• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 02 Наурыз, 2022

Жаңашылдық талабына сай бой түзеген абзал

426 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздегі жетекші партияның кезектен тыс съезі өтті. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін Президент елдегі барша саяси институттарды, оның ішінде Nur Otan-ды жаңартуға мықтап кіріскені белгілі.

Партия басшылығының ауысып, заман талабына сай өзгере бастағаны соның айғағы. Онсыз орын алған қасіреттің ал­дағы уақытта қайталануына жол бер­мей, әділ де гүлденген қоғамға қол жет­кізу мүмкін емес. Тиісінше «Жаңа Қазақ­стан» тұжырымдамасы халық игілігі тұр­ғысындағы нақты істермен ғана баянды болмақ.

Алайда аталған міндет кейбір шолақ белсенділердің айтуынша, қолда барды түгелімен ысырып қойып жоқтан бас­таумен немесе құр айқайшылдықпен шешілмейді. Қайта елді жікке бөліп әлсірету қазіргі кезеңнің іштегі де, сырттағы сын-қатерлеріне төтеп беру­ге кедергі келтіреді. Бұл тығырыққа тірейтін жол екенін Алаштың кешегісі мен Ресейдің бүгіні көрсетті.

Олай болса еншіміздегі мирасты талан-таражға салмай сақтап, керек болса кемшін тұстарын түзетіп, келер ұрпаққа тапсыру керек. Партияның жаңаша AMANAT деп аталуы мен осы абыройлы міңдеттің, сондай-ақ сай­лаушылардың аманатын орындау арасында айқын үндестік байқалады. Пар­тияның қайта құру бағдарламасына тоқ­талар болсақ, ол нақты әрі жан-жақты, сонымен қатар кез келген қатардағы мүше мен азамат бақылай алатын шаруалар жоспары болып табылады.

Ашықтық, әділдік, мемлекетшілдік қағидаттары AMANAT партиясының ең төменгі бірлестіктерінен бастап Мәжілістегі фракция деңгейіне дейін бұлжытпай сақталынбақ. Өз кезегінде бұдан былай партияның Президент не Төраға емес, ұлттық мүдденің, атап айтқанда Жаңа Қазақстан идея­сының айналасында топтасуы қажет. Себебі 30 жылдық тарихында Қазақ мем­лекетіндегі партия атаулылар негізінен жекелеген көшбасшылардың райына қарай құрылып, елден гөрі солардың сөзін сөйлеп келді. Мейлі билікте болсын иә, оппозиция қанатында болсын.

Ал енді осындай ойын ережелеріне икемделген ортада нағыз саяси бәсе­ке­лестік пен демократияның орнауы екіталай. Олай болса қазақтың қоғам­дық алаңында орын тепкен саяси күш­тер ескі алыс-жұлысты, бір-бірін қара­лауды қойып, жаңашылдық талабына сай бой түзегені абзал. Көктемнің ал­ғаш­қы күні бастау алып жатқан оң үр­дісті жақсылыққа жориық.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы