«Болашақ» қауымдастығы ұйымдастыратын StartUp Bolashaq республикалық бизнес-жобалар байқауына өтінімдер қабылдау аяқталады. Үміткерлер осы айдың соңына дейін қатысуға өтінім жолдай алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Бес жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқауға биыл 4 мыңға жуық өтінім тіркелген. Бұл – әлеуметтік жоба тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Өтінімдер саны бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы және Алматы облысы көш бастап тұр.
«Болашақ» қауымдастығының мүшесі әрі StartUp Bolashaq республикалық бизнес-жобалар байқауының бас демеушісі, Alawwal partners компаниясының басқарушы серіктесі Қаныш Аманбайұлы жоба жеңімпаздарына гранттар берілетінін айтты.
«Байқауға жолданған жобалардың көп бөлігі IT-сала, MarketPlace саласына бағытталған. Екіншісі – білім беру секторы, дизайн, сән. Қатысушылар арасында әйелдер көп. Бұл – қуантарлық жайт. Байқауда бақ сынаушылардың жасына келсек, барлық санаттағы азаматтар деуге болады. Биылдан бастап біз ешқандай шектеулер қоймаймыз, орташа жас – 28. Басты жаңалықтардың бірі – гранттар болмайды. Біз финалистердің бизнес-періштелерге өз жобаларын тікелей таныстыра алатын алаң ұсынамыз, өтініш берушілер мен инвесторлар арасында ашық, жақсы диалог орнайды. Меніңше, бұл көптеген адамдарға жақсы үлгі болады және барлығы жобаны таныстыруды, есептеуді, айтуды, қорғауды, инвестор тартуды үйренеді», деді Қ.Аманбайұлы.
Спикердің айтуынша, байқаудағы тағы бір үлкен жаңалық – бизнес-періштелерге ментор болуға мүмкіндік беріледі. Бұл – кәсібін енді бастап отырған кәсіпкер үшін үлкен артықшылық. Өйткені ол қаржыға ғана емес, өмірлік серіктеске де ие болады. Бұл бизнеске ғана емес, жалпы, өмірге де оң әсерін тигізеді. Қандай да болсын кеңестер алып, тәжірибелі кәсіпкерлердің жіберген қателіктерін білуі мүмкін. Бұл жобаға өте жақсы және нәтижелі әсер етеді.
Осылайша, биыл StartUp Bolashaq республикалық бизнес-жобалар байқауын өткізу форматы өзгерді. Бұрынғыдай гранттар берілмейді, финалистер Қазақстанның танымал және беделді бизнесмендерінің инвестициялық және сараптамалық қолдауын иеленеді. Бизнес-періштелер қауымдастығының құрамында Қаныш Төлеушин, Арманжан Байтасов, Мұрат Әбдірахманов, Қанат Көпбаев, Гаухар Қаппарова, Тимур Турлов, Ерлан Исекешев, Бейбіт Әлібеков, Динара Сәтжан және басқа да танымал тұлғалар бар. Олар перспективалы бизнес-идеяларды қарауға бірлесіп қатысуға және 100 млн теңгеден басталатын инвестициялары бар шағын және орта бизнес кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Бизнес-періштелердің инвестициялық ұсынысы бір жобаға 10 млн теңгеден бастап қаралады.
Қоса кету керек, 28 ақпанда байқауға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады, наурызда жартылай финалистер таңдалады, ал наурыз айының соңында жеңімпаздар тізімі белгілі болады. Оларды бизнесмендер, қоғам қайраткерлері, сарапшылардан тұратын комиссия мүшелері іріктейді.