Қазіргі күні күллі әлемде бірігу үдерістері жүріп жатыр. Әлемдегі алып елдер болсын, шағын елдер болсын немесе дамыған елдер мен дамушы елдер болсын экономикалық одақтарға интеграциялану үстінде. Себебі, көптеген халықтар экономикалық тұрғыдан түрлі одақтарға бірігуді жалпыадамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің үлкен жолы деп есептейді.
Бұл ретте мына ел мықты ел, мына ел әлсіз ел, бұл екеуі біріккенде бірін-бірі жеп қояды, яғни әлсізді мықты алып жейді деген сарыуайымшылдыққа салыну жоқ. Сарыуайымшылдыққа салыну дегеніміз – уақыт жағынан ұтылу деген сөз. Ғылыми техникалық прогресс барынша жедел дамып, технологиялық үдерістер етек алып отырған қазіргі кезеңде әрбір ай, әрбір күннің өзі алтынға айналып барады. Уақытын тиімді пайдаланған ел ұтады, уақытын тиімді пайдалана алмаған ел ұтылып, құлдыраудың құрығына ілігеді. Бұл – бүгінгі заманның басты шындықтарының бірі.
Осы ретте, уақыт жағынан ұтылған елдерде дау мен жанжалдың көп болатындығын, осының өзі елді етектен тартып, бүлінушілік пен бөлінушілікке алып келетіндігін көріп отырмыз. Демек, бейбіт күннің әр сәтін қадірлей білген, қадірлеп қана қоймай, оны ұтымды істерге пайдалана білген абзал.
Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын АҚШ, Канада, Мексика елдері бірігіп, Солтүстікамерикалық сауда ұйымын құрған болатын. Сол тұста бұл ұйымға мексикалықтардың біраз бөлігі қарсы болған сыңайлы. Мексика өзінің әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан екі көршісі АҚШ пен Канадаға қарағанда көп әлсіз. Оның үстіне минералды ресурстарға да соншама бай емес. Мексикадағы оппозициялық ұйымдар осы жағдайды ескере келе, АҚШ және Канадамен экономикалық одаққа бірігуден Мексика көп ұтылады, дамыған екі елдің жеміне айналады деп тапқан. Осыны сылтау етіп, үкіметке қарсы үлкен саяси күштерді топтастырған. Өз үкіметтерін өздері әлсіреткен. Осы жағдайдың өзі Мексиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайына соққы болып тигенімен, міне, жиырма жылдан асып барады Мексика үкіметі мен халқы Солтүстікамерикалық сауда ұйымынан шығуды мүлдем қаламайды. Себебі, түсінікті. Интеграциялық одаққа бірігу түптің түбін қуып келгенде Мексика экономикасы мен халқы үшін өте пайдалы болып отыр. Осы одақ өмірге келгеннен кейін АҚШ-тың «Дженерал Моторс», «Форд» секілді ірі машина жасау компаниялары, джинсы киімдерін шығаратын фирмалары Мексика жеріне барып өздерінің филиалдарын ашқан болатын. Сөйтіп, бұл елде жаңа жұмыс орындары пайда болды. Екіншіден, сауда ұйымының құрылуы нәтижесінде көптеген мексикалықтар үшін АҚШ есігі айқара ашылды да, олар осы елге көшіп барып, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Сауда ұйымының құрылуына байланысты артта қалған Мексика экономикасы алға басты.
Міне, осы жағдайдың өзі қандай ел болса да экономикалық одаққа бірігуден пайда таба алатындығын дәлелдейді.
Сол секілді біздің Қазақстан Ресей, Беларусьпен бірге Кеден одағына біріккенде, біздің қоғамымызда да біз енді өз тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз деген сарыуайымшылдық етек алған болатын. Шындығына келгенде, айырылған дәнеңеміз де жоқ. Өйткені, біздің құрып отырғанымыз саяси одақ емес, бар болғаны экономикалық одақ. Әрине, кез келген ел кез келген одаққа біріккен кезде бірдеңеден ұтқанымен, бірдеңеден ұтылатындығы түсінікті. Өйткені, ешнәрсе 100 пайыз тиімді болып шықпайды. Бұл жердегі басты мәселе – стратегиялық мақсатқа қол жеткізу. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – өз жерінің, халқының әлеуетін ашу арқылы гүлденген, өмірдің сынына, яғни бәсекелестікке қабілетті қоғам құру болып табылады. Мәселен, Қазақстанда 170 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жерлер бар. Бұл жердің беретін пайдасы өз алдына, осы жерде өндірілген өнімдер біздегі 17 миллион халықты ғана емес, 170 миллион адамды асырауға еркін жетер еді. Бірақ осыншама өнімді өсіргенде біз оны қайда сатамыз? Міне, мәселе осында. Кеден одағының құрылуының өзі бізге артық өнімдерді өткізу мүмкіндігін береді. Оның үстіне біз осы ұйым аясында өзіміздің бәсекелестік қабілетімізді тексеріп, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік алатын боламыз.
Жалпы, қазақ тарихына көз салсақ, осы тарихтың өн бойы аса үлкен толғақты екі мәселеден тұрып келгендігіне көз жеткізуге болады. Олар – бөліну тарихы мен бірігу тарихы. Қазақ халқының өзімен іргелес отырған басқа халықтардан артта қалушылығына, жойылып кете жаздағандығына, сондай-ақ кейбір сәтте қайтадан ел болып бой тіктеуіне осы үлкен екі фактор себеп болған. Осы үлкен екі фактор арқылы біздің халқымыз «мың өліп, мың тірілген». Біздің тарихымызда гүлденген өмір жайлы көп айтылмайды. Біз өз тарихымыздан өзіміз өмір сүріп отырған өлкеде болған көптеген соғыстар жайлы, ру болып ренжісіп, қырқысу жайын көп білеміз. Ал салтанатты тұрмыс құрған сәтін мүлдем білмейміз десе де болады. Тек қаһарлы Қасым ханның тұсында қазақ халқы ірі көшпелі держава құрғандығы, 1 миллионға тарта әскер жинақтап, айналасына айбар шеккендігі туралы айтылады. Бірақ содан кейінгі бөлінушілік салдарынан бұл держава ыдырап барып, Хақназардың тұсында қайтадан етек жинап, ел болғандығы туралы деректер бар.
Тарих бізге өткеннен сыр шерту үшін ғана емес, оның ащы шындығынан ой түйіп, сабақ алу үшін қажет. Ендеше, сол тарихқа өзіміз қозғап отырған мәселеге қатысты тағы бір үңіліп көрейікші.
Тарихта қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы осыдан 1 миллиондай жыл бұрын мекен ете бастағандығы туралы айтылады. Сөйтіп, біздің жерімізде бірте-бірте тайпалық одақтар қалыптаса бастаған. Сол тайпалық одақтар біріккен кезде Сақтар, Үйсіндер, Қаңлылар, Ғұндар секілді іргелі халық атаулары пайда болып, олар өз соңдарынан өшпестей өркениет жетістіктерін қалдырып отырған. Яғни бірігудің салтанатты сәттері мен бөлінудің қасіретті зардаптары сол кезден-ақ байқалған. Содан кейін біздің жерімізде көптеген тайпалық одақтардың басын қосқан Түркі қағанаты пайда болды. Ол гүлденген мемлекет деңгейіне дейін көтеріліп, Вавилон, Парсы, Қытай елдерімен сауда қарым-қатынасын жасады. Әлемнің алып бөлігінде өз үстемдігін орнатты. Бірақ, осы біртұтас қағанат енді Батыс түркі және Шығыс түркі қағанаттарына бөлінген тұста бар пәле басталды. Бірте-бірте бұрынғы алып мемлекеттің орнына бөліне-бөліне келе бірнеше тайпалық елдер қалды. Түргеш, Қарлұқ, Қимақ, Қарахан, Қарақытай хандықтары пайда болды. Бұл бірлестіктер одан әрі ұсақталып, өзара қырқыс ұлғайған тұста тарих сахнасына Шыңғыс хан көтерілді. Ол керейлердің, наймандардың, жалайырлардың, меркіттердің, басқа да ру-тайпалардың басын күшпен қосып, тек Орталық Азияны ғана емес, Қытай, Ресей секілді алып елдерді өзіне бағындырды. Оның баласы Жошы хан басқарған біздің жеріміздегі үлкен ұлыс нәтижесінде Алтын Орда мемлекеттігі пайда болып, сол тұста бірігу нәтижесінен туындаған салтанатты сәттерді бастан кешіріппіз. Бұл тұста алып өңір халқы рулар мен тайпаларға ыдырамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, айналасындағы үлкен-кіші елдердің барлығына өз ықпалын жүргізіп тұрды. Амал не, мұнан кейінгі ғасырларда қайтадан бөлінушілік зардаптарын бастан кештік. Шағатай ұлысы, Орда Ежен ұлысы, Шайбани ұлысы, Ақ Орда, Көк Орда, Әбілқайыр хандығы, Ноғай ордасы, Сығанақ хандығы, Мауреннахр секілді бірнеше мемлекеттер пайда болды. Осылардың ықпалымен бұрынғы біртұтас түркі халқының орнына қазақ, өзбек, қырғыз, ноғай, башқұрт, татар секілді көптеген жаңа атаулар, жаңа елдер қалыптаса бастады. Осы тұста Ақ Ордаға билік құрған айбарлы Орыс ханның ұрпақтары, яғни қазақ хандарының арғы аталары ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтап қалу жөнінде үлкен тер төккендігін айта кеткеніміз абзал. Бірақ, оған сол кездің қалыптасқан объективті жағдайлары мүмкіндік бермеді. Қазіргі Қазақстан жерінің өзінде көптеген шағын мемлекеттер пайда болып кетті. Осы тұста Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ руларының басын қосып, бір тудың астына біріктіргенімен олардың көп күндері соғыспен өтті. Жәнібек ханның баласы Қасым ханның тұсында ес жинап, етек басып айбарлы хандық қалыптастыра алған екенбіз. Бірақ бөлінушілік зардаптарын тағы да тарттық. Хан ұрпақтарының өз бастарында оншама бірлік болмады. Орталық Азияны мекендеген іргелі халықтардың барлығы бір-бірімен соғысып, кешегі Алтын Орда секілді алып мемлекеттің жұрнақтарын ғана қалдырды. Әмір Темірдің жасаған ауыр жорықтары түркі халқының бірлігіне үлкен соққы болып тиді. Сөйтіп жүріп, ақырында көшпелі өмір салтын сақтап келе жатқан қазақтар мен жоңғарлар байтақ далаға сыймай, бірімен-бірі қырқысты. Мұның ақыры «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» әкеліп тірелді. 200 жылға созылған үздіксіз соғыстар салдарынан қазақтың қаншама боздақтары қырылып кетті. Қырқыстан басқаны көрмеген елде берекелі тірлік бола ма? Халқымыз осы тұста көп зардап шегіп, басқа елдерден артта қалып қойды.
Шамасы осы бөлінушілік тақсіретін көп тартқандықтан болар ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына бірігу мен бөлінудің аражігін екшеген көптеген өсиетті сөздерін, мақал-мәтелдерін қалдырған. Мәселен, «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» дейді. Шамасы, көптікі теріс болса да, сонымен бірге бол деп жалғыз жүргеннің, жырақ жүргеннің еш абырой әпермейтіндігін меңзегені болар. Сондай-ақ, «Өле жегенше, бөле же», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», «Бірлік түбі – береке», деп халықты тек қана бірлікке үндеген.
Демек, қазіргі күні бүкіл әлем халықтары бір-бірімен интеграцияланып, экономикалық одақтарға бірігіп жатқан тұста қолында сол әлем халықтарына ұсынатын минералды шикізат байлығы көп, екінші жағынан алғанда, сол байлықты іске жаратарлық қазіргі заманғы технологиялық құралдарға зәру болып отырған Қазақстан неге бұл үдерістен тыс тұруға тиіс? Біздің бүкіл тарихымыз, айналамызда болып жатқан үдерістер мен өмірдің жарқын сабақтары бізді интеграциялық үдерістерге қарата итермелеп отыр. Біз осы интеграциялық үдерістер нәтижесінде бар болғаны жиырма жылдың ішінде тәуелсіз ел ретінде қалыптасып, өзімізді әлемге таныта алдық. Еліміздің абырой-беделі халықаралық аренада жылдан-жылға артып келеді. Ендеше, Қазақстан үшін өз әлеуетімізді одан әрі ашу, тұрмыс-тіршілігімізді арттыру бағытында бірігуге балама боларлық басқадай жол жоқ деп түсінеміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».