Осыдан дәл жиырма жыл бұрын, 1994 жылғы 29 наурызда, бері қойғанда, Еуразия атты алып құрлық үшін, әріден алғанда бүкіл әлемдегі геосаяси ахуал үшін баршаны елең еткізерліктей ұсыныс жария етілді. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одақ құру жөніндегі бастамасы болатын.
Тәуелсіздікке қолы жетуі Қазақстанның орасан зор интеграциялық және ұйымдастырушылық әлеуетінің жолын ашты, ал бұл елдің толып жатқан интеграциялық бірлестіктердің бастамашылары мен қатысушыларының бірі болуын қамтамасыз етті. Н.Назарбаевтың 1994 жылғы Ресей Федерациясына тұңғыш ресми сапары кезінде М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесуінде ұсынған Еуразиялық Одақ құру жөніндегі идеясын да осы тұрғыдан қарастыру керек. Бұл ұсыныс ТМД-ның көпе-көрінеу дәрменсіздігіне байланысты айтылған болатын.
«Бұрынғы кеңестік кеңістіктің дамуы қазір екі үрдіс бойынша айқындалады деп айтуға болатын сияқты, – деді Мәскеу университетіндегі сөзінде Елбасымыз. – Біріншіден, бұл – ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы және екіншіден, ТМД елдерінің интеграциясы. Мұның бәрі де заңды. Ғылыми-техникалық өркендеу қарқындап, өткізу рыногы үшін қатал күрес қызу жүріп жатқан кезде тек бірлесу арқылы ғана өмір сүруге болады. Байқап қараңыздаршы: көпғасырлық мемлекеттілігі бар Батыс Еуропа елдері бірлесуге бет бұрып отыр. Олар әлемдік рыноктың қатаң түрде кереғарланып бара жатқанын жақсы біледі: Солтүстік Америка, Жапония және ақырында, Азияның «жас жолбарыстары». Ал бізді, бұрынғы Одақ республикаларын, тарих пен тағдырдың өзі бір қоғамдастыққа бейімдеп, даярлаған. Бізге байланыстар мен басқарудың бірыңғай нысандары мен тетіктері тән, діліміз бен басқа да көптеген нәрселеріміз ортақ».
«Біздің Достастығымызды одан әрі дамыту туралы ойларымды ортаға салсам деймін. Өкінішке қарай, бүгінде ТМД уақыттың объективті талаптарына толық мәнінде сай келмейді және оған мүше елдердің халықтарымыз соншама зәру болып отырған интеграциясын қамтамасыз ете алмайды, – деп ойын жалғастырды сонда Нұрсұлтан Назарбаев. – Достастық құрылған сәттен бері оның мүшелері бір-біріне жақындасудың орнына барған сайын алыстай түсіп барады. Ынтымақтастық туралы 400-ден аса құжат қабылданып, қол қойылғанымен, олардың барлығы дерлік әлі іске қосылған жоқ. Біздің елдеріміздің еріктілік пен тең құқықтылық қағидаттарында қалыптасқан жаңа мемлекетаралық бірлестігі негізіндегі өзара қарым-қатынастың сапалық жаңа деңгейіне ауысу қажеттігі пісіп-жетілді. Ондай бірлестік Еуразиялық Одақ (ЕАО) бола алар еді. Ол ТМД-дан өзгеше қағидаттарда құрылуы тиіс, өйткені, жаңа бірлестіктің негізін өзекті екі мәселені: біртұтас экономикалық кеңістік құру мен бірлескен қорғаныс саясатын қамтамасыз етуді шешуге тиісті жалпыұлттық органдар құрауы керек. Бұл ретте әрбір қатысушының егемендігінің, ішкі мемлекеттік-саяси құрылымының, сыртқы саясат қызметінің мүдделеріне қатысты өзге мәселелердің бәрі мызғымастан қалатынын және бір-бірінің ішкі істеріне қол сұғылмауы көзделетінін атап көрсету маңызды».
Бұл бөлекше жаңа ұсыныс болатын. Жаңа атаулының жатсына қабылданатыны сол тұста да көрінген. Бірақ, дана Уақыт бәрін де өз орны-орнына қойып келеді. Содан бергі жиырма жылдың өн бойында Нұрсұлтан Назарбаевтың мына жаһанданған дүниеде халықтың күні халықпен болатынын егемендіктің елең-алаңында, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында-ақ болжаған идеясы өзінің өміршеңдігін көрсетуде. Қазақстан басшысының алдымен Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру, одан кейін Кеден одағын құру, Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру сияқты экономикалық интеграцияның негізгі белестерін кезең-кезеңімен жүріп өту жөніндегі ұсыныстарының бәрі де бірте-бірте жүзеге асты. Алдағы кезде Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындық жүріп жатыр. Осының арқасында тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған елдер өздерінің тауарларына байтақ базар тапты, экономикалық байланыстардың сан түрлі тетіктерін іске қоса алды. Бұл арқылы бүкіл әлем бүгінде Қазақстанды жаһандық интеграциялық үдерістердің ықпалды қатысушысы деп біледі, Нұрсұлтан Назарбаевты интеграцияны халықаралық деңгейде тұрақты да табанды дамытушы аса көрнекті саясаткер деп таниды.
Елбасымыздың ел ертеңін ойлаған, болашақта мемлекеттеріміз ең алдымен экономикалық мүдде тұрғысынан ықпалдасуға түсуге тиістігіне дейін көздеген байыпты бастамасының, жасампаз жобасының жиырма жылдығына «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірдің 4-10 беттеріндегі материалдарды арнап отыр.