Сырмақ сыру, алаша тоқу сынды ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан өнерін жаңаша стильде қайта жаңғыртып, төрімізге шығарып жүрген суретшілердің қолдарына Құдай қуат берсін дейміз. Күні кеше Өскемендегі облыстық өнер музейінде «Туған өлкенің палитрасы» атты кескіндеме және сәндік қолданбалы өнердің көрмесі ашылды.
Сонау Алатаудан Алтайға ат арытып, суретшілер Гүлжамал Тагенова мен Гүлжанат Қабижановалар ерекше көрме әкелді. Екеуі де Шығыстың тумалары болғандықтан, көрме атауын «Туған жердің палитрасы» деп қойған екен. Өнер музейіндегі екі залға ілінген туындылардан туған жердің, ауылдың иісі аңқып тұрды. Бояулары ойнақы, қанық әрі мағыналы деп өнертанушылар, көрермендер өз бағаларын беріп жатты. Әсіресе, ортадағы дастарқанда жатқан қызылды-жасылды жіптен тоқылған алмалар көптің көңілін аударды. Шынайы алмадан айырмашылығы жоқ. Өнердің қасиетін түсінетіндер асқан шеберлікпен жасалғанын бірден аңғарады.
Қазіргі таңда туған жерлеріне келіп көрме өткізіп жатқан екі суретші де өнер ордасы – Алматыда тұрады, сонда қызмет етеді. Есімдері елімізге танымал шеберлер қазақтың ұлттық өнерін алыс-жақын шетелдерге де танытып жүр.
Гүлжамал Тагенова Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көптеген байқаудың жеңімпазы, халықаралық пленэрлер мен симпозиумдардың қатысушысы және дипломанты. Өмірін өнерге арнаған ол «Сымбат сән» академиясында сурет пен кескіндемеден сабақ береді. Ал Гүлжанат Қабижанова педагогика ғылымдарының кандидаты. Бейнелеу өнерінің көптеген саласында шығармашылық тәжірибесі бар. Атап айтсақ, кітап графикасы, гобелен, киіз, батик, интерьер диза- йны сынды салаларын әбден меңгерген. Соңғы жылдары кескіндемемен ғана емес, киізбен жұмыс істеуді қолға алған. Сонымен қатар табиғи жібек пен киізден сәнді киімдер тігіп жүр. Бұл жұмыстары үшін Қазақстан Суретшілер одағының алтын медалімен де марапатталған.
– Зайсан қаласында туып-өстім. Мектепті тәмамдаған соң арман қуып Алматыға кеттім. Содан бері өнер жолында еңбек етіп келемін. Ал туған өңірде алғаш рет көрме өткізіп отырмыз. Көрермендердің қызығушылығына риза болдым. Бұған дейін шетелдерге көп шақырту алып тұрдық. Бұдан былай Өскеменге жиі келеміз. Кейінгі жылдары тоқыма өнерімен, гобеленмен, кестемен айналысып жүрмін. Суретші болған соң кескіндеме, акварель, графиканы да тастамаймыз, – дейді суретші Гүлжанат Қабижанова.
Айта кетсек, екі суретшіміз де Халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының мүшесі. Ұлттық өнерді әлемдік деңгейге көтеру бағытында аянбай еңбек етіп келе жатқандықтарын, Өскемендегі көрмеден-ақ көруге болады. Суретшілердің айтуынша, «Туған өлкенің палитрасы» атты көрмеге қойылған жұмыстарға сұраныс болса, сатылуы да мүмкін. Көрме 10 сәуірге дейін жалғасады.
Шығыс Қазақстан облысы