Ұлыбританиялық промоутер Эдди Хирн екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы Сауль Альварес пен отандасымыз Геннадий Головкин арасындағы күзде өтуі мүмкін трилогияға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алдымен «Канело» Дмитрий Биволды, Геннадий Головкин Риота Муратаны жеңуі керек. Біз күткен нәтиже тіркелсе, екі боксшы 17 қыркүйек күні шаршы алаңда үшінші мәрте жұдырықтасады. Оған күмән жоқ. Өйткені келісімшартта солай жазылған. Ал мен ақиқатты жасырып отыра алмайтын адаммын. Бұл екі шайқас та өте қауіпті екені рас. Сондықтан алдымен олар өз тапсырмаларын орындауы тиіс. Содан кейін ғана екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін өтетін шайқас туралы еркін көсіліп әңгіме айта аламыз», дейді Эдди Хирн.