• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Наурыз, 2022

Беларусь: Референдум және Батыс санкциялары

362 рет
көрсетілді

Беларусь Республикасында ел Конституциясын өзгерту туралы референдум өткені белгілі. Соған сәйкес Беларусь халқы ядролық қарусыз ел мәртебесінен бас тартуға дауыс берді.

Беларусь Орталық сайлау комиссиясы референдумда сайлаушылар тізіміне енген азаматтардың 78 пайызы дауыс бергенін хабарлады.

Дауыс беру бюллетенінде бір ғана сұрақ болды: «Сіз Беларусь Рес­публикасының Конституциясына енгі­зілген өзгерістер мен толықтыруларға келісесіз бе?».

Беларусь Орталық сайлау комиссия­сы елдің Конституциясын өзгертуді сайлаушылардың шамамен 65 пайызы қолдағанын, ал 10 пайызы бұл өзгеріске қарсы дауыс бергенін хабарлады.

Конституцияға енгізілген өзгеріс бойынша А.Лукашенконы қылмыстық қудалауға рұқсат берілмейді және оның одан әрі президент сайлауына түсіп, елді басқаруын жалғастыруға мүм­кіндік береді. Яғни түзетуге сәйкес ол президент ретінде жасаған әрекеттері мен шешімдері үшін жауапқа тартылмайды. А.Лукашенко сонымен бірге Беларусь парламентінің жоғарғы палатасының тұрақты мүшесі болады.

Беларусь халқы, сондай-ақ рефе­рен­дум арқылы ядролық қарусыз ел болудан бас тартты. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін алғаш рет Беларусь жеріне ядролық қарулар қайта орналас­тырылуы мүмкін. 

Батыс елдері Беларусь үкіме­ті­нің ішкі қарсыластарына қарсы ұйым­дастырған жаппай қуғын-сүргінмен қатар өткізілген референдумының нә­тижелерін мойындамайтынын мәлім­деді. Жалпы, референдумның Ресей­дің Украина аумағына басып кіруі­мен қатар өткені халықаралық қоғам­дастықтың назарын аудартқаны рас.

Украинаның солтүстігінен кірген әскер Беларусь шекарасынан келгені туралы ақпарат бар. А.Лукашенконың бұл әрекетін құптамаған Батыс ел­дерінің өкілдері Ресеймен қатар, Беларуське де санкция салынуы керек деген пікір білдірді. Бірқатар беларусь шенеунігіне қарсы санкцияларды Ұлыбритания жариялай бастады. Одан бөлек мемлекет басқаратын қаржы ұйым­дары мен банктер де нысанаға алын­ған.

Еуроодақ та бұл қадамнан қалыс қалмады. Сәрсенбіде Францияның ЕО төрағалығы санкциялар беларусь шенеу­ніктері мен ЕО-ның Ресейдің Украи­наға қарсы агрессиясына қатысы бар әскери қызметкерлерге бағыттал­ғанын мәлімдеді. Одан бөлек Беларусь экономикасының белгілі бір салалары, атап айтқанда ағаш өңдеу, металлургия және басқа өндіріс орындары шектеуге іліккен.

Осылайша, көршілес Украинадағы ірі дағдарыс кезінде өткен Беларусь ре­ферендумы ел Конституциясына бір­қатар түзету енгізуге мүмкіндік берді.