«Matchroom Boxing» промоутерлік ұйымының жетекшісі Эдди Хирн аса ауыр салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген ұлыбританиялық боксшыға қарсылас іздеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әуелде Энтони Джошуа WBA (super), IBF, WBO және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, украиналық Александр Усикке қарсы шаршы алаңға шығуы керек болған. Алайда Александр Усиктің Отанын қорғау үшін Украинаға кетуіне байланысты Джошуаның промоутері боксшыға басқа қарсылас іздеуді бастады.
Бастапқыда Энтони Джошуаның Деонтей Уайлдер, Джо Джойс, Луис Ортис, Отто Валлин секілді боксшылармен жұдырықтасуы ықтимал екені туралы ақпарат тараған еді. Енді Эдди Хирн тізімдегі төрттіктің санын екеуге дейін қысқартқанды жөн деп тауыпты.
«Жақында ғана Энтони Джошуа менен кімге қарсы шаршы алаңға шығатынын сұрады. Мен оған түптің-түбінде Александр Усикпен қолғап түйістіретінін, сондықтан солақай боксшымен жұдырықтасқаны жөн екенін айттым. Менің ойымша ол Луис Ортиспен немесе Отто Валлинмен кездеседі. Қалай болған күнде де алдағы шайқас Александр Усикке қарсы өтетін жекпе-жек алдында жақсы дайындық болатыны сөзсіз. Ал Усиктің командасы бізге хабарласып, Сашаның маусым айында шаршы алаңға шыға алатынын хабарласа, біз қуана келісім береміз. Егер олар Александр қазан айында дайын болады десе, біз аралық жекпе-жек өткіземіз», деді промоутер БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.