Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің және Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Ходжалы қырғынының 30 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінде өткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Аталар Атамогланов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли, Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Тағылымды шараға қатысушылар отыз жыл бұрын қыршыннан қиылған жүздеген боздақтарды еске алып, жазықсыз құрбандардың рухына тағзым етті.
Жиында сөз сөйлеген Академия басшысы Д. Қыдырәлі Холокост, Голодомор, қазақ даласындағы ашаршылық сынды адамзатқа қарсы жасалған кез келген алапат апатқа қарсы екендерін айтты.
«Мұндай қылмыстар дүниенің еш жерінде және халыққа қарсы жасалмау үшін әлемдік қауымдастық Ходжалы геноцидіне әділ бағасын беруі керек. Біз бүгін бауырлас Әзербайжанның елшілігінде өтіп жатқан бұл шараны қолдағанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Халықаралық Түркі академиясы геноцид қылмысын айыптайды және мұндай қайғылы оқиғалар адамзат тарихында ешқашан қайталанбасын деп тілеймін», деді Д. Қыдырәлі.
Сонымен қатар, шара қатысушыларға Түркі академиясы әзірлеген «Қарабақ: Әзербайжанның жауһары» және «Жоғалтқан бақытым. Қарабақтың шынайы оқиғалары» атты кітаптар тарту етілді.