• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2022

Қонаев музейі ашылды

1037 рет
көрсетілді

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев­тың туғанына 110 жыл толуына орай Талас ауданының орта­лы­ғы Қаратау қаласында ғылы­ми-практикалық конференция өтті.

Аталған шара қайраткердің өмірі мен шығармашылығына арналды. Конференцияға Жамбыл облысы әкі­мінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Д.Қонаев атындағы Халықаралық қор­дың вице-президенті Болат Байбол, облыстық «Қонаев қорының» төрағасы Әлімбек Жұмабаев, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек және ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсем­әлі Сәт­тібайұлы, филология ғылымдары­ның док­торы, профессорлар Сәмен Құлбарақ, Меруерт Көпбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ермек Серікбаев және Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбса­дықұлы баяндама жасап, Д.Қонаев­тың жалпы өмір жолындағы өнегелі істері мен ел үшін сіңірген еңбегін атап өтті. Сондай-ақ Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың вице-президенті Болат Байбол қайраткердің өнегелі өмірін жастарға үлгі ету, насихаттау қажеттілігін айтса, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кә­рібек ел экономикасы мен мəдениетін дамыту жолында аянбай еңбек еткенін жеткізді. Конференция соңында бірқатар аза­маттар Дінмұхамед Қонаевтың 110 жыл­дық мерекелік медалімен марапатталды.

Бұдан кейін Қаратау қаласының орталығынан Дінмұхамед Қонаев атын­дағы музей ашылды. Нысан заманауи үлгіде салынған. Мұнда көрнекті тұл­ғаның өзі пайдаланған бірқатар заттарымен қатар, қайраткердің өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттер, кітаптар және өзге де құжаттар қойыл­ған. Нысанның жалпы ауданы 216 шар­шы метрді құрайды. Ғимарат үш бөлмеден тұрады. Аталған мұражайдың лентасын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Д.Қонаев атындағы ха­лықаралық қордың вице-президенті Болат Байбол мен облыстық «Қонаев қорының» төрағасы Әлімбек Жұмабаев қиды. Сондай-ақ музейдің ашылу салта­натына арнайы келген Болат Байбол Дінмұхамед Ахметұлының киім­­дерін, чемоданы мен қолданған ыдыс-аяқ­тарын және көрнекті тұлғаның жаз­ған кітаптарын мұражайға тарту етті.

 

Жамбыл облысы