гектары қайырылып жыртылса, 111 мың гектарына сүдігер көтерілді. Сонымен бірге 263,7 мың гектарға қар тоқтатылды. Қазір көктемгі егіс жүргізуге қолда 6,4 мың трактор, 107 жоғары технологиялы егіс кешені, 4,5 тұқым сепкіш,1,6 мың топырақ өңдеу агрегаты, 1,8 мың жүк автокөлігі және 2,9 мың тіркеме бар. Қолда бар техниканың жарақтылығы қазіргі таңда 90 пайызды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 309 жаңа техника сатып алған. – Қар еріп, көктем шыға диқан қауымы ертеңгі күнге үміт арта қимылдайды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, топырақтың ылғалы да анағұрлым жоғары. Сондықтан диқан қауымы көктемгі егіске тиянақты дайындалу қамында. Әлі де алқапқа шығуға уақыт бар. Қолда бар техника толықтай дайындық сапына қойылады. Көктемгі егісті межелі уақытта өткізудің мүмкіндігі мол, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағазиев. Оның айтуынша, тұқым шаруашылығын қолдауға 154,0 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұдан басқа тұқымдық ауыл шаруашылығы дақылдарына төленетін бюджеттік субсидия мөлшері арттырылған. Мұның өзі егіншілерді ынталандыра түсері сөзсіз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.
Соңғы жаңалықтар