Атырау облыстық перинаталдық орталық директорының міндетін атқарушы Қ.Ермағамбетовтің мәліметінше, осы кезге дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы 224 операция жасалған. Оның ішінде 124 жоспарлы, 100 шұғыл ота бар.
– Шұғыл отаның бірі жүктіліктің 32-аптасын өткеріп жүрген әйелге жасалды. Ол орталыққа 25 қаңтарда түскен еді. Сол кезде оның жағдайы ауыр болды. Оған «Ауыр дәрежелі преэклампсия. Идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура. Анемияның ауыр дәрежесі» диагнозы қойылды. Сол себептен, жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Жүкті әйелдің жағдайының ауырлығына байланысты №1 облыстық аурухананың мамандарымен консилиум өткіздік. Кейін оны елордадағы «Ана мен бала ғылыми орталығына» жеткізу туралы шешім қабылданды. Алайда одан коронавирус инфекциясының белгісі анықталып, облыстық перинаталдық орталықта шұғыл ота жасалды, – дейді Қ.Ермағамбетов.
Өмірге салмағы 1 кило 940 гр, бойы 45 см бұрымды келген. Нәрестеге бастапқыда орталықтың жансақтау бөлімінде ем-дом көрсетіліпті.
– Кейін сәбиден де қауіпті вирустың белгісі табылды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін №2 облыстық ауруханада ем қабылдады. Содан соң үйіне шығарылды. Облыстық перзентхананың мамандары күрделі отаны сәтті жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалды, – дейді Қ.Ермағамбетов.
Атырау облысы