• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Наурыз, 2022

Жымпиты көтерілісі

1814 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы архив қорларымен жұмыс істеу барысында 1929 жылғы Жымпиты ауданы ауылдарының байлары мен атқамінерлерінің баскөтерулері жөнінде құжаттар кездесті. 90 жылдан астам уақыт құпия архивтерде сақталған бұл құжат Ғаббас Досмұхамедов бастаған бір топ азаматты әйгілі «елу сегізінші» баптың бірнеше тармағымен айыптаған. Ал Ғаббас – Күнбатыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедұлының туған ағасы болатын.

1928 жылы ірі байларды кәмпескелеу туралы Кеңес өкіметінің қаулысы шық­қаннан кейін ел іші ала топалаң болып кетті. Әсіресе, бай адамдардың ма­за­­сын қашырды. Астық дайындау нау­­қаны кезеңінде байлардан артық астық­ты үкіметке тапсыруын талап ету жағдайды одан сайын ушықтыра түс­ті. Осындай келеңсіздік салдарынан Бұлдырты өзенінің орта сағасында орна­ласқан №15, №19 ауылдарда бай мен кедей арасында алауыздық пайда болып, кеңестік билікке қарсы наразылық басталған. Ғаббас Досмұхамедов пен Хұсайын Әділов бастаған көтерілісшілер жасырын мәжілістер ұйымдастырып, үкіметке артық астық пен ат көлік беруден бас тартқан, халық арасында кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізген, тіпті, олардың ашынғаны сондай, жайылым және шабындық жерді өртеуге дейін барған.

1928 жылдың қаңтар-ақпан айларында И.Сталиннің Сібірге астық дайындауды жеделдету үшін сапарға шыққаны тарихтан белгілі. Ол осы сапарында сөйлеген сөзінде заң саласы органдарына РСФСР Қылмыстық істер Кодексінің 107-бабын пайдаланып, астық дайындау жоспарын орындамаған шаруаларды жаппай соттауды талап етеді. Алғашында астық дайындау кеңселерінде қызмет бабын асыра пайдаланған, астықты қайта сатып, алыпсатарлықпен айналысқандар сотталған. Ал 1929 жылға қарай заң органдары тікелей астық өсіріп, сақтап отырған еңбекқор шаруаға қырғидай тие бастаған. Сталиндік қатыгез саясаттың құрығына барлық қазақ ауылдары, оның ішінде Орал округіне қарасты Жымпиты ауданы да ілікті.

...1929 жылы 15 ақпанда Ғаббас Досмұхамедовтің үйінде №15 ауыл (бұрынғы Бұлдырты болысы) байларының жасырын мәжілісі өтеді. Мәжіліске Оспан­ғали Рамазанов, Сақтаған Сухам­берлиев, Есқали Әбілғазиев, Есен Қа­ра­шолақов, Хайрулла Майданов, Төлеу­қайыр Болатов, Өтеғали Есқалиев, ат­қамінер Батырғали Жамбергенов және атқамінер, ауылдық кеңес мүшесі Дәулетияр Суханов қатысып, өздеріне кедейлер мен батырақтар тарапынан қысым күшейгенін, астық өткізудің шекті мөлшері қойылғанын айтып, кедейлерге қалай қарсы тұрамыз, артық астықты тапсырудан қалай жалтарамыз деген мәселені талқылайды. Ғ.Досмұхамедов «қалай да астық тапсырудан жалтару қажеттігін, өйткені інісі Жаһаншадан алған хабар бойынша жақын арада соғыс болып, Кеңес өкіметі құлайтынын, сондықтан ұйымдасып оңтайлы сәтті күту керектігін, кедей-батырақтармен кейін есептесуге болатынын» мәлімдейді. Мәжіліске қатысушылар бұл ұсыныспен келісіп, бірігіп әрекет етуге уағдаласып тарқасады.

Осындай жасырын жиын бірнеше мәрте өтеді. Жаһанша Досмұхамедовпен байланыс орнатуға шешім қабылдап, оған туысы Вильдан Ізмағамбетов пен Ғаббастың ұлы Нұғманды жіберуді ұйғарады. Олар қайтып келгенше артық астық тапсырудан барынша жалтара тұруға, арба көлікті мүлдем бермеуге бірауыздан келіседі.

ГПУ-дың Орал округтік бөлімінің айыптау қорытындысында «ұйымға қатысушылар бір-бірінің үйіне түн са­йын жиналып, ұзақ әңгіме-дүкен құратын болған, осының өзі жоғарыда аталған байлар мен атқамінерлердің ұйымдасқан антикеңестік қызметтерін айқындай түседі» деп көрсетілген. Сөйтіп, бұл деректі Жымпиты ауданы №15 және №19 ауылдарындағы ауқатты адамдарының наразылық әрекетін кеңестік биліктің саясатына қарсы бағытталған баскөтеру деп есептеген. Кеңес өкіметі ауыл кедейін байға қарсы қойып, таптық күресті шиеленістіре түсті. Жиналыстарда комсомол, кедей, батырақтар байларды сөкті. Артық астығын тапсырмай, жасырғаны үшін 1929 жылы мамыр айында Сақтаған Сухамберлиевке – 650 сом, 500 пұт тары, Есқали Әбілғазиевке– 1088 сом, 800 пұт тары, Төлеуқайыр Болатовқа – 600 сом, 500 пұт тары, Батырғали Жақыповқа – 2000 сом, Мүгілсін Еламановаға– 2200 сом, 200 пұт тары, ал маусымда Ғаббас Досмұхамедовке – 1300 сом, 1000 пұт бидай өткізу міндеттеледі.

1928 жылы Ғ.Досмұхамедов, О.Рама­занов, С.Сухамберлиев, Б.Жамбергенов, т.б. байларға «астық дайындау науқаны кезеңінде тарының артығын жасырды, пайда табу мақсатында кедейлерге пұтын 2-3 сомға сатты» деп кінә таққан.

Құжаттарға қарасақ, 1929 жылы қараша айында Сақтаған Сухамберлиевтің 200 жылқы, 40-50 сиыр, 100 қойынан – 2 жылқы, 4 сиыр, 10 қойы ғана қалған. Атқамінер Хұсайын Әділовтің де 10 жылқы, 15 сиыр, 100 қойынан – 1 жылқы, 3 сиыр, 10 қой қалған. Төлеуқайыр Болатовтың 12 сиырынан үшеуі қалған. Хайрулла Майданов 7 жылқы, 11 сиыр, 48 қойынан айырылған. Куәгерлердің бірінің сөзіне қарағанда, Қызылорда қаласында қызметте жүрген Жаһанша Досмұхамедов ағасы Ғаббасқа жазған хатында: «4 жылқы, 4 сиырдан басқа малдың барлығын сатып, одан түскен ақшаға үй ішіне қажетті дүниелер мен ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын алуға» кеңес берген екен.

Ауылдағы ауқатты адамдар малын жаппай сатуы Кеңес саясатына қарсы наразылықтың бір түрі болды. Бұдан басқа, билікке наразы топ Орал округінен тыс жерлерге қоныс аудару жағын да ойластырады. Бұл кезде наразы топты жазалау үшін ГПУ тарапынан қара бұлт та қоюланып келе жатқан еді. Мысалы, Ғаббас Досмұхамедовке «көлік сұрай келген ауылдық кеңес хатшысы Атулла Қожахметовті сойылмен ұрды», «бұрынғы қарызын сұрағаны үшін БЛКЖО мүшесі, батырақ Зайнулла Дановты сабады», Есқали Әбілғазиев пен баласы Өтеуғалиға «уәкіл Ғабдеш Баймұхановты қамшымен ұрып-соғып, үстіндегі киімін жыртып тас­тады», Оспанғали Рамазановқа «уәкіл Құдайберген Нұқышовты ұрып-соғып, қылғындырды» деген сияқты шағымдар толтырылған.

1929 жылы маусым айында Қособа мекенінде «Ақ жол» артелінің 100 деся­тинаға жуық шабындық және жайы­лымдық жері өртенеді. №19 ауылға қарасты Бозоба мекеніндегі 135 десятина аумақ та жанып кеткен. Тергеу бұл қастандықты Ғаббас Досмұхамедов, Төлеуқайыр Болатов, Хұсайын Әділов бастаған байлардың әрекеті деп бағалаған. 1929 жылы Жымпиты аудандық милиция бөлімі қылмыстық іс ашып, №15 ауыл азаматтары Ғаббас Досмұхамедов, Сақтаған Сухамберлиев, Дәулетияр Суханов, Батырғали Жамбергенов, Серік Бисенбаев, Өтеуғали Есқалиев, Есқали Әбілғазиев, Есен Қарашолақов, Әділгерей Үмбеталиев, Рысжан Сүлейменов, Мырзағали Оспанғалиев, Төлеуқайыр Болатов, Оспанғали Рамазанов, Айтмұхан Аташевтарды тұтқындап, Жымпитыдағы тергеу үйіне қамайды. Оларға кеңестік билікке қарсы шыққаны үшін айып тағылған. Кейін қылмысы анықталмаған Ә.Үмбеталиев пен М.Оспанғалиев босатылған. Ал жер өртегені үшін ұсталған екі жас бала Серік Бисенбаев пен Айтмұхан Аташевқа ешқайда кетпеу туралы қолхат берілген.

23 маусымда Хұсайын Әділов бастаған №19 ауылдың байларына қатысты іс қол­ға алынып, Хұсайын Әділов, Жұма­бай Купаев, Батырғали Жақыпов, Әбді­рахман Байғожиев қамалған. Кейін Ж.Купаев босатылып, куәгер ретінде қал­­ған. 2 шілдеде Мүгілсін Еламанова мен Мырзағали Темірхановты қамау жөнінде қаулы шыққан. «Буржуй» М.Ела­манованың Ақтөбе округі аума­ғын­да қашып жүргендігі айтылып, ол кейінірек қамауға алынған. 1929 жылы 24 шілдеде тергеу ісі тәмамдалып, Ғ.Дос­мұхамедов, С.Сухамберлиев, Д.Су­ханов, Б.Жамбергенов, Ө.Есқалиев, Е.Әбілғазиев, Е.Қарашолақов, Т.Болатов, Р.Сүлейменов, О.Рамазанов, Х.Әділов, Б.Жақыпов, Ә.Байғожиев, М.Еламанова, М.Темірханов – барлығы 15 адамды ОГПУ-дың Орал округтік бөліміне, яғни Орал қаласына жөнелтеді. 1929 жылы 30 желтоқсанда 16 адамға айып тағылады. Тергеу барысында 42 адамнан куәгер ретінде жауап алынған. 31 желтоқсанда қылмыстық іске қажетті дерек толық жиналғанын ескере отырып, Вильдан Ізмағамбетов пен Нұғман Ғаббасовтың қолға түспегеніне қарамастан тергеу аяқталды деп есептеп, айыптау қорытындысын дайындауға кірісу ұйғарылады.

1930 жылы 31 қаңтарда РСФСР-дің ҚК-нің 58-8, 58-9, 58-10, 58-11-баптары негізінде қорытынды шығарылып, 16 адамға «кеңестік билік өкілдеріне қарсылық білдірді, мемлекеттің және қоғам­ның мүлкіне шығын келтірді, кеңес­тік билікті құлатуға, әлсіретуге ба­ғытталған үгіт-насихат жүргізді, ұйым құрып, контрреволюциялық қылмыстарға барды» деп айып тағылған.

Архив құжаттарында төмендегі бір топ азаматқа қатысты мынадай деректер бар:

Досмұхамедов Ғаббас, 61 жаста, партияда жоқ, шала сауатты, бұрынғы ірі бай, отбасылы, сайлау құқынан айырылған, артық астығын тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, Батыс Алаш Орданың бұрынғы төрағасының ағасы, жалдамалы еңбекті пайдаланған, иелігінде 19 жылқы, 2 түйе, 2 бұқа, 5 сиыр, 28 қойы, жер үйі мен киіз үйі, шөп шабатын құралы, бір соқасы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Сухамберлиев Сақтаған, 75 жас­та, партияда жоқ, сауатсыз, бұрынғы ірі бай отбасынан шыққан, отбасылы, сайлау құқынан айырылған, артық астығын тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, патшалық кезеңде ауыл старшинасы және сот төрешісі болған, өмір бойы жалдамалы еңбекті пайдаланған, иелігінде жер үйі, киіз үйі, 2 жылқы, 4 түйе, 2 сиыр, 2 бұқа, 10 қойы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Суханов Дәулетияр, 35 жаста, пар­тияда жоқ, шала сауатты, орта шаруа, ықпалды атқамінер, сотталмаған, отбасылы, Жымпиты ауданының №15 ауылдық советінің мүшесі, байдың қойған адамы, өмір бойы ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысқан, жер үйі, 1 жылқы, 8 сиыр, 2 бұқа және 4 бұзауы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Жамбергенов Батырғали, 44 жас­та, партияда жоқ, әйелі өлген, са­уатты, орташаруа, ықпалды атқамінер, сай­лау құқынан айырылған, пара алға­ны үшін сотталған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысқан, жер үйі, киіз үйі және жылқысы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Әбілғазиев Есқали, 50 жаста, партияда жоқ, екі әйелі бар, шала сауатты, мүліктік жағдайы бойынша бай, сайлау құқынан айырылған, артық астығын тапсырмағаны және жасырғаны үшін екі рет істі болған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, 14 жылқы, 10 сиыр, 6 бұқа, 57 қой, 2 түйесі, жер үйі және екі киіз үйі бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Есқалиев Өтеуғали, 20 жаста, партияда жоқ, отбасылы, шала сауатты, малшы-шаруа, ірі бай Әбілғазиев Есқалидің ұлы, әкесімен бірге тұрады, сайлау құқынан айырылған, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Қарашолақов Есен, 23 жаста, партияда жоқ, отбасылы, бұрынғы ірі-ықпалды байдың баласы, сайлау құқынан айырылған, артық астығын тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, жер үйі, киіз үйі, 12 жылқы, 6 сиыр, 4 түйе және 104 қойы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Болатов Төлеуқайыр, 33 жаста, партияда жоқ, отбасылы, шала сауатты, бұрынғы ықпалды атқамінер, бай, сайлау құқынан айырылған, артық астығын тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, киіз үйі, жер үйі, 3 сиыр, 2 жылқы, 10 қойы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Рамазанов Оспанғали, 55 жас­та, партияда жоқ, екі әйелі бар, сауат­сыз, ірі байдың және бұрынғы ауыл стар­шынының ұлы, сайлау құқынан айырыл­ған, сотталмаған, өмір бойы жалдамалы еңбекті пайдаланған, жер үйі, киіз үйі, 6 жылқы, 6 сиыр, 1 түйе және 20 қойы, ауыл шаруашылық құралдары бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Майданов Хайрулла, 36 жаста, партияда жоқ, сауатты, отбасылы, бай, сайлау құқынан айырылған, сотталмаған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, жер үйі, киіз үйі, 8 жылқы, 5 бұзаулы сиыр, 4 түйе және 32 қойы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №15 ауылы тұрғыны. Әділев Хұсайын, 57 жаста, партияда жоқ, шала сауатты, екі әйелі бар, ауқатты, ықпалды атқамінер, сайлау құқынан айырылған, сотталмаған, патша кезінде полицияда урядник және із кезуші қызметін атқарған, 1919 жылы Алаш Орда үкіметі кезеңінде ауыл старшыны орынбасары және Жер басқармасы мүшесі болған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысқан, жер үйі, киіз үйі, 1 жылқы, 3 сиыр, 10 қойы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №19 ауылы тұрғыны. Жақыпов Батырғали, 49 жас­та, партияда жоқ, шала сауатты, әйелі өлген, бай, сайлау құқынан айырылған, артық астықты тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, жер үйі, киіз үйі, 6 жылқы, 7 сиыр, 4 бұқа, 7 түйесі, 8 бас ұсақ малы және 46 қойы бар, Орал округі Жымпиты ауданы №19 ауылы тұрғыны. Байғожиев Әбдірахман, 70 жас­та, партияда жоқ, шала сауатты, отба­сылы, бұрынғы ауқатты бай, сайлау құ­қы­нан айырылған, патша кезінде сот болған, сотталмаған, өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, жер үйі, киіз үйі, 3 жылқы, 6 сиыр, 2 бұқа, 10 қойы мен ешкісі бар, Орал округі Жымпиты ауданы №19 ауылы тұрғыны. Еламанова Мүгілсін, 46 жаста, партияда жоқ, сауатсыз, жесір, мү­лік­тік жағдайы бойынша бай (кулак), сайлау құқынан айырылған, артық асты­ғын тапсырмағаны және жасырғаны үшін істі болған, барлық уақытта ауыл шаруашылығымен айналысып, жалдамалы еңбекті пайдаланған, кәмпескелеу бойынша жер аударылған бай-жартылай феодал Еламановтың әйелі, жер үйі, киіз үйі, 24 жылқы, 8 сиыр, 5 бұқа, 5 түйе, 20 қойы және басқа да мүліктері бар, ауылшаруашылық салығын төлемеу және артық астықты бермеу мақсатында Ақтөбе округі аумағында тығылып жүрген, екі рет ұсталған, Орал округі Жымпиты ауданы №19 ауылы тұрғыны. Темірханов Мырзағали, 38 жас­та, партияда жоқ, сауатты, отбасылы, бай­атқамінер, сайлау құқынан айырылған, сотталмаған, 1928 жылы кәмпескелеу бо­йынша жер аударылған бай-жартылай феодал Еламанов Тоғайбайдың ағайыны, өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысқан, жер үйі, киіз үйі, 3 жылқы, 3 сиыр, 18 қой, 1 қашары бар, ауыл шаруашылық салығын төлемеу және артық астықты бермеу мақсатында Ақтөбе округі аумағында тығылып жүрген, Орал округі Жымпиты ауданы №19 ауылы тұрғыны. Қабақов Зайнулла, 18 жаста, партияда жоқ, бойдақ, шала сауатты, орташа-шаруа, әкесімен бірге иелігінде жер үйі, киіз үйі, 1 жылқы, 4 сиыр, 5 қашар, 1 түйе, 3 қойы бар, сотталмаған, өмір бойы әкесімен бірге ауыл шаруашылығымен және мал бағумен айналысқан, Орал окру­гі Жымпиты ауданы №19 ауылы тұрғыны.

1930 жылы 15 наурызда ОГПУ-дың саяси өкілдігі үштігінің шешімімен 16 адамға Қылмыстық Кодекстің 58/8 және 58/10 баптары бойынша үкім шығарылған. Аты-жөндері құжатта көрсетілген күйінде беріліп отыр: «Досмухамедов Габбас, Абилгазыев Искали, Балатов Толеукаир, Рамазанов Успангали және Адилев Хусаин – ату жазасына кесілсін, барлығының мүлкі тәркіленсін. Карашулаков Исен – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мүлкі тәркіленсін. Майданов Хайрулла – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мүлкі тәркіленсін. Искалиев Утеугали, Жакупов Батыргали және Темирханов Мирзагали – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, үшеуінің де мүлкі тәркіленсін. Суханов Давлетьяр және Жамбергенов Батыргали – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын. Байгужиев Абдрахман және Ельаманова Могульсун – үш жыл мерзімге Сібірге жер аударылсын, екеуінің де мүлкі тәркіленсін. Сухамберлиев Сактаган – жанұясымен бірге Ақмола округіне жер аударылсын, мүлкі тәркіленсін. Кабаков Зайнулла – тергеуде болған кезі есепке алынып, қамаудан босатылсын».

1930 жылы 22 наурызда өлім жазасына кесілген 5 адамға қатысты үкім сағат 16.40-та орындалған. Құжаттарды қара­ған кезде байқағанымыз, концлагерьге айдалған адамдардың көпшілігінің кейінгі тағдыры белгісіз. Тек қана Майданов Хайрулланың 1934 жылы 25 маусымда еңбекпен түзеу лагерінен босап шыққаны туралы Карлагтың бастығы қол қойған анықтама бар. Ал Сібірге жер аударылған Әбдірахман Байғожиев пен Мүгілсін Еламановаға қатысты 1933 жылы 11 нау­­рызда Орал облысы аумағында және Қазақстанмен шекаралас жерлерде тағы да 3 жыл мерзімге тұруға тыйым салатын Батыс Сібір өлкесі ОГПУ-ның үкімі шыққан.

1989 жылы 16 мамырда жазықсыз жазаланған жандардың барлығы Орал облыстық прокуратурасының қаулысымен ақталған. Дегенмен олардың кейінгі тағдыры қалай болғандығы, ұрпақтарының қайда жүргендігі қатты ойландырады.

Қорыта айтқанда, 1929-1930 жылдары кеңестік билікке қарсы баскөтерулер Жымпиты ауданының біраз ауылын қамтыған. 1929 жылы ауданның №6 және №11 ауылдарының байлары мен атқамінерлерін, барлығы 24 адам­ды айыптаған архив құжаттары табыл­ды. Олардың 12-сі ату жазасына кесілсе, қалған 9 адам 3-5-10 жыл мер­зім­дерге сотталған және 3 адам 3 жыл­ға жер аударылған. Сонымен бірге көтеріліс­шілердің №20 ауылда – Айтпай Тауышов, №17 ауылда – Аят Қабышев, №18 ауылда – Жұбандық Ақболатов, №24 ауылда – Есен Аманкелев, №13 ауылда – Төлен Есболатов секілді белсенді өкілдері болғандығы жөнінде мәлімет кездесті.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін халық білуі тиіс. Оларды бүкіл қоғам халық батыры деп танып, қазіргі жас ұрпақ ержүрек ата-бабаларының ерлігін мақтаныш етуі керек деп ойлаймыз. Сондықтан Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістеріне қатысты деректер ғылыми айналымға толық енгізіліп, оқулықтарда жариялануы, музейлерде дәріптелуі және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалуы қажет.

 

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облыстық жұмыс тобының мүшесі