Нұр-Сұлтанда «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының тоғызыншы отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен іс-шараға министрлер, Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілері және бірқатар компанияның өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуге қатысушылар әлемде қалыптасып отырған қазіргідей жағдайда Еуропалық Одақтың, қатысушы елдердің және ЕО бизнес-құрылымдарының Қазақстан Республикасымен ынтымақтастығын дамыту мәселелерін қозғады.
Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас «өзара қатынастың барлық салаларында біз инвестициялардың экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және қаржылық тұрғыдан тұрақтылығын қамтамасыз етуге шақырамыз. Орнықты өзара байланыс біздің ынтымақтастық бағдарламаларымыздың негізгі басымдығы болады», деді өз сөзінде.
Француз Республикасының Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс «Қазақстандағы таза және тиімді теміржол секторына арналған жасыл сутегі» тақырыбында баяндама жасады. Онда Қазақстан ұзындығы 16 000 шақырым ірі теміржол желісі бар әлемдегі аумағы жағынан тоғызыншы ел екеніне тоқталды.
Дидье Канесс «теміржол арқылы жүк тасымалының үнемі артуы олардың декарбонизациясы үшін қолжетімді құралдар туралы мәселені туындатады. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қ. Тоқаевтың «жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін» дамыту басымдыққа ие» деген бағасы өзекті екенін» атап көрсетті.
Елші француз және еуропалық компаниялардың Қазақстанмен осы саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін растады, сондай-ақ бұл Қазақстанға жаңа технологиялардың көмегімен «экологиялыққа» өту үшін мүмкіндіктер бере отырып, теміржол секторының әлеуетін толық көлемде пайдалануға және Жасыл Жібек жолы құрылысында көшбасшы ел болуға жол ашатынын айтты.
Сондай-ақ транзиттік әлеуетті дамыту және Қазақстан темір жолдарын жаңғырту тақырыбын Қазақстандағы Испания Корольдігінің елшісі Хорхе Урбиола да қолдады.
«Қазақстанның қазіргі таңда ірі өңірлік транзиттік тораптардың біріне айналуға бірегей мүмкіндігі бар», деді ол.
Бұған қоса, «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының тоғызыншы отырысы аясында мынадай шетелдік компаниялар өкілдерінің: «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері туралы DB Engineering & Consulting GmbH; Қазақстандағы ұялы байланыстың перспективалары және кибернетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша VEON/KaR-Tel компаниясының баяндамалары тыңдалды.
Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы өзара сауда көлемінің $28,9 млрд дейін артқанын атап өтті, бұл 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 21,4%-ға жоғары.
«Біз жаңа ұсыныстарды талқылауға және қазіргі геосаяси конъюнктура жағдайында барынша жұмыс істеуге дайынбыз. Біз стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін, әсіресе жаңа тәсілдер мен кооперацияларды қажет ететін жаңа сын-тегеуріндер кезінде бірлескен жұмысымызды одан әрі жалғастыруымыз қажет», деп түйіндеді Ә. Смайылов.