• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2022

Иен жерге ие көбеймесін десек, жабылған шекаралық аудандарды қалпына келтіру керек

1164 рет
көрсетілді

Егемендіктің таңсәрісінде еліміздің экономикасы тұралап, барлық байланыстар үзіліп қалған кезде оңтайландыру саясаты жүргізіліп, 1997 жылы облысқа облыс, ауданға аудан қосылғаны аян. Сол қиын-қыстау кезеңде билік басындағылар мәселенің байыбына бармастан шекаралық аудандарды жауып, оларды көрші аудандардың қанжығасына бөктеріп жіберген. Алпауыт мемлекеттер өз шекараларын барынша бекітіп, қақпасына құлып салып жатқанда, Қазақстан шекаралық аудандарды таратып, саналы түрде ел іргесін жалаңаштап қойды.

Оның үстіне, өңірде бірқатар шекара заставалары жабылып қалды. Бұрын да, қазір де заставалар шекара бұзушылармен күресте шекара маңындағы ауыл-қыстақ тұрғын­да­рының көмегіне сүйенген. Ал қа­рай­ған халық түгел дерлік көшіп кетсе, шекарадағы санаулы сарбазда­ры кімге арқа сүйейді, кімге төтеп бе­реді? Естуімізше, Марқакөлдің ма­ңайына қытай азаматтары емін-еркін кіріп, сирек кездесетін шипалы өсімдіктерді жылан жалағандай етіп жатқан көрінеді. Марқакөл облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы шекаралық өңір. Кезінде 25-30 мыңдай халық тұрған өңірде қазір тұрғындардың үштен бірі ғана қалған. Майтерек, Ащылы секілді шағын ауылдарда бірер отбасы ғана қалса, кейбір елді мекеннің түтіні мүлде өшкен. Марқакөлдің бүгінгі сыйқы көңіл құлазытарлықтай. Ой жақтағы қай ауылға барсаңыз да, есік-терезесі үңірейген үйлер алдыңыздан шығады.

Екі ауданның қосылуының нәти­же­сінде ірілендірілген Күршім ауданы басқаруға келмейтін ебедейсіз аумаққа айналды. Аудан орталығы Күршім ауы­лының өзі облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасса, бұрынғы Марқакөл ауданының ауыл­дары Күршімнен әрі қарай 200-300 шақырымдай жерде қоныстанып, Қытай Халық Республикасымен шек­те­седі.

Кеңес өкіметі кезінде Марқакөл ауда­ны экономикасының негізі мал шар­уашылығы болатын. Ауданның сол кездегі 6 кеңшарында 25 000-ға дейін қой мен ешкі, 10-12 мың ірі қара, 8 мың­дай жылқы өсіріліп, 10-12 мың тонна астық өндірілетін.

Өңірде сол кезде облыстың оңтүстік аудандарын түгелдей құрылыс ма­те­риал­­дарымен қамтамасыз етіп келген 1 орман шаруашылығы, 2 орман өндірісі шаруашылығы, мемлекеттік қорық, 2 сүт зауыты, механикаландырылған құ­ры­лыс колоннасы, мұнай базасы, өзен пор­ты және басқа қажетті инфра­­құ­ры­лым­дар жұмыс істеген.

Содан бергі өткен 25 жыл шека­ра­лық аудандарды басқа аудандардың қанжығасына байлап жіберген Үкімет қаулысының дұрыс болмағанын айқын көр­сетіп берді. Себебі, жұмыссыз қалған халық шекаралық өңірден үде­ре көшті. Осылай жалғаса берсе, шекаралық аймақтар көрші елдің қан­жығасында кетуі әбден мүмкін. Хал­қымыздың «Бос жатқан жер жау ша­қы­рады», «Иен жерге ие көп» деген аталы сөздері бар. Демек, қаңырап бос қалған ауылдарға өзгенің тамыр жаймасына кім кепіл?

Күршім ауданына Марқакөлді қо­судың нәтижесінде соңғысында жұмыссыздық күрт өсті. Қатардағы жұмысшылар ғана емес, жоғары білімі, көп жылғы тәжірибесі бар әртүрлі мамандық иелері далада қалды. Олар жұмыс іздеп, республиканың үлкен қалаларына тарыдай шашырап кетті.

Шағын елді мекендердегі мектептер, барлық мәдениет ошақтары, дәрігерлік мекемелер, аудандық музыка мектебі, жасөспірімдер спорт мектебі, басқа да бірқатар ұйым мен мекемелер жабылып қалды. Кезінде облыс аудандарының ішінде жақсы жабдықталғандардың қатарынан саналатын бұрынғы орталық аудандық ауру­хана қазіргі уақытта жабылудың аз-ақ алдында тұр. Сол кездері аудан­дық туберкулез диспансері де жабылды. Бұл мекеменің жұмыссыз қалған мамандары да жан-жаққа бас сауғалап кетті. Бірақ аудан жабылды, аудандық аурухананың дәрігерлер штаты қыс­қар­тылды екен деп халықтың ауру-сырқауы тыйылған жоқ, қайта өрши түсті. Бұрынғы аудандық ауруханада білікті де тәжірибелі дәрігерлер қал­ма­ған­дықтан, халық дәрігерлік көмек алу үшін 200-300 шақырым жердегі аудан орталығы Күршім ауылына, Зайсан қаласына, тіпті 500 шақырым жердегі облыс орталығы Өскеменге дейін сапар шегуге мәжбүр.

Ауданның жабылуы, шекаралық өңір тұрғындарының өкіметтен, банк­тер­ден несие алуда өгей баланың кү­йін кешуіне әкелді. Бұл дегеніміз, ай­мақта шаруа қожалықтарын, ша­ғын және орта бизнесті дамытуға ке­дергі кел­тірді. Өңірде құрылып, табыс­ты жұ­мыс істеп жатқан шаруа қожа­лық­­­тары саусақпен санарлық қана. Мұн­да тікелей өндіріспен, өнімдерді өң­деумен ешкім айналыспайды. Бұл Марқа жерінде қолынан іс келетін аза­­маттар жоқ деген сөз емес. Небір іскер азаматтар жеке іс ашпақ болып, бизнес-жоспарларын жасап, қажетті құжаттарын толтырып, аудан, облыс орталықтарында сандалып, шаруаларын бітіре алмай шаршаған соң бәріне қолды бір сілтеп, басқа жаққа қоныс аударып кетті.

Марқа өңірінің тұрғындары бұрын­да­ры ауыл шаруашылығы өнімде­рін аудан орталығы Теректі (бүгінде Марқ­акөл ауылы) тұрғындарына апа­рып сататын. Соңғы ширек ғасыр­дан бері орталық Күршімде. Онда аудан орта­лығын бұрыннан ауыл­шаруа­шы­лық өнімдерімен қамтамасыз етіп келген өз шаруашылықтары жеткілікті. Амалы таусылған марқакөлдіктер өз өнім­дерін 500 шақырым жердегі Өске­менге апарады. Жеткенше сан түрлі ке­дер­гі бар. Паромның жырын айт­па­сақ та түсінікті.

Аудан орталығы Күршім селосынан Марқакөл өңірінің ешбір ауылына автобус қатынамайды. Жекеменшік көлікке мінсе, оның жолақысы қым­бат, себебі жанармайдың бағасы күн сайын өсіп отыр. Марқакөлден таулы Қаба жақ­қа баратын жолдың «жол» деген аты ғана қалған.

Тағы айта кетерлігі, «Семей ядро­лық полигонының зардаптарына байланысты тұрғындарды әлеуметтік қор­ғау туралы» заңды қабылдаған кез­де де Марқакөлге тиісті органдар әді­летсіздік жасаған. Бір таудың арғы жа­ғындағы Катонқарағай мен Үлкен Нарын, қол созымдағы Зайсан мен Күршім экологиялық аймаққа жат­ты да, Марқакөл ауданы бұл артық­шы­лық­тан құр қалды. Осы ақылға сыя ма?!

Шекаралық аудандарды ашып, шаруа­шылықтарды қайта құрып, жұ­мыс­пен қамтамасыз етсе, қалаға көшіп келіп, не үй ала алмай, не жұмыс тауып күнін көре алмай жүрген шекара ауылдарының тұрғындары қайта көшіп, үйреншікті ата кәсібімен айналысар еді. Ауылға көшетіндердің отбасы мүшелеріне көтермеақы беріліп, несие алуға көмек көрсетіліп, белгілі бір кәсіппен шұғылдануға жағдай жасалса, қазір бос жатқан жайлау төсі аз жылда малға толып, тусырап жат­қан егістік алқаптарында астық жай­қа­лып тұрар еді. Шекаралық аудан­дар қайтадан ашылса, үлкенді-кішілі қалалардағы тұрғын үй, аурухана, мектеп, балабақша жетіспеушілігі секілді мәселелер едәуір жеңілдей тү­сер еді. Өйткені ауданы жабылған ауыл­дар­да соның барлығы қаңырап бос тұр. Мысалы таулы Қаба өңіріндегі есік-тере­зелері ғана шегеленген ағаш үй­лер­ге қазір көшіп баруға болады.

Білеміз, еліміз еңсе түзеді, шай­қал­ған шаруамыз орнына келді. Тіпті жағдай түзелген соң өзгелерге қолұшын бере бастадық. Мақтан үшін өзгені жарылқаған жақсы шығар, дегенмен аз-маз жақсылығымыз болса, алдымен өз халқымызға жасайық та.

Аудан таратылғаннан соң өңір тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіруді өтініп, әр жылдары Премьер-Министр қызметтерін атқарған Н.Балғымбаевқа, Қ.Тоқаевқа, И.Тасмағамбетовке, Парламент Сена­ты­ның депутаты З.Батталоваға, №20 Зайсан сайлау округі бойынша Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты болған А.Қабанбаевқа жүздеген адам­ның қолы қойылған хаттар жолдаған. Мұн­дай арыз-өтініштер, бейнетаспаға жа­зыл­ған үндеулер ел билігіне қазір де жыл он екі ай жолданып жатқанымен жабулы қазан жабулы күйі қалып ке­леді.

Ауданы таратылып, жыртық ас­тау­дың қасында қалған тұр­ғын­дар­дың көз жасын көріп, олардың мұң-мұқтаж, арыз-арманына құлақ салған ешкім болмады. Өңірдің әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге тиіс әкім-қаралар жолы қиын болған соң ол жаққа ат басын бұр­майды да. Әртүрлі деңгейдегі құзыретті органдардың назарынан тыс қалған Төсқайың, Шана­ға­ты, Бұғымүйіз, Ақжайлау, Қарашілік, Теріскей Бөкембай, Күнгей Бөкембай сынды ауылдарға әлі күнге дейін су құбырлары тартылмаған. Марқа­көлдің жағасындағы 400-дей тұрғыны бар Ұранқай ауылында балаларды оқытуға қауіпті деп 2020 жылы мек­теп жабылып қалған, ал жаңа мек­тептің құ­ры­лысы әлі басталмаған. Оқушылар үйінен шалғайға басқа ауылдарға барып оқуға мәжбүр. Мұның өзі тұр­ғын­дар­дың бұл елді ме­кеннен де қоныс аудара бастауына түрткі болған.

Қорыта келгенде, Марқакөл ауданы таратылғалы бұл өңірдің экономикасы мүлде құлдырап, күйі кеткен жергілікті халық үдере көшіп жат­қандықтан шекаралық өңір бос қалу­ға таяды. Ал бұған жол беруге болмайды. Екіншіден, альпілік белдеуде орналасқан орманды, таулы, шөбі шүйгін бұл аймақ төрт түлік мал, марал өсіруге, омарта ұстап, ара шаруашылығын дамытуға қолайлы. Таулы Қаба аймағында ертеректе марал өсірген. Егер аудан қайта ашылса, өңірде шаруашылық дөңгелетуге мүмкіндігі зор. Үшіншіден, мұнда табиғаты әсем Марқа көлінің, Марқа­көл қорығының негізінде туризм­ді дамытуға әбден болады. Төртіншіден, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Марқакөл өңірінде бірнеше қола, алтын кеніштерінің жұмыс істеуі бұл өңірдің өнеркәсіптік бағыттағы мүм­кіндіктерінің де зор екенін көр­се­теді. Соңғы жылдары күмәнді рұқсат қағаздары бар әлдекімдер ол жерлерді бейберекет қопарып, жерді тас-талқан етіп, кенін қазып алып, тау өзендерін лайлап жатыр. Оның ішінде «Кемп Восток» ЖШС, «Майнинг» ЖШС, «Қазақмыс барлау» ЖШС, «Сұңқар» ЖШС тағы басқалары бар. Мемлекет бұлардың ашылуының заңды немесе заңсыздығын тексеріп, тәртіпке келтірсе, мұның өзі бюджетке түсетін салық пен басқа да төлемдердің қайнар көзі болар еді.

Ендігі уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы ағайынның осы жа­най­қайына үнсіз қалмас деп ойлаймыз.

 

Көпен ЕРҚАСОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі