TECHNO CUP VI! атты республикалық пікірсайыс турнирі мәресіне жетті. Жеңімпаздар 2 млн теңгеден алды. Иә, бұл – әлі мектепті бітірмеген балалар үшін әжептәуір ынталандыратын сыйақы. Бірақ бұдан да үлкен олжа – олардың университет грантын жеңіп алғаны. Сайысқа 100-ден аса мектеп оқушысынан бөлек жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты.
7-11-сынып оқушылары мен ЖОО студенттері арасында TECHNO CUP VI! атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Оған іріктеу кезеңінен өткен 400 пікірсайысшы қатысты. Олардың арасында еліміздің әр өңірінен және республикалық маңызы бар қалалардан келген 128 мектеп оқушысы бар.
Турнирдің қорытындысы бойынша, Мектеп лигасында Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Әлішер Қуаныш пен Ақылжан Итеғұлов жеңімпаз атанды. Олар Сәтбаев университетінің білім грантын ұтып алды. Әлішер қазір 10-сыныпта, Ақылжан 11-сыныпта оқиды.
Жеңімпаз Ақылжан Итеғұлов: «Біз мектептегі пікірсайыс үйірмесіне екі жылдан аса уақыт қатысамыз. Пікірсайыс жарыстары бізге ұнайды. Өйткені онда шешендік өнерді, шеберлікті шыңдайсың, халық алдында сөйлеуді, сыни тұрғыдан ойлауды үйренесің. Сонымен қатар ой өрісің мен эрудиция дағдыларыңды дамытасың. Пікірсайыс турнирінің жеңімпазы атанып, Сәтбаев университетінің білім грантын жеңіп алғаныма өте қуаныштымын», деді.
Қазақ және орыс лигаларының жеңімпаздары, сондай-ақ турнирдің үздік спикерлері жалпы сомасы 2 млн теңгеден аса ақшалай сыйлық алды. Турнирде «Үздік төреші» номинациясының иегері де анықталды, аталған номинация бойынша Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Ульяна Вилемсон жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, турнир америкалық, британдық парламенттік пікірсайыс форматтарының ережелері және Линкольн-Дуглас ережелері бойынша өтті. Финалдық ойынның қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Патриот» пікірсайыс клубы үздік делегация болды.