Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысқа байланысты әлемнің атақты хакерлері де қарап жатпай, қарсылығын білдіре бастады. Anonymous атымен әйгілі топ Ресейге киберсоғыс жариялады. Іле-шала Кремльдің ресми сайты, осы елдің бірқатар мемлекеттік телеканалының интернет ресурстары уақытша жұмыс істемей қалды.
Anonymous хакерлер тобы «Ресей үкіметіне қарсы кибершабуылды ресми түрде бастағанын» Twitter парақшасында жария етті. #Ukraine хэштегімен таралған бейнеүндеуде хакерлер «соғысты тоқтатпаса, жылдар бойы жабулы тұрғанның бәрі жарыққа шығатынын» мәлімдеді.
Ақпараттық жүйені бұзуға келгенде алдына жан салмайтын жандардың бұл әрекеті ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Ресей де олардан қауіптенетінін байқатып қойды. Федеральды қауіпсіздік қызметінің құрылымы Ресей ақпараттық кеңістігі кибершабуылдардың қауіпті деңгейінде тұрғанын мойындады. Ал Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетінің «Цифрлы әлемдегі қауіпсіздік» кафедрасының профессоры Виталий Вехов ақпараттық құралдарының бірінде берген сұхбатында «егер Anonymous хакерлеріне Ресейдің ақпараттық алаңын шабуылдау туралы тапсырыс келіп түссе, онда алдымен үкіметтік және қаржы ресурстары зардап шегетінін» жеткізді. «Мемлекеттік тұрғыдан да, жеке адам көзқарасы тұрғысынан да алғанда кибершабуылдар көбіне сол елдің ірі насихаттаушы ақпарат құралына жасалады. Бұл жерде әлеуметтік желілерге, белгілі бір тұлғалардың жеке парақшаларына шабуылдау деген әңгіме жоқ. Негізгі нысана елдің цифрлы экономикасын қаматамасыз етіп отырған ірі ақпараттық ресурстар болады», дейді ол. Бірақ сарапшы хакерлердің киберсоғысы айтарлықтай қауіп төндірмейтінін, мұндай шабуылдарға мемлекет бұрыннан дайын деген пікірде.
Infosecurity a Softline Company ақпараттық қауіпсіздік аудиті департаментінің басшысы Сергей Ненахов болса, Anonymous хакерлерінің шабуылы аса қауіп төндірмегенімен солардың атын жамылған басқа топтар шықса, олардың әрекеті ақпараттық кеңістікке, экономикаға үлкен соққы болуы мүмкін екенін ескертті.
Ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі заманда адамның өмірі, тыныс-тіршілігі интернетке байлаулы екені белгілі. Егер интернет бір күн, тіпті бір сағатқа өшсе, берекеміз кетіп-ақ қалатынын ешкім жоққа шығармайды. Оған биылғы қаңтар оқиғасы дәлел. Ғаламтор жүйесі бірнеше күнге істен шығып еді, банктен бастап байланыс үзіліп, алыс-жақыннан хабар алу қиындап кетті. Ал егер бүтін бір мемлекеттің барлық ақпараттық коммуникациялық, инфрақұрылымдық жүйесіне қауіп төнсе, бұл айтарлықтай ірі экономикалық соққы болары сөзсіз. Қандай ел болсын, хакерлерден аяқ тарта жүретіні сондықтан. Ал әлемді аузына қаратқан «Анонимустар» – жоғары деңгейде қорғалған сайттардың өзін демде бұза салатын хакерлер тобы. Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, олар 5 мыңнан астам Twitter-аккаунтына, дәл осы шамада Facebook парақшаларына шабуыл жасаған. Оның сыртында дүние жүзіне белгілі ұйымдардың ақпараттық жүйелерін бұзып, 30 мыңнан астам банк шоттарын жария еткен. Қауіпсіздік жағынан жан-жақты қорғалған деген сайттардың өзі анонимустардың шабуылына төтеп бере алмаған.
Anonymousтар өздерін интернет еркіндігі мен әділдік үшін күрескен құсқа теңейді. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда «белгісіз» деген мағынаны білдіреді. Шынымен де басқан ізі білінбейтін, өздерін кім екенін айтпайтын хакерлер тобы бұл. Ұйымдасқан хактивистер тобының белгісі де аттарына сай. Оның ортасында галстук тағып, ақ жейде мен қара костюм киген басы жоқ адам бейнеленген. Бұл «ұйымның басшысы жоқ, ондағы адамдардың бәрі бірдей, құқы тең» дегенді меңзейді.
Anonymousтар өздерінің жария болғанын қаламайды. Беттеріне үнемі Гай Фокс бетпердесін тағып жүреді. Кезінде жүйеге қарсы шыққан ақсүйек Фокстің кім екені аустриялық белгілі режиссер Джеймс Мактигтің «V — значит Вендетта» атты фильмінде егжей-тегжейлі баяндалады.
Өзін «Салқынқанды» деп таныстырған хакерлер тобындағы белсенділердің бірі: «Біз әділетсіздікке төзбейміз және интернеттің бақылауда болғанын қаламаймыз. Ғаламтор бәріне ортақ болуы керек. Біз ештеңені ұмытпаймыз. Әділетсіздік болса, біз ешкімді кешірмейміз және істеген ісімізді аяғына дейін жеткіземіз. Біздің атымыз – легиондар» деген.
Кейбір сыншылар оларды «хактивистер» деп сынға алғанымен олардың компьютердегі шеберлігіне тәнті екенін жасырмайды. Атақты Билл Гейтс анонимус хакерлері туралы: «Анонимус — бұл интернетте пайда болған алғашқы жоғарғы сана. Бұлар құстар сияқты. «Дүр» етіп тек бір бағытта ұшады. Олардың тобы көбейе беруі мүмкін» деген.
Википедиядағы мәліметке сүйенсек, анонимустар белгілі бір сайттарға байланып қалмаған, бірақ белгілі бір желілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың қатарында 4chan сияқты имиджбордтар, вики-сайттар, Encyclopædia Dramatica және бірқатар интернет-форум бар.
2012 жылы Time америкалық журналы Анонимус хакерлер тобын әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізіміне қосқан.