• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Наурыз, 2022

Қасиетті Қазақстанымыз аман болсын!

187 рет
көрсетілді

Соңғы алты жыл бойы еріктілер қатарында қайырымды іспен тұрақты айналысып келемін. Осы уақыт ішінде «көп түкірсе көл» болатынына, бірлігі бекем елдің болашағы жарқын болатынына көзім әбден жетті.

Елімізде 1 наурыз – «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Мен де осы күннің қарсаңында өткенге ой жіберіп, жеке азамат ретінде өзімнің алғысымды үшке бөліп айтқым келеді.

Ең алдымен, биылғы қаңтар айының басы халқымызға қиын болды. Ел басына қатер төндірген сындарлы сәтте, ел тәуелсіздігі сынға түскен шақта табандылық танытқан, тұрақтылықты сақтап қалған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтқым келеді. Біз бұл күндердің қаншалықты күрделі болғанын әлі түсінбеуіміз мүмкін. Соған қарамастан, қаңтардың қан­ды жарасы жазылып келеді, ел тұр­мысы қалыпты ырғағына түсті. Әлемдегі, жақын көршілілеріміздегі соңғы оқиғаларды көре отырып, ел ты­ныш­тығы ең басты байлық екеніне көзіміз жете түсті.

Екіншіден, мен өзімді дүниеге әкелген, тәрбие берген, білім берген ата-анама алғыс айтамын. Олар бізді – қарындасым екеумізді қатарымыздан қалдырмау үшін бірнеше қызметті қоса атқарып, тынымсыз еңбек етті. Мен жоғары заңгерлік білім алдым, қарындасым үш мамандықты игерді. Менің тәрбиеме өзімнің әжем, атақты партизан қазақ қызы Нұрғаным Бай­се­йітова ерекше әсер еткенін айта кетейін. Кішкентайымнан әжем мені мейі­рім­ді­лік­ке, табандылыққа, имандылыққа тәрбиеледі. Оларға алғысым шексіз!

Үшіншіден, халқыма рахмет! Бұл  – құр пафос сөз емес. Соңғы алты жыл ішінде қайырымдылықпен, еріктілік ісімен тұрақты шұғылданып келеміз. Біз атқарған игілікті істер Батыс Қазақстан облысының ішінде ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі. Қандай да бір мәселе көтеріп, мұқтаж жандарға акция жариялаған кезде халық жан-жақ­тан қаумалап, көмек қолын соза ке­теді. Күні кеше ғана Теректі ауданы­на қарасты Подстепное ауылында бір отбасына, апамызға көмектестік. Ол үйде ауыз су болмаған еді. Осы жағ­дай жарияланған сәтте қайырымды жандардың бірі тұрба берді, бірі техникамен көмектесті. Сөйтіп, апайдың аула­сы­нан құдық қазып бердік. Жиналған артық ақшаға қолжуғыш, азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді керек-жарағын алдық. Бір кәсіпкер ол үйдің кілемін тегін жуып берді.

Жақында, 22 ақпанда вайнах хал­қының депортациясы күніне орай Орал қаласында тұратын шешен халқының өкілдері 40 отбасына азық-түлік көмегін көрсетті. Біз облыстық мешітпен бір­ле­сіп, аз қамтылған отбасыларына үлес­тір­дік.

Айта кетейік, мұндай қайырымдылық істеріне мемлекеттік құрылымдар үне­мі көмектеседі. Біздің жұмысымыз әр­да­йым көппен бітетін істер ғой. Қан­дай бастама болмасын, мемлекеттік құрылымдар, әкімдіктер үнемі жәрдем бе­реді, алдымыздан шығады. Мысалы, жақында аз қамтылған бір отбасына су құбырын жеткізуге Батыс су арнасы мекемесі көмектесті. Мұндай мыңдаған мысалды айтып бере аламын.

Жетімді жылатпау, мұқтажға кө­мек­тесу – адамзат баласының бар­лы­ғына ортақ асыл қасиет. Ізгі істер де, шынайы алғыс та жомарт жүректен шығады, жылы жүректен таралады. Өзгенің қа­сі­ретін өз жүрегінен өткізетін жандар айналамызда көп болсын! Қасиетті Қа­зақ­станымыз, ортақ Отанымыз аман болсын!

 

Талғат ЧУДОБАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық ҚХА еріктілер орталығының жетекшісі

 

Батыс Қазақстан облысы