• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2014

Дәніккен мен құныққан

452 рет
көрсетілді

Облыстық және қалалық прокуратура органдары әлеуметтік-экономикалық салаларда және бизнес субъектілерінде заңнамалардың орындалу барысын тексеріп, 2 мыңға жуық бұра тартушылықты анықтады. 133 миллион теңге шығын қайтарылды. 245 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қаржыны жымқырып, із суытқан

 Петропавл қаласының прокуроры Қонысбек Ибраев мәлім еткендей,тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы шеңберінде бөлінген қомақты қаржыға жемқорлардың қолды мол салғаны байқалады. «Компания ЭЗАР» ЖШС көп қабатты 7 үйдің жөндеуіне қарастырылған 120 миллион теңгенің сайда санын, құмда ізін қалдырмаған. Оның басшысына іздеу салынған. «Солтүстік басқару компаниясы» ЖШС-нің жетекшісі Павел Глоба құрылыс жұмыстарының аяқталмағанын біле тұра, бюджеттің қомақты қаржысын аталмыш құрылыс компаниясының есепшотына аударып жіберген. Сөз арасында бұл мырзаның Петропавл қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезеңде көптеген былық-шылыққа жол беріп, қозғалған қылмыстық істің ақыры сиырқұйымшақтанып кеткенін айта кеткен жөн. Қаржыны жымқырып, ізіне майшам алып түссе де, таптырмай жүрген Кайралапов пен тұрғын үй инспекциясының бұрынғы басшысы Қанат Баймұхамбетов қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Құқық қорғау қызметкерлері мына алаяқтық әрекеттің кімнен шыққанын білмей аң-таң. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысын тексеру барысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерге қалдық құнын төлемеу фактісі сопаң етіп шыға келген. Бір қызығы, салық қызметі мен қазынашылдық органға ешқандай қаражат түспегеніне қарамастан әкімдікке пәтер құнының төленгені жайлы жалған түбіртек өткізілген. Осының негізінде пәтерді жекешелендіру жөнінде шешім шығарылған. Енді келтірілген 1,3 миллион теңге шығынды кім өтейтіні белгісіз. Өйткені, пәтер иелері де, олардың сенімді өкілі – бөлімнің бұрынғы қызметкерлері де кінәні бір-біріне аударып, алаяқтық жасамағандарына ант-су ішіп отыр.  

Тізімдегі «өлі жандар»

 Петропавл қаласындағы құрылыс колледжінің басшылығы бюджеттің қаражатын майшелпекше сорып, жалғанды жалпағынан басып келген. Аталмыш оқу орнының директоры Жеңіс Бабжанов сабақ бермесе де, жалған табель толтыру арқылы жарты миллион теңгені қалтаға салған. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген. Мемлекеттік оқу топтарындағы студенттердің саны кемі 25 болу керек деген стандарттық талапты орындау үшін «өлі жандардың» есебінен толтыруға еш шімірікпеген. Олардың арасында банк қызметкері де, мектеп мұғалімі де, алыс аудан тұрғындары да, тіпті 60-тан асқан күзетші де жүр. Ал, оларға төленген шәкіртақыны пышақ үсті бөліп алған. Сөйтіп, мемлекетке келген жалпы шығын 2 миллион теңгені құраған. Облыстық прокуратураның басқарма басшысы Арман Нұртазин колледж директорына қатысты қылмыстық іс қозғалып, 176-бабы бойынша айып тағылғанын жеткізді. Сол сияқты Тайынша агробизнес колледжінде де осыған ұқсас оқиға орын алып, мемлекеттің 1,2 миллион теңгесі талан-таражға түскен. Қос директор да қызметтерінен аластатылды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.