Франциялық «ПСЖ» футбол клубының шабуылшысы Неймар испаниялық «Реалға» қарсы өткен ойыннан кейін команда қақпашысы Джанлуиджи Донаруммамен ерегісіп қалды деген әңгіме тараған болатын. Футболшы бұл сыбысты жоққа шығарған жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жарияланған жаңалықтар туралы әңгіме қозғағанды жек көремін. Киім ауыстыратын бөлмеде ешқандай төбелес болған жоқ. Өз жұмысына салғырт қарайтын журналистер біздің атымызды пайдаланып танылғысы келеді. Екеумізді төбелесе жаздады деген де бос әңгіме. Сондықтан мұндай әңгімелерге назар аудармаған жөн», деп жазды футболшы инстаграмда.
Сондай-ақ бразилиялық шабуылшы WhatsApp-тағы екеуара жазбаны да жариялады. Алдымен Донарумма Неймарға қайырылған екен. «Ей, Ней, кешегі әңгіме үшін кешір. Мұндай жаңалықтар миға қонымсыз», деген Донарумманың жазбасына Неймар: «Досым, футболда мұндай дүниелер болып тұрады» деп жауап берген.