Ұлыбританиялық кәсіпқой боксшы Дэнни Дигнум қазақ оғланы Жәнібек Әлімханұлына қарсы өтуі тиіс жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әлем чемпионы атағы үшін талас – өмірде бір берілетін мүмкіндік. Мен бокспен тоғыз жасымнан бері айналысып келемін. Сондықтан да өзіме берілген мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін барымды салуға тиіспін», деп жазды Дигнум өзінің твиттердегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы атағына таласады. Бұған дейін отандасымызбен жұдырықтасудан америкалық Деметриус Андраде, бразилиялық Эскива Фалькао, мексикалық Хайме Мунгия бас тартқан болатын. Қысқасы, АҚШ-қа ерте барған Жәнібек осылайша үш боксшы үшін отыз күнін жоғалтқан болатын. Енді қырық күн күткен қарсыласы шаршы алаңға шығуға бекініп отыр. Ол да айнып қалмаса игі еді.