• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Наурыз, 2022

Үкімет мүшелері кімді тыңдайды?

7690 рет
көрсетілді

Көзі қарақты оқырманның жадында болар, осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын «Egemen Qazaqstan»-да (2019 жылғы 10 желтоқсан) жарияланған «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақалада Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кентін қақ жарып өтетін темір жолдың бір жағында тұратын 360 оқушы күн сайын мектепке 13 рельстің үстімен қатынап, бастарын бәйгеге тігіп жүргені сыналған болатын.

Іле бұл жарияланымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Қызылорда облысының әкіміне тиісті тапсырма бергеннен кейін сексеуілдік ата-аналарды көптен алаңдатып келген көкейкесті мәселе бірден оң шешімін тауып, облыстық бюджет қаражат есебінен аталмыш кентте 300 орындық жаңа мектеп салынды.

Ал осы проблеманы кешіктірмей шешу қажеттігі туралы алтыншы шақырылымдағы Парламент депутаттары Үкіметке, Білім және ғылым министрлігі мен Қызылорда облысының әкімдігіне талай рет депутаттық сауал жолдап, хат жазғанымен, оларға орталық және жергілікті мемлекеттік ор­ган­дардың бір-біріне сілтеген сырғытпа жа­уаптарын алып, жігерлері құм болған екен. Еліміздің бас газетінің сыни жария­ла­нымы Президенттің көзіне түспесе, сек­­сеуілдіктердің жанайқайы облыстық және орталық мемлекеттік органдардағы ше­неу­ніктердің халық үніне әбден таскерең болып қалған құлақтарына жетуі неғайбіл еді.

Өкінішке қарай, олардың құлақтарының «мүкісі» Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» Жол­да­уын­да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаннан кейін де ашылып кете қойғаны шамалы секілді. Бұған Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлеп­бергеннің былтырғы 29 желтоқсанда Вице-Премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған де­путаттық сауалы айғақ.

«2021 жылғы 2 қарашада Парламент Мәжілісінің депутаттары Сіздің атыңызға депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Онда жалпы білім беретін қазақ мектептерінің 4-сынып оқушыларына арналған «Русский язык» оқулығында жіберілген қателіктер жөнінде жазғанбыз. Атап өтсек, 2019 жылы «Алматыкітап» баспасынан 260 мың таралыммен шыққан оқулықта Мемлекеттік рәміздер авторларының аты-жөнінде өрескел қателіктер орын алған. Біріншіден, Мемлекеттік Тудың авторы Ш.Ниязбековтің тегі Ниязбаев деп жазылған, кейінгі екі жылда қайта басылған 40 мың таралымда бұл түзетілсе де, Мемлекеттік Гимн ав­тор­ларының бірі, атақты композитор Ш. Қалдаяқов мүлдем енбей қалған.

Міне, осы мәселені көтеріп жазған де­путаттық сауалымызға Білім және ғылым бірінші вице-министрі Ш. Кариновадан келген жауап қанағаттанарлықсыз деп айтуға тура келеді. Министрліктің жаңар­тыл­ған білім беру мазмұнын енгізу бас­талғанын, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары бекітілгені және тағы басқа іс-шаралардың қолға алынып жатқанын баяндаумен шектелген. Ал депутаттық сауалға негіз болып отырған мәселе – аталмыш оқулық, бүгінгі таңда сол оқулықта кеткен қателіктер қалай түзетіліп отырғаны туралы ештеңе айтылмаған. Бұл жөнінде бір ауыз сөз жоқ», депті мәжілісмен. Сенат депутаттары да осы мағыналас пікірде екен. Бұған сенатор Мұрат Бақтиярұлының Үкіметке биылғы 27 қаңтарда жолдаған депутаттық сауалында: «Үкімет басшысына, Үкімет мүшелеріне сенаторлар қоғамда әр түрлі салаға қатысты депутаттық сауалдар жолдап жатамыз. Бірақ алатын жауаптарымыз нақты болмай, екі ұшты болып келеді. Сондықтан да депутаттық сауалдарға бір жапырақ қағазбен ғана жауап қайтара салуға ендігі арада жол берілмегені абзал! Әр депутат сауалына зерделеп барып, жауап беру жолға қойылуы керек», дегені дәлел.

Демек «Егер Үкімет мүшелері депутаттарды тыңдамаса, онда кімді тыңдайды?» деген ой туындайды. Жаңа Қазақстанды құруға кіріскен жаңа Үкіметіміз ең алдымен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын бұлжытпай іске асырғаны жөн емес пе? Ал Парламент депутаттарының артында сайлау­­шылар һәм халық тұрғаны мәлім.