Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Іле-Балқаш экожүйелерін қалпына келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен (ҚР ЭГТРМ) бірлескен жобаны қолға алғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл бастама жабайы табиғатты қалпына келтіру мен қорғау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту бойынша БҰҰДБ мен Қазақстан үкіметі арасындағы көпжылдық ынтымақтыстық аясында жүзеге асырылады.
Жоба шеңберінде Іле өзені атырабының жайылма ормандарын қалпына келтіру және «Іле-Балқаш» Мемлекеттік табиғи резерваттың аумағында Тұран жолбарысының реинтродукциясы үшін тұрақты жем-шөп қорын қалыптастыру жоспарланып отыр. Өңірдің бірегей табиғаты мен биоалуантүрлілігін сақтау маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру мен жергілікті тұрғындардың бастамаларын қолдауға ерекше назар аударылады.
«Бірегей экожүйелерді, биоалуантүрліліктің, флора мен фаунаның негізгі түрлерін қалпына келтіру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, жабайы табиғатты қорғаудың алғышарты. Бұл бастама өзінің көпқырлы игі әсерін тигізеді, биоалуантүрлілікті сақтап қалып, ол экотуризмнің дамуы мен жергілікті халықтың табысқа жетуіне мүмкіндік туғызады», дейді БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.
«Мақсатты бағдарламалар шеңберінде Қазақстан биоалуантүрліліктің сақталуына да көп көңіл бөледі. Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы тиімді басқару мен тұрақты даму қағидаларына сәйкес, экожүйелер мен биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін қоса алғанда Қазақстан экономикасының негізгі салаларын реформалаудың басым бағыттарын анықтайды», деді ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев.
Осы арада бүгін – Дүниежүзілік жабайы табиғат күні екендігін еске сала отырып, ол биыл «Экожүйені қалпына келтіру – негізгі түрлерді қалпына келтіру» ұранымен аталып өтетіндігін айта кетелік.
АЛМАТЫ