Сламбек Тілеуғабылұлының саналы өмірі қазақ киносымен тығыз байланысты. Бүкілодақтық кинематография институтын тәмамдағасын, ұзақ жылдар «Қазақфильм» киностудиясында қатардағы маманнан директорлыққа дейінгі жолдан өтіп, ұлттық киномыздың дамуына үлесін қосты. Алайда көзіқарақты қауым оны талантты режиссер ретінде жақсы біледі. Жұртшылық қызығып көретін бірқатар көркем, деректі фильмнің авторы. Қазір елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры. Жуырда ол кісімен кездесіп, кино тақырыбында әңгіме өрбіткен едік.
Бір фильмнің ішінде бірнеше жанр жүреді
−Аға, әңгімені тым тереңдетпей, кино жанрынан бастасақ. Осы отыз жыл ішінде қаншама фильм жарыққа шықты, соларда барлық жанр қамтылды ма, әлде бір бағытпен кетіп барамыз ба?
− Шынында да бұл мәселе көпшілікті ойландырады. Казір қазақ киносындағы жанрлардың аражігін ажырата алмай қалғанымыз рас. Бір фильмде бірнеше жанр жүреді. Бұрынғы фильмдерде драма, трагедия, комедия, фантастика, шытырман оқиға дейсіз бе, классикалық жанрлардың бәрі көзге көрініп тұратын. Бірақ жанрға байланып қалуға да болмайды. Адам жанрмен өмір сүрмейді. Қалай болғанда да, фильмдегі оқиға неғұрлым өмірге жақын болса, шынайы шығады. Мәселен, комедия жанрында кино түсірсек, соған лайық оқиға табу қажет. Мысалы, Шәкен Айманов «Алдаркөсені» қалай керемет түсірді. Алдаркөсенің өзі де әзіл-қалжыңға бейім, күлкі шақырып тұратын кейіпкер. Соны Шәкен ағамыз мінез-құлқы жағымсыз адамдардың келеңсіз қылықтарын әшкерлеу арқылы оның бейнесін аша білді. Шын мәнінде, комедия − күрделі жанр. Көрерменді жылатудан күлдіру қиын.
− Кейінгі жылдары түсірілген туындыларды көресіз бе, одан не ой түйесіз?
− Соңғы жылдары бірқатар тарихи фильм түсірілді. Меніңше, ол өте дұрыс. Алдағы күнде де оны жалғастыра беру керек. Қазір «тәуелсіз кино» деген ұғым шықты. Оны да қолдаймын. Әсіресе Нұрлан Қоянбаев пен Нұртас Адамбайдың киносын көрермендер көреді. Бірақ оның көркемдігі, сапасы анау айтқандай, жоғары болмауы мүмкін, ол үшін жастарды жазғыру артық. Кезінде Қытайды басқарған Мао Цзе Дуннің «Мың түрлі гүл гүлдесін» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан қазақ киносы әр бағытта дамығанын қалаймын. Балаларға, ересектерге дейсіз бе, тарихи ма, драма ма, тіпті комедия болсын, әр жанрда фильмдер көбірек түсірілсе, кино өндірісінің керегесі кеңейе береді. Қазір тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты бір туындыны түсіруге дайындалып жүрмін. Кешегі Кеңес заманында елімізге тың игеру үлкен қасірет әкелді. Солтүстік өңірлердегі жергілікті халықтың саны күрт кеміп, азшылыққа айналды. Соның кесірінен жүздеген қазақ мектебі жабылды. Арқаның көк майса, құнарлы жерін түгін қалдырмай жыртып тастады. Қазір сол жер шаңы ұшқан, шөл далаға айналуға жақын. Фильмнің аяғында Ауыл шаруашылығы министрінің аузына тың игеру науқаны болмағанда Қазақстан әлемді етпен қамтып отыратын алып ел болатын еді» деген сөзді салдым. Бүгін біз ірі қараның етін шетелден сатып алып отырмыз. Осының бәрі күлейін десең комедия емес, жылайын десең трагедия емес. Сондықтан режиссер фильмнің мазмұнын, ондағы қозғалған мәселенің сипатын астарлап жеткізу үшін жанрлардың әдіс-тәсілін сәтті қолдануға болады.
− Қазіргі қазақ киносының дамуына көңіліңіз тола ма?
− Толады, тіпті қарыштап дамуда дер едім...
− Шынымен, солай ойлайсыз ба?
− Иә, солай ойлаймын, оған дәлелім бар. Осы отыз жыл ішінде қаншама фильм түсірілді. Саннан сапа да шығады. Мәселен, Кеңес кезеңінде «Қазақфильм» киностудиясы жылына 3-4 фильм ғана түсірді. Оның өзін алдын-ала жоспарлап, Мәскеуден бекітетінбіз. Қазір мемлекет кино саласына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Қомақты қаржы да бөлді. Жеке продюсерлер түсірген фильмдер де көбейді. Кеше ғана Берлиндегі халықаралық фестивальде қазақтың үш фильмі қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Былтыр Токиода өткен халықаралық кинофестивальде Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» аталымын жеңіп алды. Бұлар әлемдегі деңгейдегі байқау болғандықтан дәрежесі де жоғары. Бұрын бір фестивальдің маңайына жоламайтынбыз.
– Сіз айтып отырғандар фестивальге арнап түсірілген емес пе?
− Ондай туындылар да болады. Бірақ бұл үшеуін оған жатқызбаймын. Мысалы, Дәрежан Өмірбаевтың «Ақынынан» Нұртас Адамбайдың «Әкімін» көрермен жақсы біледі. Алайда парасатты ой, салмақ, талғам Дәрежанда басымырақ екенін байқайсыз. Мен бұл жерде сатиралық бағытта түсірілген «Әкімді» төмендетейін деген ойым жоқ. Шын мәнінде, киноны көру оңай, оны жасау күрделі. Өте қымбатқа түседі. Біздің қымбат деген туындымыз америка фильмдерінен 20-30 есе арзан. Қазір Голливуд 300 миллион долларға фильм түсіруде. Біз құны 1 миллион доллар тұратын киноны тым қымбат дейміз. Жұрт талғамынан шығатын кино түсіру үшін қомақты қаржы мен тәуекел қажет. Кейде ысырапшылдық та болады. Мәселен, «Томирис» фильмінің технологиясына сөз айта алмайсыз. Керемет жасалған. Алайда киноның мазмұны мен актерлердің ойынынан бірқатар кемшілік көресіз.
Көркемдік кеңес – демократия үлгісі
− Сонда жаңа шыққан туындыларды сарапқа салатын көркемдік кеңес жоқ па?
– Өкінішке қарай, көркемдік кеңестің күні баяғыда батқан. Қазір ақылдасып істеу деген «модадан» шығып қалды. Бұрын көркемдік кеңес құрамында Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан секілді алып тұлғаларымыз болып, солардың әрбір пікірі ескерілетін. Қазір оны естелік ретінде айтамыз. Барлығын режиссердің өзі шешеді. Қанша талантты болса да режиссерге бәрін «өзім білемге» салуға болмайды. Әсіресе тарихи фильмдерде абай болған жөн. Қазір кеңес дегенді экспертпен ауыстырып жіберді. Шынтуайтында, эксперттің мағынасы бөлек, көркемдік кеңестің мақсаты басқа. Көркемдік кеңес − демократия үлгісі. Оны қайта қалпына келтіру қажет.
− Бір кездері «Қазақфильм» киностудиясында Олжас Сүлейменов, Камал Смайылов, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков секілді халқымыздың біртуар тұлғалары қызмет істеді. Сол кезде отандық кино өндірісі дамып қана қойған жоқ, сапасы да артты...
− Ұлттық киномыздың классикасына айналған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» атты көркем фильмдер түсірілген кезде Олжас Сүлейменов «Қазақфильмнің» бас редакторы болды. Кейін бұл қызметті Әбіш Кекілбаев атқарды. Сонымен қатар Тельман Жанұзақов, Амантай Сатаев, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Алтыншаш Жағанова секілді қабырғалы қаламгерлер жұмыс істеді. Мемлекеттік кино комитетін Камал Смайылов басқарған жылдары қазақ киносы айтарлықтай дамыды. Ұлттық құндылыққа бай тамаша туындылар өмірге келді. Осы азаматтарға сценарийімізді оқытуға жасқанатынбыз. Олардың сүзгісінен өту қиын болатын. Бүгін оның бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Қазір кино саласына қалың кітаптарды оқымаған жастар келіп жатыр. Көбі телеграфтық стильмен жазғанды ұнатады. Тақ-тұқты қалап тұрады. Тіпті кейбіреуі қазақ тілін білмейді. Тіл білмегесін ұлттың болмысын, жанын түсінбейді. Бұл енді – трагедия. Олардың сөзін тыңдасаң, киноның өз тілі бар, соны дамыту керек дейді. Фильмді жасаудың әдіс-тәсілдері мен ерекшеліктерін сипаттайтын киноның өзі тілі бар екені рас, бірақ оның ұлттық болмысқа ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, кеше ғана өмірден өткен режиссер Амангелді Тәжібаевтің Бейімбет Майлиннің бір әңгімесінің желісімен түсірілген «Охрана бастығы» деген қысқаметрлі фильмі бар. Өзі 40 минуттық қана фильм болса да, шедевр. Сондай-ақ режиссер Талғат Теменовтің «Тора» атты қысқаметрлі фильмі де керемет. Осындай үздік фильмдерге қарап өсу керек. Қазір көп сериялы телехикаялар көптеп түсіріле бастады. Мәселен, меніңше тарихымызды тереңнен толғайтын «Қазақ елі» фильмін қазақ хандығынан бастап, «Бабалар сөзінің» 100 томдығы секілді 100 сериал етіп жасағанда, керемет болатын еді. Қазір «Қазақ елі» фильмін ажырата алмай қалдық. Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» дайын тұрған сериал. Қысқасы, ұлттық құндылықтарды қанағаттандыратын фильмдерді көбірек түсіру керек.
− Көркем фильмде музыканың да алар орны үлкен, осы туралы не айтасыз?
− Тұңғыш қазақ мультипликаторы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильміндегі әрбір кейіпкердің қимылымен үйлестіріп жазған Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы ғажап. «Қыз Жібек» фильмінің жұп-жұмыр, ширақ, келісті және ондағы философиялық ойдың астарын жеткізуде Нұрағаң жазған музыканың әсері күшті. Тіпті ол кісі «Аққу» күйімен аққулардың өзін билетіп жіберді. Сондықтан қазір Нұрғиса Тілендиев секілді киноға музыка жазатын композитор сирек. Бүгінде композитор Қуат Шілдебаев бірталай фильмге тәп-тәуір музыка жазып жүр. Жалпы, біздің режиссерлер композиторлармен жақын жұмыс істеуге онша ынталы емес. Фильмге музыка жазу оңай емес, ол үшін тақырыпты терең түсіну керек.
− Кино өндірісіндегі қандай өзекті мәселелерге жаныңыз ауырады?
− Шынымды айтсам, фильмдер түсірілгенімен бірақ соны көрерменге жеткізе алмай жатырмыз. Қысқасы, ұйымдастыру жұмыстары ақсап. Сондықтан осы жұмыстарды жүйелі атқаратын мемлекеттік орган керек. Қазір біз осы салаға жауапты министрліктің бір бөлімі ғанамыз. Ал киноның мың-сан шаруасы көп. Оны іске асыру да оңай емес. Мысалы, тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров туралы екі бөлімді деректі фильм түсірдім. Бірақ соны көрерменге жеткізе алмай, қолым байланып қалды. Жеке мұрағатымда тұр. Өйткені оны көрерменге жеткізетін жүйе жоқ. Мәселен, киностудия Мәдениет және спорт министрлігіне бағынса, телеарналар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайды. Ал кинотеатрлар жекенің қолында. Осы үш ұйымның арасында байланыс үзіліп қалған. Цифрлы технологиялар фильм тасымалдау жұмысын мейлінше жеңілдеткенмен де салалық ұйымдастыру жүйелері ақаулық аңғартады. Кітапханалар мен мектептерде бейнепроекторлар қойылып кинофильмдер ауылды жерлерге жетсе ғана ауыл көрермені мен киноөндіріс арасында байланыс орнай бастар еді. Басқа да ұйымдастыру жолдары жоқ емес, бар. Тек құнт жоқ. Нәтижесінде, жергілікті атқару жүйелерінде де осы кинокөрермендер мұқтаждығы өз шешімін таба алмай отыр. Өткен жолы Мәдениет және спорт министрлігінің алқалы жиынында «Қазақфильм» киностудиясының төрағасы Ақан Сатаев дайын өнімнің 8 пайызы ғана көрерменге жетеді деді. Ал қалған 92 пайыз қайда, осы жүйені шешетін тетік болмай тұр.
«Махамбет» − ұлттық киноның жаңа кезеңі
− Енді өзіңіздің шығармашылығыңызға ойыссақ, егемендіктің елең-алаң шағында «Батыр Баян» фильмін түсірдіңіз. Бұл туындының идеясы қалай туды?
− Әуелде дауылпаз ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы атаман Анненковтың азап вагоны секілді жантүршігерлік оқиғаны бейнелейтін психологиялық драма түсіргім келді. Осыны жазушы, сценарист Смағұл Елубайға айтып едім, ол: «Сәке, менде бір дайын сценарий бар. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісімен жазылған. 1993 жылы арқалы ақынның жүз жылдығы тойланады. Соған Үкіметтің қаулысы шықты. Ақынның бір шығармасынан көркемсуретті фильм жасаңдар деген. Сен соған бағыңды сынап көрсей» деп қайрай жөнелді. Ойланып қалдым. Әрі Мағжан ағамыздың поэмасын жақсы білемін. Содан фильмді түсіруді қолға алдым. Таза түсіру жұмысы бас-аяғы 38 күн ішінде аяқталды.
– Қайда түсірдіңіз?
– Арқада түсірілді. Бурабай мен Жұмбақтасқа да бардық. Оған бұрынғы Көкшетау облысының басшылары қолдау көрсетті. Олар бізге жергілікті халықтан атты сарбаздар жасағын жинап берді.
−Актерларды қалай таңдадыңыз?
– Ол да тез арада шешілді. Оған жұртшылыққа онша танылмаған актерлерді таңдадым. Баян батырдың рөліне Тараздағы Жұмақан Әбдіқадыровты лайық көрдім. Жұмақанның бір ерекшелігі – атқа өте мығым отырады. Өзі де екі иығына екі кісі мінгендей еңселі кісі. Ал қалмақ қызының бейнесіне байқау жарияладық. Содан өткен қыз баланы алдық. Батырдың інісі Ноянды кеше алпысқа толған талантты актер Кеңес Нұрланов ойнады. Қалмақ қызының ағасын қырғыз актері Әшір Шоқыбаев сомдады. Бұл оқиға қазақ пен жоңғар арасында өрбігендіктен, жоңғарларды қалай суреттеуіміз керек деп көп ойландық. Ақыры, шешімі табылды. Кәдімгі ызыңдаған сона бар ғой. Соны суретші Ыдырыс Қарсақбаев екеуміз ақылдасып отырып, актерлердің киімдерін сонаға ұқсатып тіктірдік.
– Жалынды ақын Махамбет туралы фильмін түсірдіңіз. Әуелде оны басқа режиссерлер қолға алған секілді еді.
– Кинода кездесетін қызық жағдайлар көп. Кейде алғашқы жұмыс сәтті болса, екіншісі көңілден шықпай жатады. Бұл фильммен маған дейін Ресейдің төрт режиссері жұмыс істеген. Солардың жұмысын сценарий авторы, көрнекті ақын Олжас Сүлейменов ұнатпаған. Олжекеңді ертеден білем. Киностудияда бірге істедік. Олжекең бұған дейін фильмге өзге елден мамандар шақырғанын, олардың бәрі көңілден шықпағанын айтып: «Мен енді режиссер қазақ болғанын қалап отырмын» деп маған ұсынысын айтты. Екеуміз келісіп, жұмысқа кірістім. Махамбет рөліне актер Берік Айтжановты лайық көрдім. Беріктің кинодағы бағын Махамбет ашты. Исатайды Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов сомдаса, Баймағамбетті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Әбділманов ойнады. Туындыны белгіленген мерзімде аяқтадық. Олжекең оны көріп, бір басылымға «Махамбет арқылы ұлттық киноның жаңа бір кезеңі басталды» деп мақала жазыпты.
– Қазір осы көркем дүние экраннан көрінбейді.
– Оның себебі бар. Біреулер фильмді «Қазақстанда көтеріліс жасаудың оқулығы» деп айтқан екен. Осы ұшқары пікір оның жолын бөгеп қойды. Енді көрсетіледі деп ойлаймын.
– «Жерұйықты» да көрермен жылы қабылдады. Оның да жанды тебірентетін тұстары жетерлік.
– Өзім Ресейдегі Новосібір облысы, Шылым ауданы деген жерде өмірге келгем. Бірақ кішкентай күнімде әке-шешем Павлодарға қоныс аударған. Ол кезде шекара ашық. Сондықтан балалық шағымнан ұлтаралық қатынастардың қыры мен сырын жақсы білемін. Қазаққа олардың көзқарасы бірқилы түзу болды деп айта алмаймын. Адамның ішін қынжылтатын жайттар кездесті. Әсіресе, мұғалімдер тарапынан. 7-сыныпқа дейін мектепте үздік оқыдым. Бір төрт алып көрген емеспін. 9-сыныпта бір орыс мұғалімі әдебиеттен жазған шығармама екі қойыпты. Мен оған қатты ренжідім. Әлгі оқытушыға: «Жазған шығармамды беріңіз. Қатемді көрейін десем», маңайына жуытпайды. Онда бұл «әдейі жасалған әрекет» дедім де, автобусқа отырып, аудандық оқу бөліміне барып, болған жағдайды айтып бердім. Өзім көрші ауылдағы ағамның үйіне кетіп қалдым. Айтқан шағымым бойынша ауылға комиссия келіп, әлгі мұғалімнің жұмысын тексеріп, қызметінен босатады. Содан кейін мектебімізде шовинистік көзқарас өзгерді.
– Фильмнің идеясын қайдан алдыңыз?
– Бірде Алматыдағы Корей театры «Память» деген спектакль қойды. Соны барып көрдім. Қойылымның мазмұны маған ұнады. Баяғыда нағашы әжем Ырсалды ауылға келген өзге ұлт өкілдерін қалай қарсы алғандарын айтып отыратын: «Шымнан соғылған қуықтай үйімізге неміс пен чешенді бала-шағасымен кіргізіп, үш отбасы бір шаңырақтың астында тұрдық» деп. Содан әлгі пьесаның авторы – корей жігітіне хат жаздым. Мына спектакльді кеңейтіп, кино түсірейік деп. Сценарийді Лаврентий Сон екеуміз жаздық. Фильмнің басты идеясы елімізге сонау қиын-қыстау жылдары жер ауып келген жұртты қазақтардың қалай қарсы алып, жарты нанды бөліп жегендерін көрсету болатын. Ондағы бас кейіпкер Орынбай – өмірде болған адамның прототипі. Оны талантты актер Болат Әбділманов ойнады. Ол күрделі образды жақсы ашты. Ал НКВД қызметкерінің рөлін белгілі режиссер, актер Нұрқанат Жақыпбаев сомдады. Бір сөзбен айтқанда, кинода адамдардың қилы тағдыры арқылы тарихи кезең шындығын ашуға тырыстық. Оған өзім басымнан кешкен оқиғаны сыналап кіргіздім.
– Қандай?
– Фильмнің басында шаңғы теуіп келе жатқан Орынбайды соңынан қасқырлар қуатын эпизод бар. Бұл оқиға менің басымнан өткен. 8-сыныпты кеңшар орталығындағы интернатта жатып оқимын. Жаңа жыл қарсаңы. Мерекені үйден қарсы алсам деп ойладым. Одан әрі қысқы каникул. Біздің ауыл совхоздан отыз шақырым. Ортада бір ауыл бар. Содан шаңғымен жолға шығып кеттім. Күн шайдай ашық. Беліме кішкентай балта қыстырып алдым. Шаңғыны өте жақсы тебемін. Сонымен, аппақ қар үстімен зырғып келемін. Жолдағы ауылдан өттім. Күн райы бұзыла бастады. Жел күшейіп, сырғыма жел тұрды. Ымырт жабылды. Көзге түрткісіз қараңғылық орнады. Желден ықтап, бағытымнан сәл қиыс кетіппін. Бір нәрседен сезіктенгендей болдым. Артыма бұрылым қарасам, жер бауырлап үш қасқыр келе жатыр. «Біттім» деп ойладым. Зәрем зәр түбіне кетті. Көзім алдымда тұрған маяға түсті. Арақашықтық – 20-30 метр. Соған жетуге асықтым. Шаңғыны босатып, қолыма балташамды алдым. Маяға жетіп, шөпті үңгіп кіріп кеттім. Олар маяны айналып, үстімнен түссе, шаруамның біткені. Бар қаруым – балтам ғана. Қасқырлар маяға таман жерде шоқиды да отырды. Сөйтіп, бір-бірімізді аңдып отырғанда көзім ілініп кетті. Оянсам, үстімде ақ тышқандар секіріп жүр. Жұлдыздар аспанға іліп қойған шам секілді, жарқырап тұр. Сол түні маяға қонып, ертемен үйге аман-есен жеттім. Әке-шешемнің дегбірі кетіп, алаңдап отыр екен. Ал фильмде Орынбай маяны өртейді.
– Көркем ғана емес, деректі киноның да шеберісіз. Осы бағытта біраз дүние жасадыңыз…
− Менің алғашқы режиссерлік жұмысым деректі фильмнен басталған. 1989 жылы алғаш Наурыз мерекесі тойланғанда «Армысың, Наурыз!» деген деректі туынды түсірдім. «Қағажу ауыл», «Террордың қанқұйлы іздері» және академик Қаныш Сәтбаев туралы фильмдерім де көрермен ықыласына бөленді. Балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаев пен Қазақстанның халық әртісі, атақты актер Кененбай Қожабеков туралы «Төзім» деген толықметрлі деректі фильм түсірдім. Сонымен қатар жоғарыда айтқан Тоқтар Әубәкіров туралы екі бөлімді деректі туындыны аяқтадым.
− Аға буын өкілі ретінде жас режиссерлерге не айтар едіңіз?
− Алдымен жас режиссерлер туған халқының тілі мен тарихын терең түсініп, ұлттық құндылықтарды, кісілік қалпымызды, бекзаттық болмысымызды танытатын тақырыптарға кеңірек барса деймін.
− Әңгімеңізге рахмет.