Сырттан келетін немесе сыртқа кететін қолма-қол ақша декларациядан өтуі керек. Бірақ осы заңды елей бермейтіндер бар. 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғалар шетелдерге декларацияланбаған 995 410 долларды алып кетпекші болып ұсталған. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада айтылды.
2022 жылдың тек ақпан айының өзінде «Жетісу», «Әуежай-Астана», «Әуежай-Ақтөбе», «Қазығұрт», «Әуежай-Шымкент», «Әуежай-Актау» кеден бекеттерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаттарын алып кетудің 51 дерегі анықталған. Олардың жалпы сомасы 995 410 долларды құраған.
Жалпы, биылғы ақпан айында 50 әкімшілік құқық бұзушылық туралы, материал толтырылған. Соның ішінде тауарларды, қолма-қол қаражатты, ақша құралдарын декларацияламау немесе кедендік декларациялауды анық мәлімдемеу, құжаттарда мағлұматтарды ашып жазбау секілді заң бұзушылықтар бар. Мұндай анықталған деректерге барлығы 1 531 500 теңге айыппұл салынған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, Алматы қаласында 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғаларға 37 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар толтырылған және қылмыстық құқық бұзушылық сипатындағы бір дерек анықталған. Жеке тұлғалар 298 млн теңгеден астам, нақты айтқанда 688 262 долларды декларацияламастан алып өтпек болған, оларға салынған айыппұл көлемі– 1 133 310 теңге.
Алматы қаласының халықаралық әуежайында «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері «Алматы – Ыстанбұл» қатынасындағы әуе рейсімен ұшуға бағытталған Қазақстан азаматын тоқтатқан. Оны ұстау кезінде 97 мың доллар сомасында декларацияланбаған ақша қаражаты анықталған. Материал одан әрі тергеу үшін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.
Ал елордада 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғаларға 9 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар толтырылған. Бұл азаматтар 101 341 421 теңгені декларацияламастан алып өтпек болған, олар 275 670 теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
«2022 жылғы 11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында «Нұр-Сұлтан – Анталья» халықаралық әуе рейсімен ұшып бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірге Қазақстан азаматтарын ұстады. Олардан 32 552 доллар көлемінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері тағы бір азаматты ұстап, одан 43 070 доллар сомасында декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 343-бабы 1-тармағының 7-тармақшасы бойынша қолма-қол ақша міндетті түрде кедендік декларациялаудан өтуге тиіс екенін еске салады. Кеденнен өтерде қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығу тегі және мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, сырттан әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасы, басқа да ақша жазбаша түрде нақтыланып, расталуы керек.
Мамандардың айтуынша, жеке тұлғалар тек 10 мың доллар баламасына тең немесе одан аспайтын қолма-қол ұлттық және шетел валютасын Қазақстанға әкелуге немесе алып шығуға құқылы.