Бұл туралы Мәжілісте ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде «Бейбіт жиналыстар туралы» Заңға сәйкес өз талаптарын ашық түрде мәлімдеу бойынша азаматтардың құқықтары сақталды. Барлық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көтерілген мәселенің нақты шешімдері ұсынылды.
«Бірақ өкінішке қарай араға арандатушылар қосылды. Нәтижесінде, бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты. Оның ішінде авто және теміржолдар жабылды. Вокзал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл қойылды. Қызметтік автокөліктер өртелді. Мемлекеттік органдардың ғимараттары қоршалды. Заңды талаптарға бағынбай, қарсылық көрсетілді. Соның өзінде, полиция ешқандай күш қолданған жоқ. Бұл жағдайды пайдаланып, мыңдаған бүлікшілер полицияға шабуыл жасады. Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы және ұйымшылдығы байқалды», деді министр.
Марат Ахметжановтың атап өтуінше, бүлікшілердің әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдастырылған. Темірлер, тастар, таяқтар және тағы басқа құралдар іске қосылды.
«Осыған орай, шұғыл түрде азаматтар мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында жаппай тәртіпсіздікті тоқтату қажет болды. Тек осы сағаттан бастап полиция қызметкерлері адамның өміріне қауіп төндірмейтін арнайы құралдармен жабдықталды. Алайда, бүлікшілер бұнымен тоқтаған жоқ. Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады. 2 800-ден астам қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұрланды», деді министр.