Саясаттанушы, публицист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Кенжеболат Жолдыбай өмірден озды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқарасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы facebook парақшасында жазды
«Кенжеболат Жолдыбай ағамның да дәм-тұзы таусылыпты. Мұндайда не жазарыңды білмейсің... Кенже-аға, бақұл болыңыз. Осы өмірде жасаған ізгі істеріңіз өзіңізге серік болғай. Ол Діни басқарманың игі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп, жанашыр болып жүруші еді. Алла алдыңнан жарылқасын, Жақсы аға. Мен Сізді жақсы көруші ем... Енді рухыңызға Құран бағыштап, дұға жасаудан басқа амалым жоқ», деп жазды ол.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та қаралы хабармен facebook арқылы бөлісті.
«Кенжеболат Жолдыбай ағамыз мәңгілік сапарға аттаныпты. Терең, тұңғиық, адамгершілігі, рухани әлемі мол азамат еді. Иманды болсын!», деді Мәжіліс депутаты.
Кенжеболат Жолдыбай 1951 жылғы 18 желтоқсанда Қарағанды облысының Жезді кентінде дүниеге келген.
Жезқазған облыстық партия комитетінде экономикалық білім беру жөніндегі кеңесші, лектор, саяси ұйымдастырушы, қоғамдық пікірді зерттеуші тәрізді жұмыстармен, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары ретінде идеология және әлеуметтік мәселелермен айналысты.
Алғашқыда Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, кейіннен 1993 жылдан Жезқазған облысы жабылған мамыр айының 1997 жылына дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық ұйымы төрағаларының орынбасары болды.