• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2022

Онкология саласының негізін қалаған Сәкен Нұғмановтың есімі жаңғырды

466 рет
көрсетілді

Бүгін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті әйгілі дәрігерлер мен оқытушылардың есімдерін есте қалдыру дәстүрін жалғастырды. Осылайша Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтындағы ҚазҰМУ онкология кафедрасына отандық онкологиялық қызметтің негізін қалаған Сәкен Нұғмановтың есімі берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүгін онкологтар мен радиологтар үшін маңызды күн. Онкологиялық қызметте талай мақсаттарға қол жеткізілгенімен, бірқатар мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі уақытта профессор Сәкен Нұғманұлы бастаған істі оның шәкірттері жалғастырып жатыр. Онкология кафедрасы онкологиялық көмек көрсететін барлық ұйымдарда жұмыс істейтін мамандарды оқытады. Ендігі жерде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы, профессор Сәкен Нұғманұлы Нұғмановтың есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталатын ғалымдар, дәрігерлер мен оқытушылар қатарынан лайықты орын алды», деді ҚазОжРҒЗИ Басқарма Төрайымы, Қазақстанның бас онкологы Диляра Қайдарова.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Нұғманұлы Нұғманов Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері, Бүкілодақтық онкологтар мен акушер-гинекологтар қоғамының Басқарма мүшесі, Қазақстан онкологтары ғылыми-медициналық қоғамының төрағасы, кіші медициналық энциклопедия редколлегия кеңесінің мүшесі, КСРО ХҒА Президиумы жанындағы қатерлі ісік жөніндегі Ғылыми кеңестің мүшесі, Қазақ Кеңес энциклопедиясы редколлегия кеңесінің мүшесі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы болды. 1962 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының онкология кафедрасын ұйымдастырып, оны басқарды. 1971 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының онкология кафедрасының негізін қалап, өмірінің соңына дейін басқарды.

«Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде болашақ ұрпақ үшін бәрін жасаған, жаңа орталықтар ашып, іргелі зерттеулер жүргізіп, әлемдік және отандық денсаулық сақтаудың дамуына зор үлес қосқан көрнекті профессорларға құрмет көрсету үшін биыл біз университетте осындай арнайы жобаны іске қостық. Мен онкология институты мен онкология кафедрасының ашылу тарихын зерттегенде, барлық республикаларда осындай бірінші санаттағы онкологиялық ҒЗИ ашылған кезде тек Мәскеу қаласында ғана институттармен бірге Қазақ онкология және радиология институты болғаны таң қаларлық жағдай болды. Олар біздің мамандарымыздың 25 сомнан көп алатындығымен ерекшеленді. Мұнда бірегей зертханалар ашылды, мен өзім фармаколог болғандықтан, бұл бірегей фармакология зертханасы деп толық айта аламын. Қазір онкологияны емдеуде қолданылатын көптеген дәрі-дәрмектер, олардың негіздері осы жерде жасалды. Бүгін маған Сәкен Нұғманұлы Нұғманов атындағы ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасына берілетін сертификатты табыстауға рұқсат етіңіздер. Бұл шешімді университет Сенаты қабылдады. Сенат атынан, университет атынан және жеке өз атыңыздан осы сертификатты кафедра меңгерушісі Диляра Радикқызы Кайдароваға табыстауға рұқсат етіңіздер», деді ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин.

Ұлы профессордың есімін берудің салтанатты іс-шарасына Сәкен Нұғмановтың студенттері қатысып, оның еңбексүйгіштігі мен дәрігерлік, сондай-ақ педагогикалық қасиеттерін еске алды.

С.Н.Нұғманов ғылыми, ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметтерімен бәрге үнемі дәрігерлік міндет майданында жүрді. Оның қатысуынсыз немесе кеңесінсіз бірде-бір күрделі операция өтпеді. Ол науқастардың сеніміне ие болған дәрігер және Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері атағына шын мәнінде лайықты тұлға еді.

«Құрметті әріптестер, мен өз сөзімді «Әйтеуір» сөзімен бастағым келіп отыр. Баршаңызды осы айтулы күнмен, біздің кафедраға ұлы ұстаз Сәкен Нұғманұлы Нұғмановтың есімін беру мерекесімен құттықтағым келеді. 1975 жылы хирургия дәрігерлерін жетілдіру институтының операциялық бөлімінде таңертең операция бөлмесіне келгеніміз есімде. Операциялық үстелде 2 хирург тұр еді. Сәкен Нұғманұлы операция жасап жатты, бұл менің өмір бойы есімде қалған көрініс – қазақстандық медицинадағы екі ұлы хирургтың бір операциялық үстелде мейірбикеге операция жасаған кезі болатын»,  деді ҚазҰМУ онкология және радиология кафедрасының бұрынғы меңгерушісі Бахыт Қайдаров.

Бахыт Қайдаров кафедраға Сәкен Нұғмановтың есімін беру туралы ұсыныс бірнеше рет, алдымен 80 жылдары, содан кейін 2000 жылдары шығарылғанын, бірақ университет басшылығы сол күндері бұл істі аяқтамағанын еске салды.  

Сәкен Нұғмановтың қызы, профессор Жәмилә Сәкенқызы Нұғманова: «Онкология кафедрасына әкемнің атын беруде мен жеке өзімді байланыстырушы жіп деп бағалаймын. Бұл жіп үзілмейді, ұрпақтар сабақтастығы біздің медициналық мамандығымыздың негізгі тірегі болып жалғаса берсін» деп ризашылығын білдірді.