Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович қазіргі Мемлекет басшысы Владимир Зеленскийге кез келген тәуекелге бару арқылы қантөгісті тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Януковичтің айтуынша, қақтығысқа қатысы бар тараптар бейбіт келісімді күтуде.
«Мен сіздің «кеңесшілеріңіз» көп екенін жақсы түсінемін, бірақ сіз қантөгісті тоқтатып, бейбіт келісімге келуге міндеттісіз. Бұндай қадамды сізден Украина, Донбасс және Ресей тарапы күтіп отыр. Дұрыс қадамға барсаңыз, сізге украин халқы мен Батыстағы серіктестеріңіз риза болады», делінген экс-президенттің үндеуінде.
Ресей мен Украина делегациялары келіссөздерінің үш раунды Беларусь аумағында өтті. Екінші раунд барысында тараптар азаматтарды эвакуациялау, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді бірлесіп қамтамасыз ету туралы түсінікке қол жеткізді. Келіссөздердің төртінші раунды жақын арада өтеді деп күтілуде.