• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 13 Наурыз, 2022

Елді тыңдаудың үлгісі

1298 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдың алдында «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жайлы айтып: «Азаматтардың бар­лық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын тұжырымдаманы іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», деген болатын. Президентіміз жоғарыдағы мәселені ­жылдың басында тағы да еске салып: «Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құ­ра­мыз. Бұл – асыра айтқандық емес. Шын мәнінде, мемлекет өз азаматтарының пікірін мұқият тыңдауы қажет» деді.

Осы орайда, бұқараны басқарудың ең биік мінберінен айтылған жоғарыдағы сөз әрине орындалуға тиіс. Бірақ қазіргі жағдайда атқарушы билік ұзақ жыл әміршілдік тәртіпке бағынып, тек орындаушылық қабілетке иек артып, қоғаммен қатынас, бұқарамен жұмыс, елдің мұңын тыңдау сияқты келелі істерді қожыратып алған тәрізді. Ол үшін Абай атамыз айтқандай, «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» керек болар. Бірақ бұндай кемел қасиет кез келген шенеуніктің бойынан табылады дегенге сену қиын.

Ендеше, осындағы жоқ сенімді ке­ті­ре­тін, билік пен бұқараны бір-біріне жа­қын­дас­ты­ра­тын һәм елді қалай тыңдаудың үлгісін айтпаймыз ба? Атамыз қазақ жеке-дара қауым болып қалыптасқан әлімсақтан бері елді тыңдау, көптің көңілін табу, бұқараның кө­ке­йіндегі арман-аңсарын білуді ең басты орынға қойған. Басқаны айтпағанда, кешегі Ке­ңес заманының өзінде елді тыңдайтын, аттандамай-ақ ауыл-аймақты аралап, халықтың жай-жапсарымен танысатын тұлғалар болды.

Соның бірі – мемлекет және қоғам қай­раткері Ілияс Омаров. Осы кісі 1955-1959 жыл­дары Солтүстік Қазақстан облысы партия ко­митетінің хатшысы қызметін атқарыпты. Қайраткер ағамыз базбіреулер тәрізді кең кабинетте көміліп отыра бермей, үздіксіз ел аралап, халықтың үніне құлақ түріп, қоғамның тамыр бүлкілін бағамдап, содан қорытынды шығарады екен.

«Сол жылдары астық бітік шықты. Жай­қал­ған дәнді шығынсыз жинап алу үшін жанталас басталды, – деп жазады өзінің естелігінде обком хатшысы Омаров. – Күзгі шабыспен бірге Орталық комитеттің кезекті пленумы ауылшаруашылық мәселесіне арналатын болды. Мен баяндама жасауға бір аудан, бір колхозды белгілеп алып жолға шықтым. Аупартком хатшысымен колхоздың егін бригадасына келдік. Құлақшынның бір құлағы төбесіне қайырылған, екіншісі құлағы жұлынған бір қария күрекпен бидай аударып жатыр екен. Келіп амандастық. Ол бізді кісіге санамай жұмысын жалғастыра берді.

 – Сіз, – деді, – шамасы жаңа келген хатшы емессіз бе? Өзім де солай топшылап тұрмын. Екі апта бұрын радиодан сөйлеп, егінді орақ, шалғымен шабу керек дегеніңізде өзіңізді ақымақ па деп едім. Өйткені бұл күнгі егін жекенің еккен егіні емес. Оны қол орақпен қалай шабамыз. Екі күн бұрын тағы да радио­дан сөйлеп, лобогрейкалардың қалқанына киіз қағып, жұмсартып шауып келе жатқанда егінді шөпке жапырмай, алақанға салғандай құлату жолын ұсындыңыз. Жығылып жатқан егінді қарсы жағынан шабу әдісін кей жерде қолданып жатқанын хабарладыңыз. Сонда мен: «Бізге ақымақ емес, ақылды басшы келген екен деп сүйсіндім. Иә, балам, жолың болсын», – деді.

Мен БКП(б) Орталық комитеті пленумы болғанын, ауыл шаруашылығы туралы арнайы қаулы қабылданғанын, осыған байланыс­ты колхоз орталығында болатын жиналыста баяндама жасайтынымды айтып, қарттың жиналысқа келуін өтіндім.

– Жоқ, – деді қарт. – Мен сауатты адам­мын.­ Қаулымен де таныспын. Бірақ қазіргі бастықтар мәселені орынды көтереді де, аяғын ұрандатып тастай салады. Егер сіз баяндамаңызда ана қаулыны біздің колхоз көлемінде қалай қолдануды нақтылап берсеңіз, құба-құп. Әйтпегенде, бәрі бекер. Сіз айыпқа бұйырмаңыз, мен жиналыста емес, мына қырман басында тұрғанда қоғамға көбірек пайда келтіремін...

Қарт маған көп ой салды. Мен колхоз орталығына келіп, баяндамамды шыт жаңа қайта қарап, әрбір істі нақтылауға тырыстым. Бұрынғы баяндамам, қарт айтқандай, жал­пы­­лама болып кеткен екен. Әбден әбігерге түс­тім. Ақыры жиын сәтті өтті, баяндамам жұрт­қа ұнады. Осылай қарапайым бір қария­ның ақылы мен тәжірибесін тыңдаудың арқа­сын­да ісім жүйесін тапты».

 Қазақ халқы «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаған ғой. Халық арасында, ел ішінде істің жүйесін білетін, хатшыға жөн сілтеген қария сияқты адамдар әлі де баршылық. Әттең, оларды тыңдайтын Ілекең сияқты парасатты «құлақ» болса еді.