• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 01 Наурыз, 2022

21 фильмнің тағдыры – көрерменнің қолында

446 рет
көрсетілді

Шешімінің табылуы тұйыққа тіреле берсе де, «Қазақстан кинематографиясы қайда бет алып барады, деңгейі қандай?» деген сұрақтың қоғам алдында бір қойылуы ескі әдет, қалыпты дағды. Ал оның деңгейіне түсірілген фильм ғана өлшем бола алады.

Оқшауланып отырған екі жылды қосқанда, 2019 жылдан бері Ұлттық киноны қолдау орталығы 21 фильмді жарыққа шығарған екен. Бүгінгі күннің ең үлкен мәселесі – қаулап өспесе де, қалың шоғыр болып көрінген осы 21 картина кинотеатрлардың прокатына қалай шығады деген күрделі сауал күллі киногер қауымының басын қатырып отыр. Қазақстан халқы соңғы үш жылда өсіп шыққан актерлерді, қызықты фильмдерді тамашалауы, тануы тиіс. Сол себепті ҰКҚМО Алматы қаласы кинотеатрларының бірінде дистрибуциямен айналысатындар үшін 21 фильмнің тұсаукесерін жасады.

 

Бұған дейін қысқаметрлі фильмдердің, анимациялық туындылардың таныстырылымы өткен болатын. Ендігі жерде кино орталығының басшылары осы фильмдердің ары қарайғы тағдырына мүдделілік танытып, көмек қолын созғысы келетін дистрибюторлар мен демеушілер табылып жатса, тығыз байланыс жасауға әзір екенін айтып отыр. Осы уақытқа дейін түсірілген фильмдерді таныстыруға онлайн алаңдардың мүмкіндігі пайдаланылғанымен, бұл аздық етеді. Кино туынды үшін халықаралық алаңдағы та­ныс­­тырылым бәрінен де маңызды. Сон­дықтан алда өтетін Канн фестивалінде Қазақстанның өз жеке павильоны болуы үшін Ұлттық кино орталығы барлық мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сонда өзге де қазақстандық тәуелсіз продюсерлер де орталықпен бірге өз контентін ұсынуға қолайлы жағдай табады. Каннан басқа, Санкт-Петербургтің «Кино Экспосы», Мәскеу кино нарығы, Оңтүстік Кореядағы Пусан дәстүрлі кино алаңы, Дубай халық­аралық кино фестивалі және Таяу Шығыс елдері мен Солтүстік Африка кино нарығы­на шығуды да жоспарлап отыр.

Кино орталықтың басқарма төрағасы­ның орынбасары Бауыржан Шөкенов іс-шара қонақтарына қазақстандық киноны ілгерілету бүгінгі күні ҰКҚМО қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі екенін айтты. «Біздің алдымызға қойған мақсат – отандық кинопрокаттағы фильмдердің үлесін 30 пайызға дейін арт­тыру». Бауыржан Шөкеновтің айтуын­ша, биыл Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық фильмдерді насихаттауға және ілгерілетуге бағытталған екі бюд­жеттік бағдарламаны жоспарлап отыр. Бюджеті 104 млн теңгені құрайтын бірінші бағдарлама кинотеатрларға, ал 92 млн бөлінетін екінші бағдарлама дистрибуция және ілгерілету саласында жұмыс істейтін компанияларға арналады.

«Бүгін көрсетілген картиналарды қазақ көрермендерінің назарына жеткізу үшін осы бағдарламаларды қалай тиімді пайдалану керегін сіздермен бірге талқылағымыз келеді», деді Б.Шөкенов киноиндустрия өкілдеріне қарата.

Бұрын «қазақстандық кинопрокаттың ешкімге керегі жоқ, прокат тек арзан комедиялық фильмдерден тұрады», деп жазғыру басым болатын. Сарапшылар кеңесінің мүшелері кино жобаларды ірік­теген кезде тақырыптық жағынан аралық шек белгілемейді. Қабылдауға қиын артхаус кино немесе тарихи блокбастер, драма немесе экшн фильмдердің ара салмағын нарық өзі реттейді. Прокатқа шығатын фильмдер бағыты, тақырыбы, жанры бойын­ша алуан түрлі. Үнсіздікке бағынып үйде отырған үш жылға таяу уақытта актерлік жағынан да, режиссерлік жағынан да жастардың жұлдызды шоғыры өсіп шықты: Асқар Ілиясов, Данияр Алшынов, Шыңғыс Қапин, режиссерлер Алдияр Байракимов, Мәди Балжановтардың жұмысын халық біліп, бағасын беруі тиіс.

Қазақстан киносының фестиваль блогына тоқталар болсақ, мұнда да дебюттік фильмдер басым. Түсіріліп біткеніне ай өтпей жатып, бұл фильмдердің әлдеқандай шетелдік фестивальдердегі қазылар алқа­сы­ның қызғушылығын туғызып, жүлделі болып жатқанын естиміз. Фес­ти­валь бло­гы – байырғы және жаңа тол­қын ре­жис­серлерінің түйісетін тұсы. Дә­режан Өмірбаев, Дамир Манабаев, Ер­мек Тұрсынов, Эмир Байғазин, Ардақ Әмірқұлов, Әділхан Ержанов – танымал кинофестивальдердің байырғы қатысу­шылары. Бұл режиссерлердің фильмдері халықаралық кино нарықтың саудасын қыздыратын хит фильмдер болады деп сенім артылып отыр.

Тұсаукесерге «КиноПоиск» онлайн-кинотеатрының, «Меломан» және «Сулпак» желілерінің, Chaplin, Cinemax, «Арман» және «Кинопарк» кинотеатрларының өкілдері шақырылды. ZOOM арқылы кездесуге Астана, Қарағанды, Өскемен және басқа да қалалардағы кинотеатрлардың басшылары қосылды. Киноорталық атынан іс-шараға Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев, сондай-ақ Директорлар кеңесінің мүшелері Ғани Қасымов пен Борис Чердабаев қатысты.

Көрермендер отандық картиналардың тұсаукесеріне жоғары баға берді – көрсетіл­ген әр трейлер қошаметпен қабылдан­ды. «КиноПоиск» онлайн кинотеатрының өкілі Алла Чуджаева қазақстандық киноконтент деңгейіне қатысты: «Мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мұндай іс-шаралар жергілікті нарықта қандай жаңалықтар пайда болғанынан хабардар болу үшін, бірінші кезекте, стриминг платформалары үшін өте маңызды. Бұл нетворкинг, қарым-қатынас құруға, салада не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік беретін керемет алаң. Қазір Қазақстан расымен де киносы бар ел және біз жергілікті кинонарыққа қызығушылық танытып, байланыс жасауға құлшыныс білдіреміз» деп пікір білдірді.

Кеш жас режиссер Алдияр Байраки­мовтің «Паралимпиадашы» дебюттік филь­мінің жабық премьерасымен аяқталды. Көрермен картинаны жылы қабылдады. Тұсаукесер соңында көрермен тарапынан мынандай пікір айтылды: «Кинотеатрға шыққанда міндетті түрде барыңыздар! Фильм – тамаша. Ең бастысы, фильмді көрген соң жақсы әсерде боласыз», «Фильм өте ұнады. Шынайы, жігерлендіретін оқиға. Асқар әдеттегідей тамаша сомдады. Басты рөлді 100 пайыз алып шықты», «Бұл біздің нұсқамыздағы «1+1» фильмі, сондықтан прокатқа шыққанда бірігіп қолдау көрсе­тейік. Алдияр, Асқар, Венера, Роман, Әлім, барлығыңызды құттықтаймын, керемет­сіздер! Көріп отырып көзіңе жас келеді».

Прокатқа шыққан әр отандық фильмнің келешегі – қазақстандық намысты көрер­мен­нің қолында. Соңғы жылдары жаңа деңгейге ауысқан Қазақстан кино өнімі­нің сапасын сақтауға киногерлердің, ал про­каттағы ұлттық киноның артып келе жатқан үлесін төмендетіп алмауға әр көрерменнің мүдделілік танытуымен ғана отандық кино өнердің ары қарайғы даму жолы айқындалады. 21 режиссердің, жүздеген актердің, толып жатқан техникалық мамандардың еңбегі еш болмауы үшін Шөкеновтердің шырылдап, көрерменнен қолдау сұрап отырғаны да сондықтан.

 

АЛМАТЫ