Қызылордадағы Өңірлік коммуникациялар орталығында «Отбасы банк» пен БЖЗҚ облыстық филиалдары мамандарының қатысуымен брифинг өткізіліп, онда жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарында қолдану барысы туралы айтылды. Қаржы құрылымы облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев алдымен еліміз бойынша осы бағыттағы көрсеткіштерге тоқталып өтті.
Республика бойынша 74 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегінен асатын қаражатпен «Отбасы банктегі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) депозиттерін жалпы сомасы 129 млрд теңгеге толықтырған. Күн сайын бір мыңға жуық адам біржолғы зейнетақы төлемдерін банктегі жинақ шоттарына аударады, ондағы орташа сома 1,7 млн теңге.
Өткен жылдың 16 желтоқсанында тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, қазақстандықтар үшін «Отбасы банктегі» депозитті толықтыру мүмкіндігі қолжетімді болды. Оны жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтары алғашқы жарна ретінде қолдануға және тұрғын үйді толық сатып алуға жеткіліксіз болып тұрған азаматтар қолданды.
«Отбасы банктегі» депозиттерін толықтыра отырып, қазақстандықтар болашақ баспанасына қажетті қаражатты жинай алады. Өйткені бұл қаражатқа тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық стандартты шарттары тиесілі болады. Яғни БЗТ қосылған шоттарға жыл сайын 2% банк сыйақысы мен 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына 20% мемлекеттік сыйлықақы беріледі. Алғашқы жарна жиналғаннан кейін бұл депозиттің көмегімен банктен 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие алуға болады.
Enpf-otbasy.kz платформасының іске қосылғанына жылдан асты. Осы уақыт аралығында 623 мыңға жуық қазақстандық жалпы сомасы 2,3 трлн теңге болатын біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсаған. Бұл лектің алғашқы қатарында БЗТ-ін тікелей сатып алуға жұмсағандар тұр. Олардың саны – 238 мың. Екінші орында – зейнетақы қорындағы артық қаражатты емделуге жұмсағандар. Бұл мақсатты 149 мыңнан астам азамат таңдаған. Үшінші орында – «Отбасы банктегі» депозиттерін толықтырған қазақстандықтар тұр. Олар жалпы көлемі 129 млрд теңгеден астам соманы жинақ шоттарына аударған. Төртінші орында – несие бойынша қарызды өтегендер тұр, бұл опцияны 73 мыңнан астам банк клиенті қолданған екен.
Біржолғы зейнетақы төлемін «Отбасы банк» депозитіне аудару – болашақ баспанасына қаражат жинап жүрген жастар үшін – жақсы мүмкіндік. Қазір банктегі жинақ шоттарын жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарымен толықтырғандардың 30,4 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болып отыр.
«Отбасы банктегі» БЗТ қосылған депозит көмегімен үш жыл ішінде бір банктік қарыз шарты бойынша баспана алу үшін тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем алуға, соның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Сондай-ақ «Отбасы банкте» несиені қайта қаржыландыруға және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге (соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер телімін сатып алуды қоса алғанда) пайдалануға болады.
Осы жылдың 5 наурызынан бастап БЖЗҚ салымшысы шешімін өзгерткен жағдайда, «Отбасы банктегі» депозитті жаппай, БЗТ зейнетақы қорына қайтадан қайтару мүмкіндігі туып отыр. Бұрын бұл салымды тоқтату шартымен ғана жүзеге асырылатын. Азаматтардың өтініші бойынша «Отбасы банк» бұл процесті айтарлықтай оңтайландырды.
Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі көтеріледі. «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, ең төменгі жалақы, зейнетақы, күнкөріс деңгейі секілді бірқатар әлеуметтік көрсеткіштегі өзгерістерге байланысты, Үкімет белгілеген әдістемеге сай, зейнетақы жинақтарының жаңа жеткіліктілік шегі белгіленеді. Ал БЗТ-ін бұрынғы шекті мәндерге сәйкес пайдалану үшін қазақстандықтар 2022 жылдың 28-29 наурызына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы өтініш берулері қажет.
БЗТ «Отбасы банктегі» арнайы шотқа түскен күннен бастап салымшыға таңдаған мақсатын растап, қажетті құжаттарды тіркеп үлгеру үшін 20 жұмыс күні беріледі. Оны enpf-otbasy.kz порталындағы жеке кабинетте жасауға болады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша – 15, емделу бойынша 7 мақсат бар. Олардың әрқайсысы бойынша қажетті құжаттар тізімі порталда жарияланған.
Брифингте «Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев облыста зейнетақы қорындағы қажетті мөлшерден артық сомаға баспана алған немесе жинақ қаражатын толтырған тұрғындар көбейгенін де айтып өтті. Жалпы, еліміз бойынша жеткіліктілік мөлшерінен асқан соманы пайдалану бойынша Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары алда тұр.
Ал Қызылорда облысы бойынша зейнетақы төлемдеріндегі артық соманы 21 мыңнан аса тұрғын пайдаланған. Олардың көбі баспана сатып алған, сондай-ақ қордан алған ақшасын несиесін өтеуге, ем-домға жұмсағандар да бар.
Зейнетақы қорындағы артылған соманы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалану бойынша өңірде 1436 адам «Отбасы банктегі» қарызын ішінара немесе толық өтеген. Банктен ипотекамен үй алғандар саны – 647 адам. Бұған қоса, 7 734 тұрғын банктен несие алмай-ақ, қордағы артық ақшасына баспана сатып алған.
Жеткіліктілік шегінен асатын соманы жер телімін сатып алу арқылы жеке тұрғын үй құрылысына жұмсайтындар аз болып тұр.
– Бұл, біріншіден, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты, – дейді «Отбасы банктің» Қызылорда облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев. – Оның үстіне пандемия кезінде жеке үй құрылысы біраз кідіріп қалды. Осыған орай банк клиенттерінің көпшілігі артық ақшаны депозитке жинауды дұрыс көріп отыр. Бұл қаржыны 3 жыл көлемінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады.
Сонымен қызылордалық 21 мыңнан астам тұрғын зейнетақы қорындағы жеткіліктілік мөлшерінен асқан 47 миллиардтан астам қаражатын игілігіне пайдаланған.
Қызылорда соңғы жылдары құрылысы қарқынды дамыған өңірлер қатарынан көрініп жүр. Жыл сайын облыс орталығы мен аудандардан түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлердің өз қаражаттары есебінен көпқабатты үйлер салынып, мыңдаған адам көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп келеді. Бұл игілікті істе «Отбасы банктің» де үлкен үлесі барын айта кетуіміз керек. Осы жылы облыс орталығындағы «СПМК-70» шағын ауданында пайдалануға берілетін 640 пәтерлік 13 тұрғын үйге жергілікті тұрғындар «Отбасы банктің» несиелендіруінің арқасында қол жеткізбек.
Брифингте БЖЗҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Сәрсенбаев Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеруді кейінге шегеру туралы шешімі мыңдаған азаматарға үлкен қолдау болғанын айтып, артылған соманы пайдалану туралы өтінім жолдау тәртібі, БЗТ-нің арнайы шотта сақталу мерзімі туралы баяндады. Осы уақытқа дейін қорға келіп түскен кейбір өтінімдердің кері қайтарылғанын да жеткізді. Оның себебі әртүрлі. Бірінде сұратылған сома асып кеткен, өтінімдер бірнеше рет жіберілген деректер де бар. Тіпті кей азаматтар қорда жеке зейнетақы шоты болмаса да өтінім берген.
Сыр өңірінде 15 ай көлемінде 29 600 өтінім қабылданып, соның ішінде 22 334 өтінімге сәйкес 54 млрд теңгеден астам қаражат жіберілді. Қор өкілі мүмкіндігінше 31 наурызға дейін келіп түскен өтінімдерге сәйкес жеткілікті шегі бойынша қаражат аударылатынын айтты.
Сонымен қатар БЖЗҚ облыстық филиалына келген салымшылардың жеткіліктілік шегі жайлы ұсыныс-пікірлері жинақталып, тиісті орындарға жолданып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА