Құмар ойынға құныққан бүгінгі ұрпақ бәс тігуден басын ала қашпайды. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түскен отандастарымыз тапқан-таянғанын жеңіл жолмен ақша табамын деп желге ұшырып жатыр. Адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіндердің саны артып келеді. Сөйтіп жүріп жиған-тергенінен, дүние мүлкінен, ең бастысы, абырой-беделінен, отбасынан айырылып жатқандар қаншама?
20 жылда 200 млн теңге ұтылды
«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Алайда бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен, игі іспен шатастырып жүрген секілді. Соның кесірінен отызында орда бұзбақ түгілі, қырығында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп шықты. Бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті. Себебі әлденеше жыл бұрын әдептің әңгімесі деп келген ойынға құмарлық әрекеті бүгінде әлеуметтік мәселеге айналып шыға келді.
Оны неге айтып отырмыз? Мәселен, жуырда Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданының тұрғыны 20 жылда 200 млн теңге ұтылғанын, ойын алаңдары өмірін ойран еткенін айтып, осындағы «Лото» клубын өртеп жіберген болатын. «Мына лото, шарик, рулетка, олимп, 1хбет, фонбет, жалпы букмекерлік конторалар қазақтың түбіне жетті. Мен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғынымын. Аты-жөнім – Әсет Игілікұлы Сүлейменов. 1985 жылы дүниеге келдім. Осы ойынды ойнап келе жатқаныма 20 жылдан аса уақыт болды. Бұл азарт ауру ма, білмеймін. Осы уақытқа дейін 200 млн теңге ұтылдым деп айтуға болады. Осы азарт менің түбіме жетті», деп жазды ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Құдай берген 4 баласын, әке-шешесін, аға-бауырларын, апа-қарындасын, достарын жерге қаратқанын айтып ашынады. Алдап ақшаларын да алған көрінеді. Тіпті ойынға ақша табу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге де барыпты.
«Ақшаны алғанша зат, мал, темір, тас, көлік қозғалтқышын, тіркемесін сатамын деп әртүрлі өтірікті айтасың. Әйтеуір сол ақшаны алудың амалын жасайсың. Сол ақшаға 1 нан алмайсың, иә бала-шағаңа бұйырмайды. Астыма көлік, басыма баспана алған жоқпын. Үйім жоқ. Қор болдым. Тепсе темір үзетін қаншама нар жігіттер осыдан қор болып жүр. Қаншама отбасы бұзылды. Қаншама адам қарызданып, өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Менің де өзіме қол жұмсаған кездерім болды. Ал енді мына Бейнеудегі лотоны өртемеске болмады. Ауылымызда осыдан басқа жынойнақ жоқ. Мен ешқандай жауапкершіліктен қашпаймын. Адамдардан алған барлық ақшам осы азарт ойындарға кетті», деді Ә.Сүлейменов.
Азамат қолымен істегенді мойнымен көтеретінін және мұндай әрекетке өз еркімен барғанын жазады. «Лото» клубындағы «кено», «русская рулетка» ойындары заңсыз екенін де айтады. «Ауылдың азаматтары, ауыл жастары мен сияқты қор болмасын. Осы өртенгеннен кейін қайта аша қоймас деп ойлаймын. Әрбір істеген ісімді басыммен көтеремін. Ауылдарыңда осындай бәлелер ашық болса, шама келгенше иелеріне барып түсіндіріңдер. Бұл азарт ойыннан ешкім ұтпайды. Баршадан кешірім сұраймын», деп түйіндеді «Лото» клубына от қойған Бейнеу тұрғыны.
Желге ұшқан 75 млн теңге
Екі онжылдықта 200 млн теңгені желге ұшырып жіберген адамды бұрын-соңды көрмеген де болармыз. Алайда мұндай жағымсыз жайттар мен опасыз оқиғалар жетіп артылады. Айталық, күні кеше Төлеби аудандық полиция бөлімшесіне Ленгер қаласының тұрғыны арызданды. Баласына алаңдаған анасының айтуынша, жасы 30-ға жақындаған ұлы үйінен шығып кетіп, қайтып оралмапты. Төрт тәулік іздейді. Ұлы ұшты-күйлі жоқ. Нәтиже болмаған соң үміті үзіле бастаған ана полицейлерге хабарласады. Аталған бөлімшенің қызметкерлері хабарлама түсе салысымен оқиға орнына жетіп, жедел-іздестіру жұмысын бастап кетеді. Іздеу жұмыстарына жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция қызметкерлері, жедел уәкілдер мен патрульдік полицейлер жұмылдырылады. Арада бір апта уақыт өткенде Түркістан полицейлері жоғалған жігітті Алматы қаласында жүрген жерінен тапты. Белгілі болғандай, табылған азамат таныстарынан 75 млн теңге қарыз ақша алып, оны құмар ойынға жұмсап жіберіпті. Ол өз сөзінде қарызға алған ақшаны қайтара алмағандықтан, Алматы қаласына қашып кетуге мәжбүр болғанын жеткізді.
Жерде жатқан 75 млн теңге жоқ. Миллиондаған сома түгілі, 75 мың теңгенің өзін таныс-тамырдың «жүз рет өлшеп, бір рет кесіп» барып беретіні анық. Яғни ойынқұмар азамат мұнша көлемді қаражатқа қол жеткізу үшін айланың алуан түріне барғаны байқалады. Алдау. Арбау. Бәзбіреудің сеніміне селкеу түсіру. Опасыз ойын осыған жетелейді. Соған қарамастан жанарды жаулаған букмекерлік кеңселердің жарнамасынан аяқ алып жүре алмайсыз.
Құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады
Жуырда Сенат депутаты Дана Нұржігітова букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салу мәселесін көтерді. Сенатор ойын бизнесі туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде бірқатар шараларды ұсынды. Оның айтуынша, депутаттарға азаматтардан көптеген өтініш келіп түседі. Осылайша, отандастарымыз букмекерлік кеңселерді жарнамалауға қатысты заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді.
«Жарнама туралы» заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде алға жылжуда. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет», деді Д.Нұржігітова.
Сенатордың мәліметінше, Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңгені құрайды. Депутат бұл мәселеге де назар аударуды сұрады. Ол сондай-ақ ойын бизнесі субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін де атап өтті. 10 млн – аз ақша емес. Ал халық саны небәрі 19 млн-ға жуық елімізде ондай ойыншылардың саны 350 мыңнан асып отырғаны көңілге кірбің ұялатады. Себебі бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Бұған заң жүзінде қандай да бір тосқауыл қоюға бола ма?
Бақсақ, болатын секілді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 2020 жылы 2 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Заңдағы 11-баптың 1 жəне 2-тармақтарында «Казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (букмекерлік кеңселердің жəне (немесе) тотализаторлардың кассалары) Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында жəне Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің жəне (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға тыйым салынады», деп анық жазылған.
Ойынға қатысуды шектеуге болады
Еліміздегі Қапшағай мен Бурабайдан өзге орындарда орналасқан казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметі заңға қайшы. Сондай-ақ Заңның 15-бабында құмар ойындарға жəне бəс тігуге жиырма бір жасқа дейінгі жеке тұлғалардың, сондай-ақ құмар ойындарға жəне бəс тігуге қатысуы шектелген адамдардың қатысуына тыйым салынады делінеді. Бұған қоса ондай орындарда құмар ойындармен жəне бəс тігумен шектен тыс əуестенудің зияны туралы ескерту, шектеу тəртібі туралы мəліметтер болуға тиіс. Ол аз десеңіз, ойынға салынғандарға, олардың жақын туыстарына психологиялық көмек көрсететін мамандардың (мекемелердің, ұйымдардың, қызметтердің) орналасқан жері мен байланыс нөмірлері көрсетілуі міндеттеледі.
Айтайық дегеніміз, Конституцияда ондай ойындардан келетін зиянды ескерту мен оның алдын алуға бағытталған заң жүзіндегі қадамдар бар. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ойыншылар шамалы. Байқасаңыз, осы заңның 15-бабындағы құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдар туралы айтқан болатынбыз. Олар қандай адамдар? Ондай шектеуді қалай қоюға болады? Бұл үшін жеке тұлға кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға еркін нысандағы жазбаша өтінішін беру арқылы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге өзін құмар ойынға қатысудан өз бетінше шектей алады. Өтініште жеке басын куəландыратын құжат деректері, құмар ойындарға жəне бəс тігуге қатысудан шектеу мерзімі, өтініш берушінің жеке қолтаңбасы болуға тиіс. Берілген өтініш қайтаруға немесе кері қайтарып алуға жатпайды. Ондай өтінішті бір ойын мекемесіне берген адам құмары оянған кезде келесі ойынханаға барып қызыққа кенеле алмайды. Неге? Себебі ойын бизнесін ұйымдастырушылардың біріне өтініш беру ел аумағындағы барлық ойын бизнесін ұйымдастырушыларға өтініш беру ретінде қаралады. Ойын бизнесін ұйымдастырушы қабылдаған жəне тіркеген өтініштің көшірмесі қабылданған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей уəкілетті органға жіберіледі.
Сондай-ақ жақын туыстары, отбасы мүшелері ойынға салынған азаматтың теріс əрекетін шектеу туралы өтінішпен уəкілетті органға жүгінуге құқылы. Уəкілетті орган мұндай өтініш келіп түскен күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлға туралы мəліметтерді құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізеді. Оған уəкілетті органның интернет-ресурсы арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана қол жеткізе алады. Ал ойынға қатысуы шектелген адамдар туралы ақпарат құпия қалпында сақталады.
«Дәніккеннен құныққан жаман». Өкінішке қарай, құмарлыққа құныққан адамдар «Заң атаулының барлығы оны бұзу үшін жазылған» деген қағидамен ғұмыр кешіп келеді. Анығында заң адамды адал, алаңсыз өмір сүруге, ал қоғамды дұрыс жолға түсіруге арналғаны анық. Тіпті «Ойын бизнесі» туралы заңы білмейтін адамдар да бар арамызда. Бәлкім, бейнеулік азамат кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға жазбаша өтініш беру арқылы өзін шектей алатынын білсе, «Лото» клубын өртемес те ме еді? Бәлкім, шектен тыс əуестенудің зияны туралы мәліметке мән берсе, Ленгер қаласының тұрғыны 75 млн теңгені желге ұшырып жібермейтін бе еді? Бұл бізге белгісіз. Белгілісі ойынқұмарлық осы күні әлеуметтік мәселеге айналды.